ЖҮК ПОЙЫЗЫН АПАТТАН САҚТАДЫ

Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз селосында жүк пойызының рельстен шығып, апатты жағдай тудырғаны жөнінде бір кездері ақпарат құралдары жарыса жазған еді. Бірақ, ақпанның басында орын алған сол бір оқиғаның басты кейіпкері еш жерде аталмай елеусіз қалды. Түсініктірек болуы үшін, басынан бастайық...

Қандыағаш-Мақат бағытындағы №3480-ші жүк пойызы Сағыздың үстінен өтіп бара жатты. Бұл оныншы ақпан, кешкі сағат 19.00 шамасы болатын. Сол күні әдеттегідей кезекшілігіне келген теміржолшы Зейнекеш Сағындықов негізгі жолдағы пойыздың қатты жылдамдықпен келе жатқанын байқайды. «Оқыс дыбысты естідім. Сөйтсем, вагонның артқы дөңгелегі бұзылып келе жатыр екен. Дереу пойызды тоқтатуға белгі беріп, құтқару бригадасына хабар бердім. Текке дабыл қақпаған екенмін. Дөңгелек қақ ортасынан жарылып кетіпті. Абырой болғанда, бір вагон ғана жолдан шықты. Пойызды уақытында тоқтатпағанымда, жүк тиеп  келе  жатқан 54 вагонның барлығы дерлік аударылып, үлкен апатты жағдай орын алатын еді» дейді кейіпкеріміз.

Бүгінгі таңда сараптама жұмыстары жүргізілуде. Сол себептен, пойыздан не себепті ақау шыққанын анықтап айту мүмкін болмай отыр. Білгеніміздей, осы оқиғадан соң «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ «Ірілендірілген Атырау жол дистанциясы» филиалына қарасты №1-ші өндірістік учаскенің жол жөндеушісі Зейнекеш Сағындықовты «Қазақстанның Құрметті теміржолшысы» атағына ұсыныпты.

«Еңбек ер атандырады» деген осы. Қарапайым ғана жұмысшыны есімі құрметпен аталатын маман иесі деңгейіне жеткізген де өз ісіне деген адалдық еді…

Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз