Ұлттар достығы – ұрпақтар сабақтастығында

Соңғы жылдардағы әлемдік ахуал еліміз үшін татулықтың бағасын биіктете түскендей. Себебі, алауыздықтың кім-кімге де жақсылық әкелмейтінін, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдің ғана еңсесі биік болатынын уақыттың өзі дәлелдеді. Сондықтан, тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің басты жеңісі – ел бірлігі десек, еш қателеспейміз.

Татулық тақырыбы 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында облыстық «Атырау» газеті редакциясы ұйымдастырған «дөңгелек үстелге» де арқау болды. Елдің бүгіні мен ертеңі, ұрпақ тәрбиесіне қатысты ұлағатты әңгіме өрбіген басқосуға облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов модераторлық етті. Пікір алысуға облыстық мемлекеттік архив басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Жаннат Досқалиева, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасы Зелимхан Зубариев пен «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі жетекшісі Гүлсина Байкенова қатысты.

birligimiz jarasqan...2

Рухани жаңғыру – келешек мұраты

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бір жыл уақыт ішінде қоғамға рухани серпіліс беріп, тарихи-мәдени құндылықтарымызбен сабақтасқан үлкен халықтық жоба сипатына ие болды. Елбасы ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасын ұсына отырып, қуатты, әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу жолында болашаққа қалай қадам басатынымызды, бұқаралық санамызды қалай өзгерту керектігін тайға таңба басқандай даралап, саралап түсіндіріп берді. Осы орайда сіздер де ой-пікірлеріңізбен бөлісе отырсаңыздар. Қандай жұмыстар атқарылды? Қозғалмай жатқан нендей толғақты мәселелер бар?

Жаннат ДОСҚАЛИЕВА:

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған мақсаттарға бүкіл халықтың бірлігі арқылы ғана қол жеткізуге болады. Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайту үшін көптеген жұмыстар атқарды. Соның бірі – «Туған жер» бағдарламасы аясындағы «Қайырымдылық керуені». Шара аясында аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, мүгедек балаларға арналған «Қамқор», «Мейірімді жүрек», «Балаларға базарлық», «Жақыныңа көмектес», «Мектепке жол» акциялары жүзеге асты. Аталған ізгілік шараларына түрлі ұлт өкілдерінің қосқан үлесі зор. Бұдан біз ұлтымыздың біртұтастығын, бір-біріне деген жанашырлығын көреміз.

Өткен жылы бағдарлама аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша облыстағы Сарайшық, Ақмешіт сынды тарихи-мәдени орындарға экскурсиялар ұйымдастырылды. Бұл шара биыл да жалғасын табатын болады. Жалпы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» елдің келешегі, бүгінгі ұрпақтың болашағын көздейтін бағдарламалық құжат болғандықтан, оны жүзеге асыруға жастар да өз үлестерін қосуы керек. Сондықтан да, осы жылы Ассамблея жанынан өңіріміздің жастары үшін «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының штабы құрылды.

Зелимхан ЗУБАРИЕВ:

– Біз ортақ тарихы, ортақ тағдыры бар біртұтас халыққа айналдық. Мейлі, орыс болсын, өзбек не шешен болсын, осы туған жерін жан-тәнімен жақсы көріп, елінің патриоты болуға асықса, алға қойған ортақ мақсаттарымыз да орындалады. Мен Атырау жеріне 16 жасымда келіп, Исатай ауданы, Аққыстау ауданына қоныс теуіп, отбасын құрып, ұрпақ сүйдім. Аллаға шүкір, бүгінде біздің ата-тегіміздің алтыншы ұрпағы жалғасуда. Бұл ең алдымен, қазақтың қонақжайлылық, бауырмалдық секілді қасиеттерінің арқасында болса, екіншіден, бізді бір шаңырақ астына біріктірген Елбасының төл туындысы – Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының нәтижесі.

