Әлеуметтік кәсіпкерлікке не кедергі болып отыр?

Соңғы жылдары елімізде «әлеуметтік кәсіпкерлік» деген ұғым қолданысқа ене бастады. Бұл әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Мұның кәдімгі кәсіпкерліктен айырмашылығы сол, өзіңмен бірге өзгелерге де, анығын айтқанда, әлеуметтің аз қамтылған және көмекке мұқтаж тобына пайда әкелуді көздейді. Атырауда да игі бастама иелері бар екен. Біз олармен тілдесіп, бұл бағытта қандай мәселелер барын, оны шешу үшін не істеу қажеттігін сұрастырдық.

Әлеуметтік кәсіпкерлік

«Жарқыра» – жарқын жобаларға жол ашпақ

Әлеуметтік кәсіпкерлікке ден қоймас бұрын оның мән-маңызын түсініп алған дұрыс. Осы ретте, атыраулық тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама жұмыстары бұл ұғымды көпшілік түсіне бермейтінін көрсетті. Демек, бизнестің әлеуметтік артықшылықтарын насихаттау керек.

Сөзіміз дәйекті болуы үшін бір мысал келтірейік. Еуропада бір қымбат мейрамхана бар екен, мұнда бұрын сотталғандар мен нашақорлар қызмет көрсетеді. «Онда несіне қымбат?» деп ойлайтын шығарсыз, әрине. Тіпті, жергілікті тұрғындар тұрмақ, саяхаттап келген туристердің өздері де алдымен осында келеді екен. Олай болса, табыстың кілті неде? Мейрамхана басшылығы қаражаттың басым бөлігін қызметкерлерді оқытуға жұмсайды екен. Ендеше, адамның кім және қайдан екені маңызды емес болғаны ғой. Егер оны тиісті дәрежеде оқытып-үйретсе, табысқа қол жеткізуге әбден болады деген сөз.

Ал, бізде қалай? Қолынан іс келмесе де, дипломы барлар қызметке тұрады. Оның үстіне, темір торда жазасын өтеп шыққандардың жұмысқа алына қоймайтыны анық мәселе. Сонда не істеу керек?

Бұл орайда әлеуметтік кәсіпкерлік бағытындағы «Жарқыра» бағдарламасын ерекше атап айтуға болады. Негізгі мақсаты – жергілікті жердегі, соның ішінде алыс ауылдардағы кәсіпкерлердің бизнес-жобаларын жүзеге асыруға қолұшын беру. Бұл арқылы түрлі әлеуметтік, экономикалық, экологиялық мәселелерді шешуді қолға алған жандар қаржылай көмектерге ие болуда.

Бизнес өкілдері арасында жүргізілген сауалнамада қатысушылардың көбісі  әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуға кедергі ретінде табыстың аздығын көрсетіпті. «Жарқыра» бағдарламасында бұл жағы да есепке алынған. Алдымен, бағдарламаның басталғаны жөнінде хабарлама таратылып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі екен. Кейін ұсынылған жобалардың ішінен тек 25-і ғана іріктеліп алынады. Таңдалып алынған жоба иелеріне бизнес жүргізудің қыр-сыры үйретіледі. Ақыры, әбден дайын болған кезде инвесторлармен кездесулер ұйымдастырылады.

Инемен емдеушінің инсульт орталығы

Осындай мүмкіндікке ие болғандардың бірі – бұрынғы дәрігер, қазір кәсіпкер Эльвира Айтуова. Ол Құлсары қаласынан шағын медициналық орталық ашып, бүгінде әлеуметтік кәсіптің нәсібін көріп отыр.

«Он жылдан астам уақыт емханада невропатолог болып қызмет еттім. Бұл саладағы тәжірибем өзім үшін жеткілікті болды деп санаймын. Оған қоса, инемен емдеу әдісін де игеріп алдым, оны қазір де ем барысында қолданамын. Сол кезде алдыма қаралуға келетін адамдардың түгелге жуығы инсульт алғандар болатын. Соңғы үш жылда олардың қатары үш есеге көбейді. Қазір бұл ауру жасарып кетті, яғни, 30-40 жас аралығын қамтиды.

Жүрек талмасына ұшырағандардың көп бөлігі қолдарын қимылдатып, аяқтарын баса алмай қалады. Жап-жас жігіттер мен қыздар аяқ астынан мүгедек атанып, жұмысқа қабілетсіз болып шыға келеді. Енді бұдан әрі қалай өмір сүретінін білмей, әбден әбігерге түседі. Сөйтіп, біржола өмірден түңіліп, келешектен күдер үзеді. Қалған отбасы мүшелері де ауруға қалай күтім жасайтынын білмей дал болады. Осылайша, тұтас бір отбасы күйзеледі. Бұдан асқан қандай жан жарасы бар? Осы кезде «оларды қалай да қоғамға қайтару керек» деп шештім. Бұл менің өмірлік басты мақсатыма айналды десе де болады»,-деді ол бізге ағынан жарылып.

