Әлімжеттік пе, әлде “әдет пе?

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында орын алған сұмдық оқиға жұртшылықтың зәре-құтын қашырды. Бүгінде мектеп табалдырығын жаңа ғана аттаған бірінші сынып оқушысын да, білім ордасынан түлеп ұшқалы отырған түлекті де ата-аналар өздері апарып-әкелетіндей дәрежеге жетті. Тіпті, екі аттам жердегі дүкенге де қатаң қадағалаумен ғана жіберетіндей деңгейдеміз. Бір пәлені сезгендей, балалар да бұрынғыдай асыр салып ойнамайтын болды. Өткен жылдың өзінде аймақта жасөспірімдерге қатысты 48 қылмыс жасалған. Әлі оңы мен солын танып үлгермеген жас ұрпақтың тамырына балта шабу деректері неге көбейді? Жантүршігерлік жағдайларды қайтсек азайтамыз?

Screenshot_15

Несін жасырайық, бұрын үш ұйықтасақ та түсімізге енбеген немесе теледидардағы кинолардан ғана көрген сұмдық оқиғалар қалыпты жағдайға айналып барады. Әріп танымақ түгілі, бесіктен белі шықпаған нәрестені зорлау, бейкүнә сәбилерді қорлау деректерінің көбеюі көп нәрсеге күдікпен қарауға итермелеп отыр. Қазір он бірінші сынып оқушысын да өз бетімен оқу орнына жібермейтін болдық. Балалар улап-шулап, сөмкесін екі иыққа алма-кезек көтеріп, алаңсыз үйден мектепке, білім ордасынан кері асығатын күндер келмеске кеткендей.

Облыстық Ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметі Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Орынгүл Жанғалиеваның айтуынша, көрсеткіш есепті кезеңмен салыстырғанда төмендегенмен, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы 19  іс тіркелген. Оның төртеуі – зорлау, оны – 16 жасқа толмаған баламен жыныстық қатынас жасау, бесеуі кәмелетке толмағандарды азғындау фактілері болып отыр. Тергеп-тексеру кезінде олардың туысқандарының қылмысқа жол беріп, ата-аналардың өтпелі кезеңдегі жасөспірімдерінің тәрбиесі мен тәртібіне салғырттықпен қарау нәтижесінде орын алғанын анықтаған.

Ал, мектеп қабырғасында жиі кездесетін әлімжеттік деректерінің ушыққаны соншалық, арты қайғымен аяқталатын жағдайлар әлі де жабық күйінде қалып отыр. Өкінішке қарай, баланың болашағынан гөрі мектептің «мәртебесін» алдыңғы кезекке қоятын аға буын өкілдері бұл мәселенің мүлде орын алмайтынын айтып, ақталады. Бірақ, бәрі дұрыс болса, қайғылы жағдай қайдан шығады? Мәселен, өткен айлардың бірінде Шымкентте әлімжеттікке шыдамаған 11 сынып оқушысы асылып қалды. Оқушының өзіне қол жұмсауына мектептегі әлімжеттік себеп болған. Марқұмның ата-анасы ұлының соңғы кезде үйінен жиі ақша сұрайтынын айтады. Олардың сөзіне қарағанда, мектептегі ақша сұратқыш сотқарлар оған «арызқой» деп айдар таққан көрінеді. Екі апта бұрын ғана басқа сыныпқа ауыстырылған бозбала сенбі күні болатын тестілеуге қатысуға ақшасы болмай үйіне қайтарылған. Көңіл-күйсіз келген ол моншаның артында асылып қалыпты. Ал, оның жақындары баласы өмірден өткен соң ғана ұзақ уақыт бойы қатарластарынан қорлық көріп келгенін білген.

«Алтын ұяда» мұндай оқиғалардың орын алуын мамандар жасөспірімнің мінез-құлқындағы өзгерістермен байланыстырады. Психолог Нәсіп Қуанованың пікірінше, баланың агрессиялық қылығының салдары әртүрлі болуы мүмкін. Жасөспірімнің өзгелерді күшпен бағындыруының жалғыз себебі – оның мінез ерекшелігінде ғана емес, шектен тыс қызба мінезі. Кейбір ата-ана бұған мүлде мән бермеуі немесе ең сорақысы – қалыпты мінезге балауы мүмкін. Әке-шеше тәрбиенің қатал стилін ұстанып, баланы жасқаншақ етіп жібереді. Ондай жас өзіне де, өзгеге де бірдеңені дәлелдегісі келіп, ашу-ызасын кейін өзгелерден алады. Ұстаздардың мұндай балаға шамасы келмеуі де ғажап емес. Керісінше, отбасында  баланы шамадан тыс еркелетудің де пайдасынан зияны көп.

– Мысалы, жанұяда бір қыз немесе бір ұл болса, ата-аналардың шектен тыс еркелетіп, дегенінің бәрін айтқызбай-ақ орындайтынын көзіміз көріп жүр. Ал, оның тәрбиеге кері әсер етіп жатқанын түсіне бермейді. Өкінішке қарай, қазір әлеуметтік теңсіздік деген ұғым пайда болды. Бұл тұрмысы төмен отбасына ғана байланысты емес. Жағдайы өте жақсы жанұяда да мұндай жағдай орын алуы мүмкін. Айталық, мектепте оқушыларға бірыңғай форманы енгізу осындай теңсіздік орын алмас үшін жасалған игі бастама деп түсінемін. Сонымен қатар, адамның өз-өзін бағалай білмеуі де осыған әкеліп соғады. Оның үстіне, теледидарыңыз бен ұялы телефоныңыз тағы бар. Ғаламтор желісіндегі түрлі образдарға енген бала біресе қатыгез болып, біресе жауыздың кейпіне еніп, күні бойы көргенін жасайды. Мемлекет тұтқасын ұстайтын – жас ұрпақ десек, оның санасының улануына жол бермеуіміз қажет, – деген әңгімелесушіміз ата-ана әлі күнге дейін баласын тек материалдық жағынан ғана қамтамасыз етуге тырысып жүргенін, ал, оның ішкі жан дүниесіне үңілмейтінін өкінішпен жеткізді.

Әрине, қазіргі заманда қаржы-қаражат керек, алайда, ақшаның түбіне жеткен адам жоқ. Сондықтан,  ата-ана баласының қатыгез болып бара жатқанына өздерінің де қатысы барын түсінуі тиіс. Екіншіден, дер кезінде психологиялық көмек көрсетілмесе, келешекте оның жайсыз зардабын бала да, әке-шеше де тартуы мүмкін. Өмірінің қиын кезеңінде баласына қамқорлық танытып, оның проблемаларына дер кезінде көңіл бөлгені жөн. Демек, тұлғаны қалыптастыруға да үлкен еңбек керек.

Құқық қорғаушылар балалардың өз бетінше үйлерінен кетіп қалу деректерінің көбейгенін жасырмайды. Өткен жылы  кәмелет жасына жетпеген 48 бала отбасынан қашып кеткен. Тәртіп сақшылары мұның негізгі себебі  жасөспірімдердің моральдық және психологиялық тұрақсыздығы екендігін айтады. Есесіне, бұл қадамға барған баланың өзі қылмыс нысанына айналатынын түсіне бермейді.

Айбөпе Сабырова

Сіз не дейсіз?

Қайролла Көшқалиев, облыстық дін істері басқармасының басшысы:

– Бұл – ресми деректер ғана. Ал, баланың өзін өмірге әкеліп, тәрбие берген ата-анасынан қашып кетуіне кім кінәлі? Таңертеңнен кешке дейін күйбең тірліктің қамымен жүріп, бауыр етімізді мейірлене иіскеп, жанымызға тарттық па? Әлде материалдық құндылықпен ғана шектеліп жүрміз бе? Мүмкін, бірнеше рет үйінен кеткен баламен тәжірибелі психологтар мен теологтар тілдесуі керек шығар. Біз бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.

Сирияға кетіп қалған кәмелетке толмаған балалардың ата-анасының тұрмыстық жағдайы жақсы, басым бөлігі – кәсіпкерлер. Сондықтан, бүгінде кейінгі ұрпақтың отбасынан жылылық сезінуі  маңызды    жайттардың бірі болып отыр.

Гүлайна  Иманәлиева, ата-ана:

– Әлімжеттік – бұрыннан келе жатқан адамның психологиясы мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерді қамтитын ауқымды құбылыс. Мейлі балабақша болсын, мектеп, университет, әскер немесе жұмыс орны болсын, әлімжеттік деректері жиі кездесетінін байқап жүрміз. Ал, білім ордасы дегеніміз – ересектер әлемінің кішігірім моделі, бала тұлға болып қалыптасатын орын әрі кезең. Бұл шақ адами тұлға болып қалыптасуда ерекше орын алады.  Меніңше, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік пен бір-біріне қатыгездік танытып, күш көрсетуі – үлкен проблема. Оны ата-аналар мен білім беру жүйесі, құзырлы органдар бірлесіп шешуі қажет.

Айбөпе Сабырова

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*