Ұлттық валюта – экономика негізі

5 қараша – Ұлттық валюта – Теңге күні және қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Төл теңгеміз Тәуелсіз елмен бірге нығайып, экономикамыздың негізіне айналды. Мереке қарсаңында ҚР Ұлттық Банкі Атырау филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВПЕН әңгімелескен едік.

15-%d2%9b%d0%b0%d1%80%d0%b0%d1%88%d0%b0-%d1%82%d0%b5%d2%a3%d0%b3%d0%b5-%d0%ba%d2%af%d0%bd%d1%96

– Жалпы, төл теңгеміздің тарихы сонау 1993 жылдың 15 қарашасынан басталады емес пе?

– Кез келген мемлекеттің шежіресі оның өмірінде бір-ақ рет енгізетін ұлттық валютасының тарихынан басталады. Ол – егемен елдің нарықтық қатынастарын және экономикалық тәуелсіздігін дамытудың негізгі шарттарының бірі. Ал, біздің ұлттық валютаға көшуіміз ақша-несие саясатын дербес жүргізуімізге жол ашты.

Теңгенің қалыптасуының алғашқы жылдарында Ұлттық Банк пен Үкімет үшін бірінші кезектегі міндет инфляцияны біртіндеп түсіру және макроэкономикалық саясатты жүргізуге бағытталды. Соның нәтижесінде инфляция деңгейі 1992 жылғы 2500 пайыздан 1998 жылы 1,9 пайызға дейін төмендеді. Тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағында қаншама қиындықты бастан кешірдік десеңізші! Жоғарыда айтқан пайыздық өлшем бүгінгі жастардың түсіне де кірмейді.

Содан бергі кезеңде ел өмірінде оңды өзгерістер болды. Бүгінде Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың ортасынан ойып тұрып орын алды. Үстіміздегі жылы еліміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болап сайланды. Бұл – республикаға көрсетіліп отырған үлкен сенім және зор құрмет. Ал, биылғы 15 қарашада теңгенің айналымға шыққанына 23 жыл толды. Сол тарихи күннен бастап еліміздің қаржы жүйесінің қалыптасуы – ұлттық валютамызға негізделген мемлекеттің ақша-несие саясатының жоғары нәтижесінің сенімді дәлелі.

– Осы орайда өңірдегі екінші деңгейдегі банктер қызметі қалай жүруде?

– Қаржы жүйесінің шешуші компонеттерінің бірі – банк секторы. Осы орайда аймақта екінші деңгейлі банктердің 23 филиалы мен 75 жеке құрылым қызмет етеді. Сонымен қатар, 117 айырбастау пункті мен жеке тұлғаларға микронесие ұсынатын үш қаржы ұйымы бар. Бұл облыс халқын банк қызметімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тәуелсіздік жылдары теңгенің жинақтау рөлі, соның ішінде банктік депозиттер түрі, айтарлықтай өсті. Мәселен, биылғы 1 қазанға екінші деңгейдегі банктер филиалындағы салымдар былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 22 пайызға артып, 295 млрд. теңгеден асты. Аймақ экономикасында теңге түріндегі активтерге сенім артуының және депозиттер долларлануы төмендеуінің оң үрдісі байқалды. Халықтың және кәсіпорындардың қандай да бір валютаға басымдық беруі өзгеріп, теңгелей салым қарқынды дамуда. Мәселен, ағымдағы жылдың тоғыз айында банк филиалдарымен тартылған екі триллион шамасындағы теңгенің 65 пайызы ұлттық, қалғаны ғана шетелдік валютаға тиесілі. Бұған ҚР Ұлттық Банкі жедел алған шаралардың да оң септігі тиді. Облыс несие нарығына келетін болсақ, биылғы тоғыз айда екінші деңгейдегі банк филиалдарымен берілген 140,3 млрд. теңгенің 84 пайызы ұлттық валютаға тиесілі.

– Шағын және орта бизнесті қолдауда банк жүйесінің қосып отырған үлесі қандай?

– Мемлекет саясатындағы басымдықтардың бірі – бизнес саласын дамыту. Ал, кәсіпкерлік нысандарын несиелеуде банктердің белсенділігіне көп нәрсе байланысты. Ағымдағы жылғы тоғыз айда шағын кәсіпкерлік нысандарына берілген несиелер былтырғы осындай уақытпен бағамдағанда 36 пайызға артып, 25,8 млрд. теңгені құрады. Бұл – бизнес нысандарына үлкен қолдау.

Аймақта төлем кәртешкелерін пайдаланып, қолма-қол есеп айырысуды дамыту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Биылғы үш тоқсанның қорытындысы бұл көрсеткіштің де өсіп отырғандығын көрсетеді. Мәселен, қаңтар-қыркүйекте қолма-қол ақшасыз төлемдер саны мен олардың жалпы сомасы тиісінше 1,3 және 1,6 есе артты. Сөйтіп, POS-терминалдар саны өткен жылға қарағанда 37 пайызға көбейді. Қазір облыстағы 598 мыңнан астам адамның айналымдағы төлем кәртешкесінің саны 584 мыңға жетіпті. Демек, бәрі дерлік осы тәсілді қолданады деуге негіз бар.

Жалпы, еліміздің төлем балансын қалыптастыруға ҚР Ұлттық Банкі жауапты болғандықтан бастапқы мәліметтерді жинау және өңдеу міндеті оның филиалдарына жүктелген. Биылғы 1 қазандағы дерекпен мекемелердің аумақтық тіркеу кітабында сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын төлем балансы бойынша есеп беретін шаруашылық субъектілерінің саны 807-ге жетті.

Экономикаға әртүрлі факторлардың әсерін шұғыл анықтау және мемлекеттің ақша-несие саясатын одан әрі жетілдіру мақсатында кәсіпорындарға мониторинг жүргізу жүзеге асырылды. Биылғы үш тоқсанның қорытындысымен оған экономиканың нақты секторы мекемелерінің мониторингіне облыстағы 212 шаруашылық субъектісі қатысты. Демек, тұтас ел бойынша алғанда – 7,5 пайыз.

Жоғарыда айтылған жетістіктеріміз – банк саласы қызметкерлерінің қарқынды қызметінің көрінісі. Бізде өз ісін жақсы білетін, мамандығын сүйетін жандар жұмыс жасайды. Олар әркез ұлттық валютамыздың буыны бекуі жолында тер төгеді.

Меңдібай Сүмесінов

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*