Ұлының ұлағатын ұғыну

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазіргі жаһандану заманында Қазақстан халқының әл-ауқатын көтеру, ынтымақ бірлігін арттыру, патриотизмді нығайту, салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен бірегей ұлттық кодымызды сақтау сияқты маңызды басымдықтар қарастырылған. Барша қоғам осы идеяны темірқазық ете отырып, жүзеге асырылып жатқан Үшінші жаңғыру аясындағы экономикалық өрлеу мен саяси реформалармен қатар, қоғамдық сананы да жаңғырту жолында жұмылуда. Осы істе мұғалімдер қауымының атқарар үлесі жоғары. Себебі, ұстаздың санасын өзгерту арқылы ұрпақтың, одан әрі ұлттың санасын өзгерту, жаңарту, жаңғыру болары анық.

????????????????????????????????????

Білім беру жүйесіндегі барлық түбегейлі жаңарулар мен жаңғыртулар біліктілікті арттыру жүйесінде де батыл іске асырылып, жаңашыл күш саналатын мұғалімнің кәсіби жетілуіне ерекше маңыз беріліп келеді. Осындай аса өзекті де ауқымды ел болашағы үшін маңызды саналатын мұғалімдердің біліктілігін арттыруды ұйымдастыруда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты курс бағдарламаларынан басқа көптеген курстан тыс жұмыстарды жан-жақты ұйымдастырып келеді. Атап айтсақ, білім беру мекемелерінен басқа ұйымдармен тығыз ынтымақтаса жұмыстар жүргізу. Осындай іс-шаралар мұғалімдердің шығармашылығын шыңдап, оның қоғамдағы мәртебесін, беделін арттыруға әсері зор екені даусыз. Сондай жұмыстардың бірі – жергілікті жердегі мұражай орталықтарымен біріккен шаралар ұйымдастыру.

Мұражай – рухани орын, халықтың тарихи танымының шежіресі, түрлі оқиғалар мен кезеңдердің ұмытуға болмайтын сәттерінің куәгері. Мұндағы әрбір заттың өзіндік тарихы әр адамның рухани дүниесін байытып, түрлі деректерді еске түсіру, салыстыру арқылы адам ойын тиянақтайтыны және байқампаздықты арттыратыны белгілі. Сол жұмыстардың бірі облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер мұражайында ұйымдастырылған «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» тақырыбындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының көшпелі қор көрмесі. Институт әкімшілігінің бастамасымен, Елбасы және Елорда тарихына қатысты соңғы жылдардағы тың деректерді курс тыңдаушыларына таныстыру мақсатында музейге саяхаттар ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, көрменің төрт бөлімі материалдармен, оның ішінде, Елбасының балалық шағы, жастық кезеңі, бүкіл өмір кезеңдері туралы мол деректермен таныстырылды. Атасы Назарбай бидің қаза болғаны жайлы Верный уезі басшысының хаттамасы, Әлжан анамыздың тігін мәшинесі, Әбіш атамыздың қолданған ұстара бәкісін көрді және Н.Әбішұлының 1954-1955 оқу жылдарындағы оқу үлгерімі жазылған табелімен танысты. Кілең бестік. Осының бәрі Елбасының оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны және өте қарапайым қазақ отбасында өскенін көрсетеді. Сонымен қатар, тұңғыш ғарышкер Ю.Гагариннің жолыққан сәті бейнеленген фотоның тарихын білдік.

1997-2004 жылдардағы Президент отырған кабинеттермен танысып, мемлекеттік рәміздердің орналасуын, жұмыс үстеліндегі қаламсабы, қолымен  толтырылған күнделіктерімен таныстық.   Елбасын марапаттаған шет мемлекеттердің жоғары дәрежелі ордендері, тарту етілген аса қымбат дүниелерімен, көп мәліметтермен қанықтық.

Әрине, бұл жәдігерлер уақыт өткен сайын мәнін,  құндылығын арттыратыны сөзсіз. Көптеген тыңдаушылар «Астанадағы Тұңғыш Президент мұражайына барғандай әсерде болдық» деп, институт әкімшілігіне көшпелі қор көрмесімен танысуға мүмкіншілік жасалғанына ризашылықтарын білдірді. Алдағы уақытта осы көрмеден алған танымдық әсерлерін оқушылармен бөлісетіндіктерін, өздерінің оқу-тәрбие жұмыстарында әркез пайдаланатындықтарын атап  айтты.

Айтбай ҚАРАМУРЗИН,

 «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының басқарма басшысы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*