Жайықтан ескен жылы леп…

ZHa a kitap Қоғам

Орал өңірінде Жайсаң Ақбай есімді әдебиетші, тарихшы, өнер зерттеушісі тұрады. Заты да атына сай жайсаң деп естуші едім. Өлке тарихын зерттеу ісіне адалдықпен, жанкешті ізденіспен кірісіп жүретін Жайсаң Ақбайұлы ел руханиятына әлі де үлесін қосып, құнды еңбектердің бірінен соң бірін тудырып келеді. Соның бірі мынау қолымызға тиіп отырған «Мағмұр Сұңғат» кітабы. Мағмұр – араб тілінде «қызық, әдемі, келісімді», ал Сұңғат – «өнер, шебер» деген мағына береді екен.

Жаңа кітап

Еңбектің негізгі тақырыбы – мәдениет. Он үш тарауға бөлінген кітаптың алғашқы тарауын да автор осы ұғымға баға беруден бастайды. Ал, «Қазақтың ұлттық мәдениеті» атты тарауда автор қазақ мәдениетінің тектілігі, тіл мәдениетінің байлығы, қазақ мәдениетінің азаттық, еркіндік қасиеттері, өнерге өшпес із қалдырғандарды құрметтеп, олардың ісін жал-ғастыруы, көне мәдени құндылықтарды сақтауы жөнінде айта келіп, қазақ мәдениеті – ұлт тұтастығының тірегі деген ой түйеді. «Өткеннің іргелі ғибратты тағылымдары» деген тарау осыдан мың жыл бұрын жазылған әйгілі «Кабуснамадан» үзінділер берумен басталады. Автор сонымен қатар, осы тарауда адами тағылымдар, қазақи әдептілікке қатысты мақал-мәтелдерге орын берген. Сондай-ақ, мемлекет қайраткерлері Фариза Оңғарсынова, Мырзатай Жолдасбеков, Нұрлан Ноғаевтың батыс өңірінің мәдениеті туралы ойларын келтірген.

«Өнер әлемі» атты тарауда Жайсаң Ақбайұлы қазақ халқының асыл өнері, соның ішінде ән, күй, айтыс, би, театр, кино, бейнелеу өнері хақында ой толғайды. Сөз өнеріне ерекше тоқталады. Осы аталған өнер түрлерінің қазақ халқының табиғатымен біте қайнасқан менталитеттік ерекшеліктерін қызықты етіп жазады. Бұл тарауда сондай-ақ еліміздің батыс өңірінен шыққан 86 ғалымның, 28 күй өнері шамшырақтарының, Орал өңірінен шыққан сегіз ақын-жазушының, 23 сахна шеберінің, 23 айтыс ақынының, 35 әншінің, 19 әнші-термешінің, 21 кітапханашының, 19 мәдениет саласында ерен еңбек еткендердің, «Астана» телеарнасы мен «Қазақстан» ұлттық арнасында еңбек ететін, батыс өңірінен шыққан 10 өнер қайраткерінің және музей қызметкерлерінің суреттерінен тұратын фотогалереяға орын берілген.

Кітаптағы «Батыс Қазақстан өңірінің мәдени-рухани өнер кеңістігі» деген тарауда автор Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің құрылу тарихы, Махамбет, Құрманғазы, Динаның, Мұхиттың, Ғарифолланың, Нұрпейіс Байғаниннің, Құдайберген, Ахмет Жұбановтардың, Шамғон Қажығалиевтің, Ғазиза Жұбанованың, Қали Жантілеуовтің, Базарбай Жұманиязовтың, Қаршыға Ахмедияровтың, Шәмші Қалдаяқовтың, Ескендір Хасанғалиевтің, Біржан  Хасанғалиевтің, бейнелеу өнерінің шебері Сәкен Ғұмаровтың, Әзидолла Есқалиев атындағы «Алтын домбыра» байқауының жүлдегері, жас домбырашы Ақылбек Бектасовтың, режиссер Асхат Маемировтың, әнші Жаңылсын Хасанованың, әйгілі Димаш Құдайбергеннің қайталанбас өнерлері жөнінде құнды мәліметтер ұсынады.

Ал, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Илья Жақановтың «Дирижер» атты мақаласында Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан облысының қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Еркін Нұрымбетовтың сан қырлы өнері суреттеледі.

Кітапта «Батыс Қазақстан өңірінің әдебиеті» деген толымды тарау бар. Мұнда сонау Бай ұлы аңыздары, «Еділ-Жайық» ертегісі, Нарын әпсаналары, Алтын Орда мен Ноғайлы дәуірі жырларынан бастап күні бүгінге дейінгі батыс аймақтың әдебиеті туралы оқырман үшін пайдалы малғұматтар беріледі.

Сол секілді, «Атырау облысының мәдениеті мен өнері», «Ақтөбе облысының мәдениеті мен өнері», «Маңғыстау облысының мәдениеті мен өнері» атты тарауларда осы өңірлердегі мәдениет ісінің тарихы, бүгінгі дамуы, осы істе жүрген әдебиет пен өнер саңлақтары туралы сыр шертіледі. Кезінде айдынды Атыраудың айбыны болған, қазір де сол биікте тұрған Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптар оркестрі, «Нарын» фольклорлық-этнографиялық ұлт-аспаптар оркестрі, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония, Ембі халық театры, Аққыстау халық театры, Өрлік халық театры, Қызылқоға халық театры, «Жайық қызы» ансамблі туралы құнды мағлұматтар бе-рілген.  Атыраудан түлеп ұшқан актер Нұрмұхан Жантөрин, биші Гүлжан Талпақова, күйшілер Рысбай Ғабдиев, Әзидолла Есқалиев, Айтқали Жайымов, Бақыт Қарабалина, Қаршыға Ахмедияров, Айгүл Үлкенбаева, әншілер Ғафиз Есімов, Мекес Төрешов секілді таланттардың есімі аталады.

Айта берсек, кітапта қазақ мәдениетіне қатысты құнды деректер мол-ақ. Оның бәріне шолу жасауды шағын пікірдің шеңбері көтермейді. Түсінген адамға мәдениет деген адамның жанынан, рухынан ажырамас дүние. Сондықтан, мұндай кітапқа саналы адамның қызықпауы мүмкін емес. Оқыған адам еш өкінбейді. Өз басым алған әсерім шексіз болды. Жайсаң ағаның бұл туындысы менің жаныма Жайықтан ескен жылы лептей әсер етті.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз