ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА

«Премьер-Сити» ПИК-іне тоғыз және бес қабатты 16 үй қарайды. 2004 жылы пайдалануға берілген үйлер әлі де жаңа күйінде, сол себепті оларда терможаңғырту бағдарламасын іске қосуға қажеттілік жоқ. Жертөлелердің иістеніп, ылғалданып кету проблемасы да жоқ екенін цокольды қабаттар тегіс дерлік жалға беріліпті. ПИК төрайымы Кәмшат Көшалиева қысқа дайын екендіктеріне сендірді.
Керісінше, Авангард-3 ықшамауданындағы «Әнуар-Авангард» ПИК-іне қарасты өткен ғасырдың 70 жылдары салынған үйлер терможаңғыртуға зәру. Бұған дейін кооперативке кіретін жеті үйге осы бағдарлама бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазірде тағы жеті үй «Үйшік» ЖШС мердігер компаниясының көмегімен жөнделуде. Қала әкімі мердігер мекеменің өкілдерімен бірге көп қабатты үйлерде жасалып жатқан жұмыстарды өз көзімен қарап шықты.
-Тұрғындар терможаңғыртудан өткен үйлерді көріп, қызығушылық таныта бастады. Дегенмен, әлі де белсенділік төмен. «Мемлекет тарапынан неге тегін жасалмайды» деген самарқаулық көңіл-күй кездеседі,-дейді ПИК төрайымы Людмила Шараватова. Бір үйге жасалған жөндеу жұмысы шамамен 38 млн. теңгені құрапты. Тұрғындар оны орта есеппен төрт жыл бойына үйдің шаршы метріне қарап төлейді.
«Әнуар-Авангард» ПИК басқарма төрағасы Николай Другов №30 мектеп-гимназияға баратын жолдағы қиылыстың қауіптілігін, ешқандай жол белгісі қойылмағандықтан балалар үшін алаңдайтындарын; сондай-ақ, 49 үйдің ауласына үш камера орнатылғанмен, бірде-біреуінің жұмыс істемейтіндігін жеткізді.
Нұрлыбек Жұмахметұлы қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Биғамбаевқа айтылған мәселелерді қаперге алып, жұмыстануға тапсырма берді. Сонымен қатар, жүзеге асып жатқан оң істерді халыққа жеткізудегі бұқаралық ақпарат құралдарының орнына тоқталған қала әкімі журналистерге сұхбатында:
-Біз мемлекеттік саясатты қолдап, терможаңғырту бағдарламасының артықшылықтарын көпшілікке түсіндіруіміз керек. Бағдарлама қай жағынан қарасаңыз да тиімді екенін көрсетуде. Осы жолда мүлт кеткен жаңсақтық болса дабырайтып, оң нәтижелер жайлы үндемей қалуға болмайды, – деді.
Балықшы ықшамауданындағы алты бірдей қазандығы бар жылу орталығының шешімін күткен проблемалары барын «Құспанов» ЖК директоры Сәбит Құспанов жасырған жоқ. Мұндағы тұрғын үйлерге ыстық су беру қарастырылмаған. Тұрғындар үйдегі барлық шаруасына салқын суды ысытып пайдаланатындықтан су көп жұмсалады. Алайда, тұрғындар жылу орталығына 47 млн. теңге қарыз, ал орталық өз кезегінде жарық, газ, су беретін коммуналдық мекемелерге осынша сома бережақ.
Шаһар басшысы жылу орталығының түйінін күткен мәселелерін шешудің қаржылай жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.
-Қыс қамсыздықты көтермейді, сондықтан, жаздың әрбір күнін тиімді пайдалануға тиіспіз. Жыл сайын қысқа дайындық қыркүйек айынан басталатын, биыл оны ертерек қолға алып, 1 тамыз – 1 қазан аралығын белгілеп отырмыз,-деді Нұрлыбек Ожаев.
Қала әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаевтың айтуынша, қазіргі күні қаладағы 932 көп қабатты үйдің 540-ы қыс айларына әзір, гидравликалық сынақтан өтіп тұр. Осы жылы Атыраудағы терможаңғырту жұмыстарына республикалық бюжеттен 600 млн.теңге бөлінген. Ал, жергілікті бюджеттен 2012 жылы «Алмагүл» ықшамауданындағы үйлердің лифттерін жөндеу үшін қаражат бөлініпті. Терможаңғырту бойынша тұрғындардың қарызы бүгінде 122 млн. теңге құрап тұр. Оның 32 пайызы қайтарылған. Берешегін өтеуден қашып, бас тартқан борышкерлерді сот тәртібімен жауапкершілікке тарту қарастырылған.

Құралай ҚУАТОВА,
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*