Осыдан үш жыл бұрын жас дәрігер «Еуразия» қоры арқылы мемлекеттен 2 миллион 600 мың теңге грант алып, арманына қол жеткізеді. Бұл ретте «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арнайы жер телімін бөліпті. Бүгінде орталықта көрсетілетін тегін қызмет  арқасында бір айда 20-30 адам өз отбасына оралып отыр. Мұнда реабилитолог, массажист, логопед, психолог және басқа да барлығы 15 маман еңбек етеді. Олар соңғы кезде жүйке ауруларының күрт өскендігін, соған байланысты да емдік шаралардың жүргізіліп отырғанын айтады. Расымен де, қазір біреуге сәл артық сөз  айтсаң, қаны басына шапшып шыға келеді. Сондықтан, неврологиялық қызмет аясын кеңейту де – кәсіпкердің алдағы жоспарларының бірі.

Таңғалдырған «Таңсәрі»

Келесі кейіпкеріміз Шәрбат Бисербаева қос мәрте грант иегері атанып, екі жобаның тұсауын кескен. Үш баланың анасы осыған дейін «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс жасап келгенін, енді бизнеске бет бұрғанын айтады.

«Бала кезден ұстаз болуды армандаған едім. Соған енді ғана қол жеткіздім. Былтыр мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болып, «Таңсәрі» атты жаңа балалар театрын аштым. Онда жиырма шақты тәлімгер мүмкіндігі шектеулі, бірақ, өмірге, өнерге деген құлшынысы шексіз жандардың шығармашылығын шыңдап келеді. Мұнда тегін де, ақылы түрде де қызметтер көрсетіледі.

Атырау қаласында Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйі жабылса да, оның түлектері театрдағы дайындақтарын үзген емес. Егер оларға үйірме жұмысы ұнамаса, келмес еді ғой. Шүкір, Македонияның Прилеп қаласында еліміздің атын әлемге танытқан, «Звездочки» атты халықаралық музыкалық балалар байқауының жеңімпазы Санат Асуат секілді жұлдыздарымыз жетерлік. Енді алдағы уақытта екінші жобамызды жүзеге асырмақ ойымыз бар. Ол – халықаралық балалардың өнер лицейін ашу»,-дейді ол.

Артық салмақтан арылтады

Ал, Жылыой ауданының тұрғыны Балерке Күнбаева – ауданда тұңғыш рет фитнес залын ашқан  кәсіпкер. Онымен тілдеспек болғанымызда, ішкі    толқынысын жасыра алмады.

«Мен үй шаруасымен ғана айналысқанды қанағат тұтпадым. Қалай да пайдалы кәсіп көзін табуға тырыстым. Сөйтіп жүргенде артық салмақтан арылуға көмектесетін фитнес орталығын ашу туралы ой келді. Тез арықтаудың тың жолын іздеп, нақты жоспар құрдым. 2014 жылы жұбайым жеке кәсіпкер ретінде тіркеп берді. «Каспий банктен» екі миллион теңге несие алып, дене шынықтыру залын аштым. Кейін мемлекеттен де қаржылай көмектер алдым. Осылайша, небәрі 26 жасымда қыз-келіншектерге арналған фитнес орталығын аштым. Алғашқы келушілердің бірі алты айда 41 келі салмақ тастады. Алғашқыда тез арада арықтайтынына сене қоймаған ол кейін қатты таңғалып, көзіне жас алғаны да бар. Шынымды айтсам, бұған өзім де сенбеген едім»,-дейді ол.

Ал, одан алты айда арықтаудың сыры неде екенін сұрағанымызда ол тәсілді дұрыс қолданбаса нәтиже бермейтіндіктен құпияда ұстайтынын айтты. Міне, осындай Балерке секілді әлеуметтік кәсіпкерлерді оқытып-тоқытып жүрген бизнес-жаттықтырушылардың бірі – жылыойлық кәсіпкер Асқар Секербаев. Оның айтуынша, бизнестің бұл түрі қолданысқа енді ғана еніп жатыр. Сондықтан оның өркен жаюы үшін әлі көп уақыт керек.

«Алғашқы кезде әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысқан Жылыой ауданында – төрт, Атырау қаласында екі адам ғана болды. Биыл олардың қатары үш-төрт есеге артып отыр. Демек, қозғалыс бар деген сөз. Сонда да, әлі де болса, түсіндіру жұмыстарын көбірек жүргізу керек. Бұл кәсіптің де тиімді тұстары бар екенін жұртқа ұғынықты түрде жеткізу қажет. Бұл бағытта «Еуразия» қоры жаңадан іс бастағысы келетіндерге 3 млн. теңге көлемінде қайтарымды қаражат бөле алады. Мәселен, Жігер есімді екінші топ мүгедегі жылқы арқылы, яғни, иппотерапия әдісімен емдейтін және тағы бірі ертегі арқылы емдеу орталықтарын ашты. Олай болса, бизнес иелерін әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуға шақырамыз»,-дейді ол.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*