ҚЫСТА ПІСКЕН КӨКӨНІС

Сарапшылардың айтуынша, жабық жерде өсірілетін қызанақтың орташа өнім шығымдылығы гектарына 400-500 тонна болса, осы дақылдың ашық жердегі шығымдылығы одан бес-алты есеге төмен. Сондай-ақ, енгізіліп жатқан жаңа технологиялар суды 2-3 есеге дейін үнемдеп, өсімдіктердің әр түрлі ауруларының алдын алатын көрінеді. 

Қолдау көрген қожалықтар

Аймақта осыдан екі жыл бұрын азық-түлік белдеуін құру мақсатында жайғастырылған он тоғыз жылыжай болса, күні бүгін аумағы 12,4 гектарды құрайтын 27 жылыжай кешені жұмыс жасайды. Бұлардың жартысына жуығы облыс орталығы мен оның маңындағы ауылдарға, төртеуі Қызылқоға ауданына, ал, қалғаны Махамбет ауданының шаруа қожалықтары мен жеке кәсіп иелерінің үлесіне тиесілі.

 Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында «Сабуров С.», «Жұмағалиев», «Сұлтан», «Қанатов», Махамбет ауданындағы «Ким», «Дастан», «Жайық» шаруа қожалықтары мен «Алаша-Атырау» ЖШС егіншілері мол өнімдерімен қуантуда. Жалпы облыс бойынша жылыжайлардан өткен жылы екі мың тоннадай қияр мен қызанақ жиналып, тұтынушылар дастарханына жөнелтілді.

Биыл жылыжай кешендерінің қатары тағы да 18-ге көбеймекші. Осы мақсатта «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша шағын фермерлік жылыжайлар салуға ниет білдірген жиырма кәсіпкерге 44 млн. теңге және бір жеке кәсіпкер «Аграрлық несие» корпорациясы АҚ-ның Атырау филиалы арқылы жеті млн. теңгеге несиелендіріліп отыр.

Қазіргі таңда «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңының шеңберінде субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау жүзеге асырылады. Былтыр қала төңірегіндегі он екі шаруа қожалығына жылыжайда егілген көкөніс үшін 22 млн. теңге субсидия төленді. 

Өтеміс  өсірген өнімдер

Осыдан жылдан астам уақыт бұрын Алғабас ауылындағы «Жұмағалиев» шаруа қожалығы жаңа жылыжайдың құрылысын толық аяқтады. Қалалықтарды арзан, әрі сапалы көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуді басты мақсатына айналдырған кәсіпкер Өтеміс Жұмағалиев көлемі 0,1 га болатын өзінің алғашқы жылыжайын 2008 жылы ашты. Келесі жылдың күзінде алаңды жарты гектарға дейін үлкейтті, сол кезде ол жылыжайдан сексен тонна өнім жинады.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттен алған 270 млн. теңге несиесіне өз бизнесінен жинаған қаражатын қосып, көлемі 2 га болатын жаңа жылыжай салды. Бизнесті қолдау орталығы Канададан шақыртқан тәжірибелі технолог мамандарды оқытумен айналысты. Мемлекет суын, жылу мен жарығын жүргізуге көмектесті.

Өткен жылдың мамырынан жұмысын бастаған жылыжайынан Өтеміс 500 тонна қияр мен 47 тонна қызанақ жинады. Өнімдерін қаладағы «Атаба», «Идеал» супермаркеттері мен базарларға тапсырады. Орал мен Ақтаудан келіп алып кеткендері де болды. Жазда ол өз өнімдерін, тіпті, Астраханға экспортқа шығарып та үлгерді. Кәсіпкер жылыжайдан мол өнім алу үшін ерекше әдіс – көкөністі Ресейден арнайы әкелген аралармен тозаңдандыруды қолға алды. Жылыжайдан жылы орын тапқан аралар қораптардағы ұясынан ұшып шығады да, қияр мен қызанақ гүлдеріне қонып, өздеріне қажетті нәрін алады. Кәсіпкердің айтуынша, арамен табиғи тозаңданған жылыжай өнімі жоғары.

Қазір қожалық егіншілері жылыжайда өсірген қияр мен қызанақты, тәтті болгар бұрышын, аскөк пен ақжелкекті таяу күндері сауда нүктелеріне жөнелтпекші. 

 Кәсіпкерді не  толғандырады?

Өтеміс ЖҰМАҒАЛИЕВ, кәсіпкер:

– Күзгі-қысқы уақытта «Атырау-Жарықтан» берілетін энергия қуатының жетіспеушілігінен жылыжайды пайдалана алмаймыз. Оған тек көктем шыға қолымыз жетеді. Тағы бір мәселе – газдың қымбаттығы, тасымалдауы мен коэффициентін қосқанда әр текше метрі 27 теңгеге барады. Ал, көршілес Ақтөбеде кәсіпорындар үшін – 11 теңге. Жергілікті билікке өзімізден шығатын «көгілдір отын» құнын неге төмендетпеске? Екіншіден, жылыжай кешеніне қажетті полиэтилен пленкасын Түркиядан тасимыз. Осындай жабындыны өзімізден шығаруға әбден болады ғой. Өсімдік зиянкестеріне қарсы пайдаланылатын препараттарды, қажетті тұқымды, тыңайтқыш түрлерін де шетелден әкелеміз. Біз шама келгенше өзімізден өндірілгенді алуға мүдделіміз. Соңғы кезде жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияның да тоқтап қалғаны қиындау соғайын деп тұр.

