Әліппе оқулығы неге экспериментке айналды?

Елімізде жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде Мұғалімдер күні аталып өтеді. Бұл мерекенің түп мәні – ұстазды ұлықтау. Расында, данышпанның да, патшаның да, ақынның да, батырдың да  бір-бір ұстазы бары анық. Мереке қарсаңында облыстық білім беру  басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауованы әңгімеге тартқан едік.

Жаңарған оқу

– Нұрсәуле Сайлауқызы, биыл 2,5,7-сынып оқушылары үшін оқулықтар мен оқу жүйесі жаңарды. Қазір саладағы қай мәселені бірінші кезекте назарда ұстап отырсыз?

– Биылғы жаңалық – барлық мектептерде 5 күндік оқуға көшу жүзеге асырылды, сонымен бірге, үй тапсырмасының көлемі қысқарды.

Жаһандық өзгерістер мен әлемдік трендтер мектептегі білім беру мазмұнының қарқынды жаңаруын талап етеді.  2018-2019 оқу жылында жаңартылған білім мазмұнына 3, 6, 8, 10-сыныптар көшеді. 2019-2020 оқу жылында 4,9,11-сыныптар көшіп, білім беру жүйесі түгелдей жаңартылған мазмұнға енетін болады.

2019 жылдан бастап білім беру ұйымдарында 4 пәнді – химия, биология, физика, информатиканы ағылшын тілінде оқытуға  кезең-кезеңімен ауысуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыста  пилоттық жоба ретінде 21 мектептің  26 сыныбында вариативтік сағаттар есебінен физика, информатика, химия, биология пәндері ағылшын тілінде өткізілуде. Міне, осы мәселелерді бірінші кезекте назарда ұстап отырмыз.

– Әлемдік білім беру кеңістігіне кірігудің стратегиялық мәселелерінің бірі – 12  жылдық оқытуға көшу. Бұл қашан жүзеге асырылады?

– Мектепке дейінгі  нөлдік сынып үшін бірыңғай типтік білім беру бағдарламасы жасақталады.  Аталған жүйеге көшу 2019 жылға жоспарланған. Сонда бірінші сынып оқушыларының оқулығы «Әліппе» және «Ана тілі» болып бөлінеді. Қазіргі таңда барлық оқулықтар әзірленді. Эксперимент ретінде республиканың 150 мектебінде, соның ішінде Исатай ауданындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің даярлық сыныптарында «Әліппе» оқулығы 1 қыркүйектен бастап апробациядан өтуде.

– Осы ретте білім беру ұйымдарының базалық деңгейіне тоқталсаңыз…

– Облыс бойынша 193 мектеп бар. Жаңа оқу жылында жеті мектеп пайдалануға берілді. Облыстың білім беру жүйесін қаржыландыруға биыл 53,7 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жергілікті бюджеттен 1,9 млрд. қаражат бөлініп, интерактивті тақтамен, информатика, мультимедия кабинеттерімен, компьютерлермен қамтамасыз етілді.

– Жиындарда көші-қон мәселесіне байланысты оқушылар саны көбейіп тұрғанын жиі айтып жүрсіз. Бұл мәселе қазіргі уақытта қалай шешілуде?

– Жыл сайын облыста, оның ішінде Атырау қаласында оқушы саны көбеюде. 2017-2018 оқу жылында  116 000 оқушы оқиды.  Өткен оқу жылымен салыстырғанда,  оқушы саны 6521-ге  көбейген. Бұл өсім, әсіресе, Атырау қаласында байқалуда. Мектептегі орын тапшылығын  жапсаржай құрылыстарын салу арқылы шешпекпіз.

– Ата-аналар тарапынан жаңартылған білім беру жүйесіне қатысты түсінбеушілік бар ма?

– Қазір 2,5,7-сынып оқушыларына баға бұрынғыша күнделікті түрде емес, бөлім, тарау соңында жиынтық бағалау арқылы қойылады. Бағалау жүйесіне қатысты келгендер болды.  Қазіргі кезде ата-аналар арасында жиналыстарда түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

– Білім саласына мектеп оқушыларынан бөлек, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың да жұмыстары кіреді. Олармен жаңашыл бағытта қандай жұмыстар жүруде?

– 2016-2017 оқу жылында ерекше білімді қажет ететін 5947 бала тіркелді.

Ал, биыл арнайы мектеп-интернатта көру және есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған құрал-жабдықтарға жергілікті бюджеттен 46 миллион теңге қаржыға тапсырыс берілді. Арнайы жазу дәптерлерімен, көрмейтін балалардың Брайль жүйесімен білім алуына мүмкіндік беретін арнайы құралдармен, «Perkins Smart Brailer» баспа машинкасымен,1-сыныптың жаңа оқу бағдарламасы бойынша құрастырылған 5 бөлімнен тұратын Брайль жүйесіндегі «Сауат ашу» оқулығы қарпі бар оқулықтармен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен бөлінген қаржының 3 миллион 15 996 теңгесі игерілді.

Тіл мүкістігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатта 5 интерактивтік тақтамен жабдықталған қазіргі заманға сай модульмен кабинет ашылды. Монтессори, сенсорлық, емдеу шынықтыру-дене дамыту, Эдуплей бағдарламасымен жабдықталған кабинеттер ашылды. Атырау қаласы бойынша педагогикалық-психологиялық түзеу кабинетін ашу жоспарлануда.

Атырау қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдарда 3 логопункт, Жылыой, Исатай аудандарында 2 логопункт ашылды. Арнайы мектеп-интернаттары балаларды тасымалдау үшін 3 автобуспен қамтамасыз етілді.

Нұргүл Ысмағұлова

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*