Ұлтаралық тақырып – тым нәзік мәселе. Сол себептен, осы бірлік пен бірегейлік мәселесінің нақты, практикалық жағына да үнемі назар аударған жөн деп санаймын. «Қазақстандық патриотизм» ұғымы сонда ғана мәнді, мазмұнды болар еді. Жастарға үлгі бола білу қажет.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

– Біз тұтас халық болып осы қоғамдық институттың қорын байытып, тәжірибемізді одан әрі дамыта түсуге тиіспіз. Өйткені, бірлігі жарасқан елдің ғана озатынын қазақстандық тәжірибе дәлелдеп отыр. Айтпақшы, Ассамблеяның тәжірибесін әлемнің 46 елі қабылдап үлгерген екен. Жастарымыз «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде оқып, білім алуда. Осы тетікті еліміздің болашағына арнауда әрі қарай не істеу керек?

Зелимхан ЗУБАРИЕВ:

– Әдетте, түрлі жиындар мен семинар, конференцияларда ұлтаралық достық, тыныштық, толеранттылық мәселелері айтылып жатады ғой. Ол дұрыс. Бірақ, адамдар шынайы өмірде бір-бірімен араласқанда ғана алауыздықтың жолы кесіледі. Аққыстау ауылында 40 жыл бірге тұрған көршіміз бар. Екі үйдің келіндері бір-бірімен абысын болып, үлкендерге келін болып, тату-тәтті күн кешіп отырмыз. Бір әулеттің келініндей болып кетті. Олардың немерелері қыз бала болғандықтан, қызық көріп, менің немеремді алып кететін. Сондықтан, үлкен немеремнің тілі қазақша шықты. Шешен тілінде сөйлегенде шешен емес, басқа ұлттың өкілі сөйлеп тұрғандай әсерде боласыз. Жақын араласатын достарымның барлығы да – қазақтар. Мәселен, сазгер Самат Мәдиев ауылға ат басын бұрса, біздің шаңырағымызға соқпай кетпейді. Маған арнап «Зелимхан» деген күй де шығарды. Сөз жүзінде ғана емес, осындай «тірі» мысалдарды көріп өскен ұрпақ меніңше, достықтың маңызын шынайы сезіне алады. Өйткені, бауыр бауырға жамандық жасамайды.

Гүлсина БАЙКЕНОВА:

– Қай ұлт болмасын, алдымен өз ұрпағының тәлім-тәрбиесіне баса көңіл бөлуі керек. Меніңше, отбасындағы тәрбиені мектеппен, қоғаммен ұштастыра білген жөн. Бүгінде бес жасар баладан бастап үлкендерге дейін ұялы телефонды пайдаланады. Жастар жағы әлеуметтік желіде көп отырады да өздерінің рухани жағынан баюын тежейтіндей жағдайға келді. Сондықтан, жаңа технология тіліне тәрбиені де енгізу керек. Өйткені, балалардың уақытының көбі осы интернетке үңілумен өтуде. Отбасы – ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушы. Адам бойындағы асыл қасиеттерді қалыптастыруда рухани адамгершілік бастау болады. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, қоғамның діңгегі де берік. Шаңырақта әуелі сезім мен сенім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, қандай жағдайда да өмірдің ащысы мен тұщысын бірге бөлісіп, бақытқа жете алады.

Қазақта «Ырыс алды – ынтымақ», «Тату үйге тақсірет жоламайды» деп бекер айтылмайды ғой. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз! Береке мен бірлікке, қуаныш пен салтанатқа толы үй қай кезде де қымбат болатыны даусыз. Алыс жолға шықсам, туған елім – Қазақстанға тезірек жетуге асығамын. Сондайда жүрегімді туған елге деген сағыныш сезімі кернейді. Ел шебіне енген сәтте-ақ мен үшін қазақ жерінен өзге қымбат, әрі құтты мекен болмайтынын анық сезіне бастаймын.

Зелимхан ЗУБАРИЕВ:

– Жоқ, мен бұл пікірмен келісе алмаймын. Өйткені, тәрбиені технология арқылы беру бөлек те, іс-әрекет арқылы дарыту мүлдем бөлек тақырып. Мәселен, бұл орайда ұлттық құндылықтар туралы айтуға болар еді. Қазақтың мақтана алатындай өзгелерге ұқсамайтын, кеңпейілділік, адамгершілік, қонақжайлылық пен бауырмалдық секілді ерекшеліктері бар. Ал, бұл құндылықтар бар жерде бірлігіміз баянды болады. Ешкімді қиындықта тастап кетпейтін осындай ұлттың қасиеттерін ұрпағы да бойына сіңіріп, онымен мақтана білуі қажет.

