ҰЛТАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ – ӨРКЕНДЕУ КЕПІЛІ

 Атқарылған іс аз емес

Аталған ғылыми-сараптамалық топ ұлтаралық келісім мен жоғары толерантты мәдениет қалыптастыруды басты мақсат санайды. Және мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыра отыра этникааралық, конфессияаралық келісімді нығайтуды көздейді. Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Жәмила Хасанова топ жұмысын жүргізуде Атырау инженерлік-гуманитарлық институты жанынан ашылған Ассамблея кафедрасының рөлі зор екенін айтады.

– Кафедра, әсіресе, оқу орындарындағы студент жастармен жұмысты жолға қойып, оларды отансүйгіштік, патриоттық тәрбиеге баулу бағытындағы жұмыстарды жүйелеп отырады. Ал, Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобы, аты айтып тұрғандай, бүгінге дейін «Мәңгілік ел» идеясын іске асыру, қазақстандық толеранттылық үлгісін қалыптастыру бағытында жастармен жұмыс жасап, биылғы жылы тарихи айтулы даталарға орай ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп келді. Біздің тобымыз ұлтаралық толеранттылық, ұлт саясаты төңірегіндегі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде жетекші рөл атқарады, – деген ЖәмилаСадыққызы топтың Ассамблея жылы аясында атқарған жұмыстарына тоқталды.

Мәселен, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында «Қазақ хандығы – Мәңгілік Ел идеясы: тарихи тағылымы мен тағдыры» тақырыбында оқытушылар, магистрлар мен студенттердің қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылған. Ассамблея жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың жетекшілігімен Ата Заңымыздың 20 жылдығына орай «Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығының бүгіні мен ертеңі» деп аталатын ғылыми семинар өтіп, ішкі саясат, облысымыздағы Ассамблея және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысқан шарада еліміздегі басты құжаттың атқарар маңызы жан-жақты айтылған.

«Ғылыми-сараптамалық топ ұлтаралық, этникааралық мәселелер төңірегіндегі үздік ғылыми зерттеу жұмысына конкурс жариялаған болатын. Облысымыздың жас ғалымдары қатысқан сайыста Р.Жамалиденов пен Т.Шпановтардың материалдары үздік деп танылып, республикалық бәйгеге ұсынылды. Мұндай сайыстар өңіріміздегі жастардың ғылыми жұмыстармен шұғылдануына ықпал етеді деп сенеміз. Мұнымен қоса, аймағымыздағы белсенді студент жастардың, Ассамблея өкілдерінің қатысуымен өткен «Береке басы – бірлік» тақырыбындағы пікірсайыс алаңында елдегі ынтымақ, бірлік, ауызбіршілікті сақтап қалу жайында ойларын ортаға салды», – деген ол аталған ғылыми-сараптамалық топтың бүгінге дейін атқарған ісі аз еместігін, десе де, іс мұнымен ғана шектеліп қалмайтынын сөз етті.

«Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» патриоттық акциясымен, еліміздегі ауызбіршіліктің маңызы мен бірлік пен келісімді нығайту, көгінде бейбітшілік салтанат құрған еліміздің әлемдік аренадағы беделі жайында кеңінен сөз қозғалған. «Мәңгілік Ел: ортақ құндылықтар – жасампаз еңбек, бейбітшілік және келісім» тақырыбында өткен семинар-тренинг те Ассамблея жылында ұйымдастырылған шаралардың қатарын толтырады. 

Атыраудағы ассам-блея  кафедрасы

Жиырмадан астам ұлт өкілдері білім алатын Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында сан алуан ұлт өкілдерінің ортақ тіл табысуында оқу орнындағы Ассамблея кафедрасының маңызы зор. Институттың ғылыми кеңесінің шешімімен ашылған бұл кафедра студенттерді бір мақсатқа ұйыстырып, патриоттық тәрбие беруде, өңірімізде ұлтаралық татулық пен келісімнің әрдайым салтанат құруына үлес қосып, әр ұлт тарихының сақталып, мәдениетін дамыту мақсатында сүбелі жұмыс атқаруда.

Институт жанындағы құрылымдық бөлімшелермен тығыз байланыста жұмыс жасайтын Ассамблея кафедрасы бүгінде мемлекеттік маңызы бар мәселелер талқыланатын пікірсайыс алаңына айналған. Кафедра тек Ассамблея төңірегіндегі проблемалар ғана емес, мәңгілік, баянды ел болу жолындағы құжаттар қаралып, жүзеге асырылатын орталыққа айналған. Елбасымыз жариялаған 100 қадамнан тұратын Ұлт жоспарының маңызы студент-жастарға дәл осы жерде түсіндірілді.

Елдегі татулық пен бірлік мәселесіне бейжай қарамайтын Атырау инженерлік-гуманитарлық институты студенттерінің осыдан екі жыл бұрын құрылған «Бірлік» Қазақстан халқы Ассамблеясы мен институт жанындағы колледжде құрылған «Патриот» клубы да бар. Бұлар аталған кафедрамен қоян-қолтық жұмыс атқарып, институттағы студенттердің әлеуметтік-саяси мәселелерін шешуде, тәрбиелік шаралар өткізуде айрықша белсенділік танытуда.

 

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*