ҚУАНЫШЫМЫЗ КӨП ЖЫЛ БОЛСЫН!

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген бағыттар нақты жүзеге аса бастады.
Индустрияландыру бағдарламасы аясында 7 инвестициялық жоба іске қосылды.
Қазақстанда бұрын-соңды болмаған металл пластикалық құбырлар шығаратын өндіріс, натрий гипохлоридін өндіру зауыты, телеметрикалық жүйелерді қолданумен көлбеу бұрғылау техникаларын жөндеу секілді дара жобалар жүзеге асты.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында ХХІ ғасырдың сын-қатерлерінің бірі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болатынын атап өткен болатын. Сондықтан, облыста дәстүрлі өнеркәсіп индустриясымен қатар агроөнеркәсіп кешенін дамыту басым бағыт болып қала бермек. Биыл ашылған сүт фермаларына қоса, келген жаңа жылы құс фабрикалары мен тауарлы-бекіре зауыты фермасы өз жұмысын бастайды.
Атырау облысы үшін мүлдем тың сала – 2014 жылы 50 түрлі дәрі-дәрмек шығаратын фармацевтикалық зауытты салу жоспарланды.
Тұрғын үй құрылысы да жанданды. Былтыр 870 пәтер пайдалануға берілсе, 2013 жылы 1571 пәтерлі 33 үй іске қосылды. 2014 жылы қоныс тойын тойлайтындар екі есеге жуық өседі.
2013 жылы 1304 бүлдіршін балабақшаға барса, 2014 жылы 3000-нан астам бала балабақшамен қамтылады деп жоспарлануда.
Қадірменді жерлестер!
Жылан жылын қала мен аудандардың Мәдениет күнімен бастап, мың адамдық ұлт-аспаптар оркестрімен жалғастырып, Қазақ киносының апталығы, Театр он күндігі және күні кеше бас мерекеміз – Тәуелсіздік күні Елордадағы бас концертті Д.Нұрпейісова атындағы академиялық оркестрдің бастауы 2013 жылғы Атырау мәдениетінің дәрежесін паш етті деп ойлаймын.
Қазақстан мен Ресей арасындағы аймақаралық әріптес-тіктің Х форумында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2014 жылы ХІ әріптестік форум Атырауда өтетіндігін жария еткен болатын. Бұл келер жылдың басты оқиғасы болмақ.
Өткен жылды қорытындылай отырып, біз жоспарланған жұ-мыстардың көпшілігін орындадық деп сеніммен айтуға болады. 2014 жылы біздің алдымызда жаңа міндеттер мен нақты тапсырмалар тұр.
Ардақты ағайын!
Біз қашанда өткенге салауат айтып, жарқын болашақтан жақсы үміт күтетін халықпыз. Жылқы жылының Атырау облысына берері Жылан жылынан кем болмайды деп үміттенеміз.
Жаңа жылда көрер қуанышымыз көп болып, алар асуымыз биік болғай! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, сәттілік пен бақыт тілеймін!
Жаңа жыл құтты болсын!

Атырау облысының әкімі
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*