Ұлттық киімдер – дизайнерлер көзімен

Атырау қалалық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен ұлттық жоба аясында «Нео-фольклор» киім дизайнерлерінің    байқауы өтті. Үздік танылған киім үлгілері облыстық кезеңге жолдама алды.

Шараның мақсаты – қазақтың ұлттық дәстүрін насихаттау, «Астана – ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне әйелдер қауымының қатысуына ықпал ету болып табылады. «Нео-фольклор» киімдер дизайнерлері байқауының мақсаты – қазақтың ұлттық киімдерінің бірегей құндылықтарына, оның қазіргі сән үлгісінің үрдістер үйлесімділігіне сәйкес этникалық-тұрмыстық құндылығы мен алуандылығына назар аудару. Аталған байқауға оқу орындарының шәкірттері, оқытушылары, қаланың тігін шеберханаларының өкілдері қатысты.

Дизайнерлер ұлттық колоритті сақтау және ұсыну арқылы модельдеу, киім стильдері бойынша жоғары кәсіби деңгейлерін, бәсекеге қабілеттілігін растау мүмкіндігіне ие болды.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова қатысушылардың жұмысына сәттілік тілеп, арнайы қала әкімінің Алғыс хатымен және «Ерекше жұмыс» номинациясымен Динара Шайфеденованы, «Ең үздік идея» номинациясымен Рәзия Өтепқалиеваны марапаттады. Сондай-ақ, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының оқытушысы Жанар Дурашеваның жұмысы «Ұлттық киім үлгісіндегі ерекше бас киім» аталымына ие болды.

«Ең үздік идея» номинациясын иеленген Рәзия Қабесқызы – қаладағы оқушылар орталығында қолөнер үйірмесінің жетекшісі. «Бала кезден бері қолөнерге әуеспін. Бүгінде сүйікті жұмысымды өмірлік мамандығым ретінде таңдап, қызмет етудемін. Соңғы кездері ою-өрнектен қиып жасалған ұлттық нақыштағы киімдерді тігіп жүрмін. Байқауға қазіргі заманға сай жасалған камзол үлгілерімен, кеудешелермен қатысып, облыстық кезеңге жолдама алдым», – дейді Рәзия бізбен әңгімесінде.

Қазылар алқасының шешімі бойынша Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының оқытушысы, ҚР Суретшілер  және Дизайнерлер одағының мүшесі Халифа Мусина «Жаңа технологияны пайдаланғаны үшін» дипломына ие болып, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Халифа Сейітжанқызы сахнаға өзі тіккен сары түсті «Бақыт қанаты» аталатын көйлекпен шықты. Сондай-ақ, оның үш оқушысы «Жібек жолы» аталатын композиция бойынша жасалынған Тұмар ханшайым, Хан қызы, Хан тәңірі киімдерін таныстырды. Өткен жолы «Сарайшық» композициясымен киім үлгілерін көрсетіпті. Сондай-ақ, «Ерекше шеберлікпен орындалған жұмыс» номинациясына Айнұр Тәжиева, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің түлегі  Би-Батима Сүндетованың қазіргі  заманғы көйлектер үлгісі «Әшекей бұйымдар» аталымына ие болды.

Арнайы аталымдағы үздіктер облыстық кезеңге жолдама алды.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*