Әлем мойындаған әріптес – Сингапур

Дүние жүзінде 194 тәуелсіз мемлекет бар. Сол тізімнің қатарынан орын алып отырған Қазақ елі бүгінге дейін аталған мемлекеттердің 184-імен дипломатиялық қатынас орнатты. Осы жылдың наурыз айында әріптестік байланыс орнатылған соңғы мемлекет Латын Америкасы аймағында орналасқан Барбадос елі болды.

Singapore_Roads_Bridges_484036

Қазақстанның алғашқы елшілігі 1991 жылдың мамыр айында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында, маусымнан бастап Венгрия, Италия, Франция, сонан соң Түркияда ашылды. Ал, біздің елде елшілігін бірінші болып ашқан мемлекет – Түркия.

Орта Азия кеңістігінің көшбасшысына айналған Қазақстанның сыртқы саясаттағы жетістіктері бүгінде еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі мәртебесін иелендірді. Бұған Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық, Ислам Ынтымақтастық Ұйымына төбе билік еткен саяси мәртебені қосыңыз. Баламалы қуат тақырыбындағы әлемнің озық технологияларын біріктірген халықаралық мамандандырылған ЕХРО – 2017 көрмесінің Астанада өтуі де сыртқы саясаттағы маңызды қадам. «Атырау» газетінің «Қазақстан дипломатиясы» жаңа жобасы еліміздің сыртқы саясатына, соның ішінде ширек ғасырдан астам уақыттан бері Қазақстан дипломатиялық байланыс орнатқан елдерге арналып отыр. Жаңа жобада әріптес елдердің саяси-экономикалық, әлеуметтік дамудағы озық үлгілері, тәжірибелері туралы кеңінен әңгімеленетін болады.

Биыл Қазақстан мен Сингапурдың арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толып отыр. Атаулы күнге орай, екі мемлекеттің басшылары бір-бірін құттықтап жеделхат та жіберді. Онда екі ел арасындағы әріптестік байланыстың одан әрі нығая түсеріне сенім білдірілген.

Жемқорлықтан ада ел

Дүние жүзіндегі ең дамыған озық отыздығының қатарынан, жалпы, геосаясатта өркениетті елдер санатынан аталатын Сингапур – бүгінде әлемдегі ең ірі мегаполис. 5,535 миллион тұрғыны бар Сингапур өзінің тәуелсіздігін 1965 жылы жариялады. Нарықтық жүйеге негізделген экономика жағдайында тұрмыстық электроника, ақпараттық технологиялар, фармацевтика өндірісі және қаржылық қызмет түрлері өрісті дамыған Сингапур экономикасына трансұлттық компаниялардың ықпалы әлі күнге дейін сақталып отыр. Сарапшылар «экономикасы ашық, әрі жемқорлықтан ада ел» деп бағалаған Сингапурда бағаның тұрақты болуы да жергілікті тұрғындар үшін қолайлы жағдайдың жасалуына ықпал етуде.

«Шығысазиялық жолбарыс»

Сингапурдың «Шығысазиялық жолбарыс» атануына елдің бірінші лидері Ли Куан Юдың ықпалы жоғары болды. Әлем лидерлері әлдеқашан мойындап қойған Ли Куан Ю Сингапурдың тарихын Үкімет пен Әкімшілік құрамын қайта толықтырудан бастады. Патриоттық рухымен ерекшеленген жастардан басқарушы органды қайта құрған Ли Куан Ю «ескі гвардияның» ішіндегі шынайы тарландарды да таңдап алды. Саланың тарландары жастарға жол көрсетуге, бай тәжірибесімен бөлісу үшін қажет еді. Осындай ұрпақ сабақтастығының сәтті аралығын тапқан реформатор Қаржы министрлігі жанынан «Темасек Холдинг» компаниясын құрды. Аталған компания мемлекет меншігіне қарайтын 500-ге жуық кәсіпорындарды басқарды. Іле-шала құрылған Сингапурлық даму банкі аталған кәсіпорындарды қаржыландырумен айналысты. Көп ұзамай мемлекеттік «Singapore Air-lines» әуе компаниясы әлемдегі бәсекеге қабілетті базалардың біріне айналды. Себебі, аталмыш компания заманауи ұшақтарды сатып алып, жолаушыларға жоғары дәрежеде қызмет көрсетуімен ерекшеленді.

500 доллардан 25 мың долларға дейін

Мемлекеттік компанияларды вице-министрлер басқарды. Олар кәсіпорынның қаржылық және экономикалық нәтижелі жұмыс атқаруына жауап берді. Бұл талап қағаз жүзінде қалмай, нақты жүзеге асты. Бір ғана оқулық мәселесін алсақ, біздің елімізде әлі күнге дейін басынан дау арылмай келе жатқан оқулықтардың жасалуы, дайындалуы, тіпті полиграфияда басылып шығу сапасына дейінгі процесті Сингапурде Білім министрінің орынбасары тікелей бақылайды. Осындай деңгейдегі барлық салаға тән тыңғылықты бақылаулар отыз жылға жетпейтін уақыттың, яғни, небары 25 жылдың ішінде Сингапурдағы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің көлемін 500 доллардан 25 мың долларға дейін ұлғайтып тастады. Шын мәнісіндегі қарқынды серпіліс қуатты заңнамалық база, нәтижелі басқару, күнделікті орын алып жатқан процестерді жүйелі түрде талдап отыру, қателік-кемшіліктерді дер кезінде және жедел түрде жою, темірдей тәртіп сияқты маңызды факторлар негізінде мүмкін болды. Сингапурлық кереметтің әкесі атанған Ли Куан Юден бүгінде әлем үлгі алып отыр.

Және бір қызықты дерек, сингапурліктер жемқорлыққа, жалпы, көлденеңінен келетін «оңай олжаға» мұқтаж емес. Неге? Себебі, сингапурлық жалақы басқа елдермен салыстырғанда жер мен көктей. Айталық, 280 миллион тұрғыны бар Америка президентінің жалақысы жылына 400 мың долларды құраса, халық саны әлдеқайда аз Сингапурда президенттің жылдық жалақысы – 1,5 миллион доллар! Премьер-министрдің жалақысы – 1,1 миллион доллар. Шенеуніктерге мансабына, атқаратын міндеттеріне қарай жалақы төленеді. Енді қараңыз, қазақша айтқанда, Сингапурда әр тиынның сұрауы бар. Жалақы алдыңыз екен, жұмысыңызды соңына дейін сапалы атқарып, әр штрихына жауап беруге міндеттісіз. Бұл – талқыланбайтын бұйрық. Әрі, ас ішіп, аяқ босату үшін ғана жұмысқа келіп-кету деген бойкүйездік психологиясы сингапурлықтарға мүлде тән емес.

P.S. Кез келген елдің болашағын ғылым жасайтынын ескерсек, Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық қатынастың озық нәтижесі ретінде 2011 жылы білім саласында қол қойылған меморандумды атауға болады. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен сингапурлық «Temasek Foundation» Ұлттық қоры және «Nanyang Polytechnic International» колледжі арасында қол қойылған меморандум Қазақстандағы техникалық және кәсіби білім беру саласын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етті. Назарбаев зияткерлік мектебі Сингапурмен арада стратегиялық байланыс орнатты. Ресми деректерде қазіргі таңда Сингапурде жүз қазақ студентінің «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алып жатқаны айтылып жүр. Мұның барлығы жақсы. Бірақ, біздің болашағымыз бұдан да жақсы болуы керек. Кешегі Сингапур ғажайыбы біздің елімізде де салтанат құрып, жемісін берген қазақстандық арманға ойысатын болса, бұл Мәңгілік Еліміздің мұратына жеткендігі. Қазақстан мен Сингапурдың арасында дипломатиялық қатынастың ширек ғасырлық датасы екі елдің байланысын жаңа деңгейге көтеруі тиіс.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*