Осы өңірде туып-өскен ұлым мен қызым жоғары білім алып, әр салада еңбек етуде. Ал, немерем спорт десе жанын береді. Қайда жарысқа бармасын, достары қаумалап жанында жүреді. Сайысқа түссе, достары немереме болысып отырады. Міне, өскелең ұрпақ ұлтына қарамай тату болып өсіп келеді. Осылай араласып өскен бала ұлтаралық араздық туғызбайды. Толеранттылық, елдегі тыныштық деген осы болар, сірә!..

Латын әліпбиі – баршаға ортақ

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетілгендей, ұлттық санаға, ең алдымен, әсер ететін күш – ана тілі. Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшу мәселесін Елбасының халық талқысына салып, бекітуі бізді қуантты. Бұл жөнінде сіздер қандай пікір білдірер едіңіздер?

Әбілсейіт МҰҚТАР:

– Латын әліпбиі еліміз үшін, оның болашағы үшін өте маңызды. Себебі, техника мен ғылыми инновация кезеңінде латын әріптерін оқи алатын, латынша жаза алатын маман ғана өз жаңалығымен әлемді таңғалдыра алады. Қазіргі жастар әлеуметтік желілерде бір-бірімен латын қарпінде ақпарат алмасып жатқанын көріп жүрміз. Біз 1940 жылға дейінгі өзіміздің әліпбиімізге қайтадан оралуға мүмкіндік алып отырмыз ғой. Ал, кейбір түсінбейтін адамдардай «қазақ тілі жойылады» деп сары уайымға салынудың қажеті жоқ. Біз латын қарпіне көшудің маңыздылығын түсінуіміз қажет.

Гүлсина БАЙКЕНОВА:

– Мен де Елбасының латын әліпбиіне көшу жөніндегі қадамын қолдаймын. Біздің келешек ұрпақ ғылыми-техникалық инновация дәуірінде өмір сүруде. Техника тілі ағылшынша емес пе? Сол үшін қазірден бастап латын әліпбиінде жазып үйренсек, дағдылансақ деймін.

Зелимхан ЗУБАРИЕВ:

– Қазақ тілін латын графикасына көшіруге қатысты түсіндірме-насихат жиындары көп ұйымдастырылды. Алайда, кейбір басқосулар көңілімізден шықпады. Себебі, мұндай маңызды қадамда ең алдымен оның тиімділігін, себебін анық жеткізу қажет. Сонда ғана елдің қызығушылығы артып, латынға көшу қажет екеніне көзі жетіп, оны меңгеруге кіріседі. Ал, мәселе атүсті айтылған жиындардың нәтижесі де аз болады. Сондықтан, насихат жұмыстары жоғары деңгейде өтуі тиіс.

Ассамблея әлеуетін қаншалықты пайдаланып отырмыз?

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

– Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының маңайына топтасып, өзінің салт-дәстүрі мен мәдениетін заманға сай жаңғырту үстінде. Президент өз бастамасымен аталмыш институтты құру арқылы өзге елдерге, мемлекеттерге үлгі көрсетіп қана қоймай, бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін танытты. Ендеше, біз Ассамблея әлеуетін қаншалықты пайдаланып отырмыз?

Әбілсейіт МҰҚТАР:

– Кездесуде өте орынды мәселе көтеріліп отыр. Қазіргі жаһандану заманында әлем сапырылысып жатыр. Баяғыда көп адам туған жерінен шықпайтын еді.

Бүгінде өмір сүруге қолайлы елді таңдау адамдардың еркінде. Бизнесіңді жасайсың ба? Балаңды оқытасың ба? Ғылыми жұмыспен айналысасың ба? Барлығына мүмкіндік берілген. Шынында да, Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылғы 1 наурызда Президент Жарлығымен құрылған бірегей институт екендігіне, 136 ұлт пен ұлыс өкілдерінің елімізде достық, татулықта тіршілік кешіп жатқанына ешкім қарсы дау айта алмас. Содан бергі өткен 23 жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Біз бүгінгі күнге дейін ешбір ұлтты дініне, діліне, тіліне бөлмей, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүрудеміз. Қос палаталы Парламент қабырғасында талқыланып, Елбасымен қабылданып жатқан Заңдардың өмірге келуіне өзге ұлттың өкілдері де үлестерін қосуда.

Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді. Жалпы алғанда Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген  құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсінік ахуалы қалыптасты. Республикада барлық этностар мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Бізде Достық үйі, әр ұлттың этномәдени орталықтары ашылып, жұмыстарын жасауда. Қазақ тілін өзге ұлттың өкілдері меңгеріп, ана тілін білмейтін бауырларға үлгі көрсетіп жатса несі айып? Немесе қазақ баласы грузиннің «Лезгинкасын» билеп, орыстың, татардың халық әндерін шырқап жатса, ешкімге оғаштау көрінбес. Ал, керісінше, қазақтың ән-биін өзге ұлттың баласы нақышына келтіре орындап жатса, қандай ғанибет!

Гүлсина БАЙКЕНОВА:

– Мен Қазақстан жерінде, қазақ топырағында, дәлірек айтсам, Маңғыстау өңірінде өмірге келдім. Бес жасымда ата-анамның жұмыс бабымен Қырғызстанға қоныс аударып, мектепте оқыдым. Кейін Бішкектегі хореографиялық училищені бітірдім. Қазақ, қырғыз тілдерін жақсы меңгердім. Адам өзінің тағдыры қалай қалыптасарын алдын-ала болжай алмайды ғой. Мұны жұмысымды Ресейдің Челябі қаласында бастағаныма байланысты айтып отырмын. Ал, 1992 жылы Қазақстанға қайта оралғанда қатты қуандым. Өйткені, менің кіндік қаным қазақтың жерінде тамды емес пе?! Оның үстіне қазақ пен татар халқының бір-бірімен туыстық байланысы бар.

Халықтарымыздың тамыры бір, дініміз де бір, тіліміз де ұқсас, түркі жұртының балаларымыз ғой. Тіпті бабаларымыз бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы да болған. Мұның бәрі – бүгінге дейін екі халықтың арасындағы туыстық, достық байланыстардың ұрпақтан ұрпаққа жалғасын таба беретінінің дәлелі. Бұл өмірде адамдардың татулығынан, достығынан қымбат нәрсе жоқтығын балаларымның құлағына өзім де құйып келемін. Өзім жетекшілік ететін «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі өткізетін шараларда бас қосатын Атыраудағы үлкендеріміз де жастарға осындай өсиетін әрдайым айтып келеді. Себебі, Қазақстанның әр өңірінде бірнеше ұлттың өкілі тату-тәтті тұрмысын жалғастыруда.

Жаннат ДОСҚАЛИЕВА:

– Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған 19 этномәдени бірлестік болса, құрамында 224 мүшесі бар. Олардың негізгі жұмысы бірлікті нығайтып, ұлттардың мәдениетін дамытуға бағытталған. Өңірдегі әр этнос өзінің мәдени дәстүрі мен тілін сақтауы үшін барлық жағдай жасалған. Өзге де шаралармен қатар биылғы жылы «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқармақшымыз. Қоғамдық тұрақтылықты сақтауда Ассамблеяның рөлі зор. Сондықтан, біз тұтас халық болып осы қоғамдық институттың қорын байытып, тәжірибемізді одан әрі дамыта түсуге тиістіміз.

Тобықтай түйін:

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясындағы жобаларды болашағымыз үшін жоғары деңгейде жүзеге асыруға бүтіндей қоғам болып атсалысуымыз қажет;

– Біз нәсіліне, ұлтына қарап бөлінбейтін, тарихи жолмен қалыптасқан біртұтас халыққа айналдық. Ғаламдық дағдарыс ушығып тұрған сәтте бұл байлығымызды сақтап қалу аса маңызды;

– Жастар аға буын өкілдерінен ұлағатты тәрбие алуы қажет. Ал, ол үшін жастар тәрбиесіне әр отбасы аса мән беруі, ұлттық құндылығын ұрпағының бойына сіңіре білуі тиіс. Сондай-ақ, өскелең ұрпақты қоғамдық еңбекке баулу да – аса маңызды мәселе;

– Біз тұтас халық болып осы қоғамдық институттың қорын байытып, тәжірибемізді одан әрі тереңдете түсуге тиіспіз. Өйткені, бірлігі жарасқан елдің ғана озатынын қазақстандық тәжірибе дәлелдеп отыр.

Бақытжан ЖҰМАТ, Мәлике МӘЛІК.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*