Латын қарпінде жазу қаншалықты ыңғайлы?

Газетімізде латын қарпін пайдалануға қатысты алуан пікірлер жарық көруде. «Жаңа әліпби бізге не береді?» деген сауалға ғалымдар мен түрлі сала мамандары тарапынан дәйекті дәлелдер келтірілді, парасатты пайымдар айтылды. Ендігі кезекте жаңа жазуға қалай көшеміз, сол жағын ойластыру қажет.

1507696646_1

Мәселен, ел газеттерінің арасынан ең бірінші болып ребрендинг (брендті өзгерту) жасап, Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси «Ақ жол» газеті өз атауын латын қарпімен «AQ JOL» деп жаза бастады. Бұған, аталған басылымның бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығы негіз болғанын айтады. Сонымен, латынға көшу жолдары қандай, бұл туралы қоғам не ойлайды екен?

 

 «Jaqsy.kz» ұлттық порталының авторы, «Қазнеттің» ең белсенді блоггерлерінің бірі Өркен КЕНЖЕБЕК:  

оркен_кенжебек

– Латын қарпіне көшу үрдісі бірден бола қоятын нәрсе емес. Сондықтан, қазір тұтас бір мерзімді баспасөз құралын әп дегенде латынша шығара салуға әлі ертелеу сияқты. Әзірге тек маңдайшалар мен билбордтарға жазып, көз үйрете беруге болатын шығар. Мәселен, бірінші сыныптың оқушысына сіз жоғары сыныптың оқу бағдарламасын үйрете алмайсыз ғой. Міне, латын әліпбиіне байланысты да дәл осылай айтуға болады. Сайып келгенде, бәрі алдағы уақыттың еншісінде. Бұл – менің өз пікірім.

Екіншіден, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі латынға толық тек 2025 жылы ғана көшетінімізді айтты емес пе? Сондықтан бұл ретте асығыстық танытуға болмайды. Бұл алдымен қоғамдық сана сүзгісінен өтуі қажет. Мәселен, «Фейсбук» желісіне кірсеңіз, латын әліпбиінің неше бір түрін көресіз. Әр адам өзінің нұсқасын ұсынып жатыр. Міне, осының өзі әлі де ел ішінде талқылау болып жатқанын көрсетеді. Мәселенің екінші қыры бар, егер осылай әркім өз нұсқасын жариялап отыратын болса, латын әліпбиінің не мәні қалады?

 

Сәуле ШАЙХИЕВА, білім беру саласының ардагері, зейнеткер:

15844802_1812503709037152_3004249482228108716_o

– Елімізде тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан жүзден аса ұлт пен ұлыс өкілдері бар екенін білесіз. Олардың өміріне жаңа әліпби қандай өзгерістер әкелмек, қалай әсер етпек, қоғамның бәрі бірдей қазақ тілді емес қой?! Әсіресе, орыс тілді азаматтардың үлесі көп. Оларға алғашқыда қиын болары айтпаса да түсінікті. Бірақ, бұл жерде мынаны ескерген жөн, егер адамзат баласы алға ұмтылып, шын талпынса, алмас асуы, бағындырмас белесі болмайды. Жалпы, бұған қатысты өзге ұлт өкілдерінің пікірлері қандай, соны біліп алған жөн. Соның ішінде, сауалнаманы қарапайым еңбек адамдарынан бастаған дұрыс. Бұл сіздердің, яғни, журналистердің еншісіндегі міндет.

Түбінде латынға көшетініміз айдан анық. Әйтсе де, халықтың оған бірден көше қоюы екіталай. Олай болса, қоғамның көзін үйретіп, алдын ала дайындау керек. Уақыт өткізбей азаматтарды оқытып, үйрету жұмыстарын бастап кеткен дұрыс. Ал, ол үшін үйретуші мамандардың өздерін даярлау керек қой. Бұл бағытта қаншама бағдарламалар, әдістемелік құралдар мен ұйымдастыру жұмыстары  жасалуы қажет, мұның бәрі бірден бола қоятын жайт емес. Демек, латынға толықтай көшу үшін қомақты қаражат пен біраз уақыт керек.

Екінші жағынан, қазір бұрынғыдай емес, технологияның дамыған заманында халық сауатты ғой, жаңа қаріпке де үйреніп кетуі қиын емес. Баяғы кезде де халқымыз сол латынның, арабтың, орыстың әліпбилерін қолданып келді ғой. Соның бәрін сол кездің өзінде меңгеріп алған еді ғой. Ендеше, латынға көшуде де еш қиындық болмауы тиіс.сол себепті, біз әліпби ауыстыру үрдісін бастай бергеніміз жөн. Оған кезең-кезеңімен көшкен тиімді болады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мұрағаттарда тот басып жатқан тозбас мұрамызды қайта жаңғыртамыз деп жатырмыз. Ол үшін кешегі құнды дүниелеріміздің бәрін жаңа әліпбиге аударуға тура келеді. Мен бұл арада тек ғылыми еңбектерді ғана айтып отырмын. Ал, оның сыртында қаншама көркем шығармалар мен газет-журналдар бар…