 

Едіге САБУРОВ, кәсіпкер:

– Жылыжай шаруашылығымен айналысқанымызға бес-алты жылдай болды. Әрине, алғашқыда қиындықтар кездесті. Біраз тәжірибе жинақтадық, мемлекет арнайы бөлінген субсидиямен қолдайды. Өнімдерімізді «Дина» базарына апарып, өткіземіз. Елімізде  қабылданған жаңа заң бойынша біз биылдан бастап жылыжай қиярын зертханалық тексерістен өткізіп, экологиялық таза өнім екендігіне көз жеткізбекшіміз. Бұл – тұтынушыларға қолжетімді бағамен сатуға мүмкіндік береді деген сөз. Ресейден қиярдың голландиялық тұқымын әкеліп, көшетке отырғызу арқылы жылыжай өнімін аламыз.

Біріншіден, жылыжай кешенін дамыту үшін бізде агрохимиялық зертхана жоқ. Екіншіден, топырақ құрамын, түрлі зиянкестермен күресу жолдарын жақсы меңгерген мамандары бар сервистік кеңес беретін орталық тағы жоқ. Менің ойымша, егер біз халықты экологиялық таза, сапалы өніммен қамтамасыз етеміз десек, осы жағына көбірек назар аударуымыз керек.

Мұнайлы өңір халқын жыл бойына көкөніс өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін жылыжайлардың өнімділігін арттыруға жұмыстануымыз қажет. Қазір атыраулықтардың тұтынып отырған өнімдерінің дені Ресейдің Астрахан, өзіміздің оңтүстіктен немесе Өзбекстаннан жеткізіледі. Мәселен, қаратопырақты Украина жеріндегі жылыжайдың әр шаршы метрінен 40 келі өнім жиналса, бізде одан екі есе төмен. Демек, жылыжай шаруашылығында жұмыс жасауға бейімделген топырақтың тұздануын, ауаның ылғалдануын, қалыпты температуралық режімнің сақталуын қатаң қадағалап, агрохимиялық шараларды жүзеге асыруға қабілет-қарымы жететіндей жоғары білімді агроном керек. 

Ақтұрлан  ЕРМАНОВ, Махамбет ауданындағы «Дастан» шаруа қожалығы атқарушы директоры:

– Біздің жылыжайдың көлемі 0,75 гектар. Ауыл іргесіндегі Жайық жағасында орналасқан шаруашылықта он жылдан бері қияр өсіріледі. Жыл сайын ақпанда көшеттерді отырғызып, сәуір айында өнім бере бастайды. Былтыр 125 тонна өнім жинадық.

Қаланың ірі супермаркеттеріне өндірген өнімдерімізді жібереміз. Оған ауылдағылардан да сұраныс жоғары.

Меніңше, қарапайым жылыжай кешендері әр ауданда болуы керек. Олардың көптігі бәсекелестікке жол ашады. Сонда ғана халықтың өздерінде өскен экологиялық таза, әрі сапалы өнімді қолжетімді бағамен сатып алып тұтынуына мүмкіндік туар еді. 

Қалауын тапса, қар  жанар

Көкөніс өндірудің үлкен әлеуеттері бола тұра, біз импорттық өнімдерге тәуелдіміз. Бұл салада инвестицияның аздығы сезіледі. Жалпы кәсіпкерлер жылыжайдың болашағы зор екендігін ұғынғаны жөн.

Жылыжай ісімен айналысуға ниеті бар жандар мына бір мәселеге де назар аударса, артық етпейді. Мәселен, шаруа қожалықтары бірқатар шетелдерде, Қазақстанның кейбір өңірлерінде кеңінен қолданылып жүрген малдың қиын энергия орнына пайдалану арқылы жылыжайға қажетті жылу жіберу сияқты тың тәжірибені де неге назарға алмасқа? Төрт тұяқтының тезегін арнайы қондырғының көмегімен қайта өңдеп, одан электр қуатын өндіруге әбден болатындығын тәжірибе көрсетіп жүр.

Жылу қуаты – жылыжай үшін ең негізгісі, әрі қажеттісі. Мұндағы шығынның басым бөлігі осы бағытқа тиесілі. Электр қуатын пайдаланып, жабық жылыжай кешеніне қыста жылу жіберуге болады, әйтсе де оған жұмсалатын қаржы өзін ақтамайды. Себебі, электр қуатын тым көп қажет етеді, әрі мұндай жерде өнген көкөністің өзіндік құны да қымбат. Сондықтан қажетті қуатты биологиялық жолмен өндіру шаруагерлер үшін тиімді болмақ.

P.S. Жайық пен Қиғаш бойындағы Индер, Құрманғазы аудандарында жылыжай шаруашылығын дамыту кенже қалған. Сондай-ақ, отандық және шетелдік мұнай компаниялары жер астынан шығатын ілеспе газды ауаға босқа жағып жібергенше, жылыжай салып, көкөніс өсіріп, неге өздерінің жұмысшы асханаларын жыл бойына сапалы қияр, қызанақпен қамтамасыз ету жағын ойластырмайды? Шаруа қожалықтары мемлекеттің тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды тиімді пайдалануға неге самарқау қарайды?

Биыл Жылыой ауданында «ТШО-ның қаржыландыруымен аумағы екі гектарлық жылыжай салынбақшы. Бірнеше шетелдік компанияның қатысуымен Индер ауданында 20 гектар жерге жылыжай салу көзделген. Демек, жергілікті халықтың көкөніске деген сұранысын қанағаттандырудың қадамдары жасалуда. Бұл – «тұтынушы дастарханына ұсынылатын өнімдердің сапасына, экологиялық тазалығы мен қолжетімділігіне және қауіпсіздігіне негіз қалады» деген сөз. Ал, жылыжай шаруашылығын дамыту – бүгінгі заман талабы.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суреттерде: жылыжайдан көріністер.

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*