ҰЛАҒАТЫ МОЛ ӨМІР

Тұрекеңнің  қысқа  ғұмырында  көрген  құқайы  аз  емес.  Ұлы  Отан  соғысына  қатысты.    Жауынгерлік  жолын  генерал   Г.Сафиуллин  басқарған  25-ші  гвардиялық  корпустың  қатардағы  жауынгері  болып,  атақты  Орел-Курск  түбіндегі  шайқастан  бастап,  Днепр  бойындағы  немістердің   Кеңес  территориясындағы  соңғы  тұяқ  тірері болған  «Восточный  Вал»  бекінісін  жойған  шайқастан  кейін  аяқтады. 1943  жылдың  қыркүйек  айында  Ұлы  Отан  соғысы  тарихындағы  ең үлкен  шайқастардың  бірі – Днепр  үшін  шайқаста  Тұрдығали  қызмет  еткен 25-ші  гвардиялық  корпустың  240-шы  атқыштар  дивизиясы  құрамындағы 842-атқыштар  полкімен  бірге  бірінші  болып  Днепрден  өтіп,  Букрин  мекені  маңынан  плацдарм  жасап,  негізгі  күштердің Днепрден  өтуіне  жол  ашу  міндеттелген  еді.  Бұл  міндетті аға лейтенант  Нефедов  басқарған  рота жауынгерлері  мүлтіксіз  орындады.  Осы шайқаста  ауыр  жараланып,  оң  қолынан  айырылды.  Майдан  емханасында  ұзақ  емделгеннен  кейін елге  оралды.

Елге  оралғаннан  кейін  бірден  жауапты  қызметтерге  араласты.  Қызмет  жасай  жүріп  Саратов  қаласында  оқып,  экономист  мамандығын  алды.   Аудандық  атқару  комитетінде  жауапты  қызметкер  болды, бөлім  басқарды.   60-шы  жылдары  бұрынғы  бірнеше  колхоздардың  ізінен  құрылған  «Коммунизм  таңы»  совхозының  директорлығына  тағайындалып,  алғашқы  іргетасын  қалаған  басшы  ретінде  ел  есінде қалды.

Көзі  көрген  аға буынның айтуынша, ол 1964-1976 жылдарда  совхоз  орталығындағы  сусыз  ауылды  судан  тарықтырмады.  Арнаулы  қондырғы  алдырып, жарықсыз  ауылға  электр  жарығын  бергізді.  Арнаулы  машина бөліп,  облыс  орталығынан  газ  баллон  тасытып,  ауыл  тұрғындарын  тұңғыш  рет  көгілдір  отынмен  қамтамасыз  етті.  Тұрғындарды  жеркепелерден  шығарып,  ақшаңқан  стандартты үйлер  тұрғызып, пәтерге  кіргізді.  Совхоз  орталығына  сәулетті  клуб,  мектеп  үйін,  медпункт,  пошта  үйін  салғызды.  Ауыл  жаңарды.  Табыс  молайды.  Совхоз  шаруашылығы  өрледі.  Жылма-жыл  облыс және республикааралық  жарыстардың  озаты  атағын жеңіп  алып,  совхоз  ұжымы  «Құрмет  белгісі»  орденімен  марапатталды.

Совхоз  өнімі  Мәскеудегі Бүкілодақтық  ауыл шаруашылығы  көрмесіне  қойылды.  Малшылардың  екеуі – Еңбек  Ері,  біреуі  Қазақ Республикасы  Жоғарғы Кеңесіне  депутат  болып  сайланды.  Тұрекеңнің  осындай  қыруар  еңбегі  танылып,  Қазақ  Республикасы  ауыл  шаруашылығына  еңбегі  сіңген  қызметкер  атағы  беріліп, бірнеше  мемлекеттік  жоғары  дәрежелі  ордендер,  медальдармен  марапатталды.        

Тұрдығали   Оңдасұлы  өмірден  ерте  кетті.  Гурьев  облысының  бірінші  басшысы  болған Саламат  Мұқашев  Тұрекең  туралы  естелігінде  «…мен  аудан  мен  облысты  басқарған   16  жыл  ішінде   Мамбетов Тұрдығалидың  үстінен  ешқандай  пендешілік  сөздер  айтылмады.  Заманның  талабына  сай  еңбек  етті.  Халқына  қамқоршы  бола  білді,  еліне  жақты. Еңбегіне  лайықты  талай  мемлекеттік  ордендер  алған  көрнекті  басшы  еді.  Шынымды  айтайын,  келесі  кезекте  «Социалистік  Еңбек  Ері»  деген  құрметті  атаққа ұсынсақ  деп  жүргенбіз.    Өкінішке  орай,  совхоз  ұжымына  берілген  «Құрмет  белгісі»  орденін  қабылдағаннан  кейін,  екі  айдан  соң  53  жасында  дүниеден  өтті»  деп  жазған  еді.

Бұл күндері Тұрдығали  ағаның  ұрпақтары  өсіп-өрбіді.  Жолдасы  Үмітжан  апамыз  ұл-қызының  бәрінің  жоғары  білім  алуына  қол  жеткізіп,  ұлын  ұяға,  қыздарын  қияға  қондырып  барып  дүниеден  өтті.  Ұлы  Дүйсенғали  әке  жолын  қуып,  ауыл шаруашылығы  мамандығын  алып,  кезінде  совхоз  директоры  қызметін әке  дәстүрімен атқарған  болатын.  Ұл-қыздары  экономист,  қаржыгер, дәрігер, мұғалім  мамандықтары бойынша  білім  алды.  Аталарының   атын  ұлығылаған  немерелері мен  шөберелері де өсіп  келеді.

Ұлмекен   Ғабиденқызы, Л.Н. Гумилев  атындағы  Еуразия университеті  түлегі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*