Міне, мұның бәрі өте ұзақ мерзімді талап етеді. Оны күтіп отыра беретін болсақ, ешқашан латынға көшпейміз. Сондықтан, аз-мұз шағын дүниелерден бастап, іске қазірден кірісе берген дұрыс болады. Газет демекші, сіз өзіңіз қазір латын қарпінде әп-сәтте мақала жазып кете алмайсыз ғой. Әуелі аты-жөніңізді жазып үйрену керек болады. Міне, латын жазуының да өз емлесі, графикасы бар, соны егжей-тегжейлі меңгеріп алмайынша, ештеңе де шықпайды.

Алаштың ардақты азаматтарының бірі, жерлесіміз Халел Досмұхамедов: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, өзге тілде сөйлей білу – сүйініш, өз тіліңді білмей тұрып сөйлеу, ол – күйініш» демеп пе еді?! Қалай десек те, ана тілін толықтай меңгеріп алмайынша, латынға көшу оңайға соға қоймасы анық.

 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жомарт Мұхамбетов:

жомарт

– Әрине, әр азамат зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқан соң, өз ойын еркін білдіре алады. Ең бастысы, айтылған ой-пікірдің сүйенер «сүйегі», яғни, дәлелі бар ма, жоқ па, міне, бар мәселе осыған тіреліп тұр ғой. Біз бұл латын әліпбиін өзіміз ойлап тапқан жоқпыз. Ол өркениетті елдердің тәжірибесінде бұрыннан бар нәрсе. Ендеше, бірыңғай жүйеге неге бағынбасқа? Латынға көшу үрдісі көп елдерде әлдеқашан басталып кеткен. Біз де сол көштен қалмауымыз керек.

Қазір мектеп оқушыларын латынға үйрететін мұғалімдерді дайындау мәселесі өзекті болып отыр. Осыны шешіп алмай, нақты бірдеңе деуге әлі ерте. Сонда қайтпек керек? Алдымен, арнайы оқыту курстарын ашқан дұрыс. Мәселенің бәрі әріпті не сөзді қалай айтуда емес, оның жаңаша жазылуында болып тұр ғой.

Енді өз тарапымнан нақты ұсыныстар айтар болсам, олардың бірі – жоғары білім бағдарламасына латын графикасын үйрететін арнайы пәнді енгізу қажеттігі. Оның Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығында арнайы стандарттары дайындалуы керек. Бұл – үкімет тарапынан шешілуі тиіс, уақыт күттірмейтін, алдыңғы кезектегі проблема.

Екіншіден, латынға көшуді балабақшадан бастаған жөн. Мектепке келгенде бала латынды меңгеріп кететіндей болуы керек қой. Мектеп қабырғасында бұрынғы «Әліппе», бүгінде «Сауат ашу» деген пән бар. Сонда әліпби суреттер арқылы үйретіледі. Міне, латын әліпбиінде де сол тәсілді қолдану керек. Бар болғаны, бұрынғы кириллицадағы әріптердің орнына латын қаріптерін қойып шығу қажет.

Қай бастаманы қолға алсақ та, алғашқыда оңай тимейді ғой. Мәселен, шыны ыдысқа ыстық суды бірден құйып жіберсеңіз, жарылып кетеді. Сол секілді, латын әліпбине толық көшкенге дейін кириллица да қатар жүріп отыратыны сөзсіз. Оның үлесін біртіндеп азайтып отыруымыз керек. Осылайша, ақырындап толықтай көшетін боламыз. Ең оңтайлы шешім осы деп ойлаймын. Себебі, тіл – өте күрделі құбылыс. Ол тек жазу-сызудан ғана тұрмайды. Оның артында парасатты пайым мен терең ой жатыр.

Өкінішке орай, қазір қай мекеме, ұйымға барсаңыз да, құжаттар тек орыс тілінде ғана дайындалатынын көресіз. Таза мемлекеттік тілде қызмет көрсететін кәсіпорындар саусақпен санарлық. Айталық, өзіміздің унвиерситетімізге сырттан құжаттардың бәрі орыс тілінде келеді. Оларды қазақ тіліне аударып, көп уақыт жоғалтуға тура келеді. Сол құжаттарды дайындайтын министрлік өкілдеріне үкімет тарапынан қатаң талап қойылуы тиіс-ақ.

Сауалнама жүргізген: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

1 комментарий

  1. Es’na’rsege alan’damai 2-synptan bastap kos’e beru kerek. qoldanystagy ag’ylsyn a’ripterine qosylgany bar bolgany 9 a’rip. Osyny da so’z deimiz be? Bir aptanyn’ is’inde tolyq i’gerip ketedi. Mug’alimderdi aqs’a s’ygaryp oqytudyn’ qajeti joq.

Оставить комментарий к S'abden Отменить написание

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*