ҰЛАҒАТ

Мен де әкемнің көзін көргендердің әңгімелеріне құлақ түріп, атқарған еңбегі туралы естеліктерін де қадағалап жүретінмін. Сол бір ізгі жанның саналы ғұмыры жайлы сан деректерінің бір парасымен бөлісіп, кейінгі буынға үлгі боларлық еңбек адамының ғұмырына аз-кем тоқталсам, ұрпақтар сабақтастығын сақтағаным болар.
Әкеміз Қонысбай Баймұқашев Атырау облысы, Жайық өзе¬ні бойындағы Топайлы елді мекенінде дүниеге келген. Балалық шағы қиын жылдарға тап болғандықтан, еңбекке ерте араласады. Сол бір сұрапыл шақты еске алғанда «Ұлы Отан соғысы басталып, елдегі ересек азаматтар қан майданға аттанған уақытта ауылдағы кемпір-шал мен жас балаларға бас-көз болып қалдық, тылда жүріп, әкелеріміз бен ағаларымыздың орнын жоқтатпауға тырыстық» – деп өзі де әңгімелеп отыратын.
Есепке қабілетінің арқасында мектеп жасынан бастап, колхозда есепші болып, са¬бақтан кейін үлкендерге қол¬ғабыс қылды. Міне, содан бері зейнеткерлікке шыққанша есепші болды. Кейін бұл саладағы білімін жоғарылатып, 1950 жылдан бастап Қызылқоға ауданында Абай атындағы совхозда, одан кейін Комсомол совхозында бас есепші болып еңбек етті және оның дамуында, қалыптасуында өз таңбасын қалдырып кеткен ел ағаларының бірі болды. 1987 жылы туған жері Индер ауданы, Өрлік селосына келіп, бас есепшілік қызметін жалғастырды және осы жерде зейнеткерлікке шықты.
Сөйтіп, әкеміз Қонысбай Баймұқашев бар саналы ғұмырын, білімі мен білігін, ұйымдастыру қабілетін аталған салаға арнады. Ес білгелі әкеміздің еңбекқорлығы бізге үлгі болды. Жыл аяғындағы есеп кезінде, өзіміз тұрған совхоз ғана емес, көрші совхоздардың есебіне де көмектескен кездері көз алдымызда. Қатты шаршап келген әкеміздің әр қадамын аңдып, бала болып шулап, тыныштықты бұзуға тырыспайтынбыз. Қазір ойласам, әр мамандықтың өз қиыншылығы болады ғой, десек те әкемнің еңбек еткен кезіндегі қиындықтарын көріп өскесін бе, мен есепшілердің, әсіресе бас есепшілердің еңбегін қатты қадірлеймін де, бағалаймын.
Әкеміз Қонысбай Мысашұлы жауапты қызметін абыроймен атқаруды, әр қадамын ой елегінен өткізуді мақсат тұтқан ізденімпаз, еңбекқор жан еді. Қасыңа қарап қабағыңды танитын, көзіңе қарап болмысыңды аңғаратын, сөзіңе қарап қателігіңді түзейтін, жақсы сөзімен сауықтыратын, ойлағаныңды тауып тұратын асыл қасиет иесі болатын.
Халқымызда «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген қанатты сөз бар. Адамға ата-ана қандай қымбат болса, оларды көрген, кездескен кезде өзіңді көріп, оларды есіне алатын, жақсы қасиеттерін айтып сені марқайтып тастайтын тұстас-замандастары туралы айтылған аталы сөз екені анық. Қияндағы Қызылқоғаға бара қалсақ, біз де сондай жайсаң жандарды көріп, бір жасап қаламыз. Қадірлі ел ағалары Сайпол Мұқанов, Төлеп Тілегенов, Ғайнолла Зинуллин, Махмут аға мен Ағипа апа, әкеміздің жақын досы – Ақдос аға, анамыздың құрбысы – Тойған апа секілді көптеген аға буын өкілдерімен әңгіме-дүкен құрудың өзі бір ғанибет.
Шаңырақтың шаттығын арттырып, берекесін тасытатын отанасы екені сөзсіз. Анамыз Айтжан Қоныстану селосында дүкеншілік қызмет атқарып, еңбекқорлық пен тәртіпті ту қылған жан еді.
Қоғам өмірінен тыс тұлға қалыптаспайтыны сияқты жанұя да адамның бойына нәр беретін рухани тамырлы бәйтерек екені белгілі. Әкеміз Қонысбай мен анамыз Айтжан кез-келген ата-ана тәрізді өз ұрпақтарының биіктен көрінуін армандаушы еді. Міне, бүгінде сол армандары орындалды. Балалары мен немере-жиендері білімнің арқасында өмірден өз орындарын тапты. Тұңғыш ұлдары Серік Қонысбайұлы «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарса, екінші ұлы Лес Қонысбайұлы Атырау облысы бойынша метеорология және техникалық реттеу комитеті департаментінің директоры қызметін атқарады.
Әкеміздің тағы бір ізгі арманы қыздарының ғалым болуын қалап еді. Ата-анамыз армандарының ақиқатқа айналғанын көре алмай кеткені болмаса, бұл да орындалды. Мәншүк – экономика ғылымдарының докторы, Атырау мұнай және газ институтында кафедра меңгерушісі және профессор. Мен де Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде 35 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстазбын. Кенже ұлы Бағытжан мен кенже қызы Эльмира да – өз мамандықтарының шеберлері. Немере-жиендері де ата-әжелерінің арманын орындап, үлкен биіктерден көрінуде.

Ғайни БАЙМҰҚАШЕВА,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің доценті,
педагогика ғылымдарының кандидаты.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*