Ұлттық құндылықтарды ұлықтау бағдары

EAC3261 Мәдениет

Бұл мақала – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында  ұлт рухының ерекше салтанат құруына негіз болған жазба. Жеті санына ерекше мән беретін қазақ халқы үшін Президентіміздің мақаласы  «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталуының өзі тегін болмаса керек. Себебі, Елбасымыз тарихтың тұңғиығына терең бойлай отырып оның жеті ерекшелігіне айрықша түрде мән беріп отыр. Сонау ерте заманнан бастап қазіргі заманға дейінгі  мәдени жетістіктерімізді саралай келе, тарихи жәдігерлерміз, қазақ халқының өз әдет-ғұрпы, салтын сақтай отырып, Ұлы даланың бос кеңістігін игергендігін айта келе, осының бәрі қазақ мәдениетінің қалыптасуына негіз болған дүниелер екенін жазады.

_EAC3258

Тарихтың таразысы, болашақтың бастауы

Жазбада өзіміздің төл тарихымызға ерекше мән берілген. Қазақ – қанша мәрте ашаршылықты, қуғын-сүргінді, қақтығыстарды, сұрапыл соғыстарды басынан кешірсе де өз ар-намысын, патриотизмін, еліне,  жеріне деген сүйіспеншілігін ұмытпаған халық. Ата-бабамыз ұлан-байтақ жерімізді болашақ ұрпақ үшін сақтай білді. Сондықтан да бүгінгі таңдағы міндетіміз – ата-бабаларымыздан қалған мұраны сақтай білу.

Елбасымыз өз мақаласында «дүние жүзінің жеті кереметі» демекші,  еліміздің, яғни Ұлы даланың жеті қырына тоқталды. Мемлекет басшысы қазақ жері дүние жүзінде көптеген материалдық мәдениеттің бастамасы болғанын және олар қазіргі мәдениеттің ажырамас бір бөлігіне айналғанын сөзге тиек етеді. Әрине, материалдық мәдениетті айтқанда, қазақ жерінде пайда болған көптеген техникалық жаңалықтарды айта кетуіміз керек. Қазіргі таңда ойлап қарасақ, біз атты қолға үйрету арқылы көптеген жетістіктерге жеткен екенбіз. Атап айтқанда, сол кездегі уақыттармен ойлайтын болсақ, адам атқа міну арқылы айшылық алыс жерлерді бір табан жақындатқандай болды. Жалпы, жылқының ауыл тұрмысындағы, үй шаруашылығындағы орны мен көшпенді халқы үшін маңызды рөл атқарғаны айтпаса да түсінікті. Бұл үрдіс бүгін де жарасымды жалғасын табуда. Өйткені, қазіргі уақытта да қазақтар жылқы малына ерекше мән береді. Түрлі деңгейде ат жарыстар ұйымдастырып, ат баптайды. Қымыздың шипасы мол сусын екенін сонау заманнан бері ұғынып, қолданып келеді. Ал, бұл күнде оның түрлі аурулардың алдын алатын ерекше қасиеті  ғылыми тұрғыда белгілі болып отыр.

Біз – ежелден әртүрлі металл кендеріне бай мемлекеттердің біріміз. Елбасымыз да қазақ жерінің түрлі аймақтарында тау-кен өндірістерінің пайда болғанын айта келіп, одан түрлі қымбат қорытпалардың да алынғандығын айтады. Шынымен де, бүгінгі таңда ойлап қарасақ, ата-бабаларымыз, әжелеріміз, сол кездің қыздары пайдаланған әшекей бұйымдар қалай жасалған? Расымен де бұл қазақ жерінде металлургия технологиясының даму тарихы тым тереңде екенін байқатады. Көне қазақ мәдениетінде алар орны айрықша аң стиліне Елбасымыз озық мәдениет деп баға берген. Расымен де қар барысын символына айналдырған халық үшін бұл – баға жетпес құндылықтарымыздың бірі.

Біздің төл мәдениетімізге жаңаша көзқараспен әсер еткен, әрине, ол Қазақстанның әртүрлі аумағынан табылған Алтын адам. Алғашқысы – 1969-1970 жылдары археолог К.Ақышев  тапқан жасы 17-18 шамасындағы сақ жауынгері. Мүрдемен бірге металл, қыш, ағаштан жасалған ыдыстар, зергерлік бұйымдар қойылып, қабірдің өзі ағаш қақпақпен жабылып, темір құрсаулармен бекітілген, еденіне тақтай төселген. Ал, адам қойылатын жеріне алтын жапсырмалармен безендірілген төсеніш салынған. Алтын адам киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген. Бұл оқиға дүниежүзілік ғылым үшін де, мәдениет үшін де үлкен сенсациялық жаңалық екеніне ешкімнің де таласы болмады. Бұл жаңалық сол кездегі халықтардың тұрмысы мен олардың болмысына, мәдениеті мен өркениетіне жаңаша көзқараспен қараудың керектігін білдірді.

Ұлан-байтақ жерімізді көшпенділіктің күйін кешіп жүріп найзаның ұшымен, білектің күшімен ат үстінде жүріп, үлкен ақылдылықтың арқасында сақтай білген ата-бабаларымыз сол кездің өзінде-ақ экономикада,  саясатта, мәдениетте де өздерінің өшпес іздерін қалдыра  білген. Сонымен қатар, ғылымның қай саласы болса да өз қолтаңбасын қалдырған ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің Отырар жерінде және түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Яссауидің Түркістан жерінде өмір сүріп, ілім таратқаны жөнінде атап өтуінің де мәні зор.

Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстан көптеген елдердің транзиттік коридорына айналғаны анық.  Ұлы Жібек жолының атауы жібек саудасына байланысты аталғаны түсінікті. Ал, «Ұлы» сөзінің қосылу себебі – жолдың кең байтақ Шығыс өлкелері мен Батыс өлкелерін байланыстыруында. Қазақстан бұл күнде алма мен қызғалдақтың тарихи отаны болғаны ғылыми түрде дәлелденген. Дәл осы Қазақ жерінен бастау алған бұл өсімдіктер біртіндеп бүкіл әлемге тарағаны уақыт өте келе белгілі болды. Яғни, біздің ғалымдарымыз бен ауылшаруашылық мамандары бұл үлкен істі қайтадан қолға алып жаңғыртады деген ойдамын.

_EAC3261

Жаңа  жобалар – ұлт  мұраты

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша бірден алты жобаны іске асыруға кеңес берді. Бұл жобалар қазақ халқының дүниетанымының кешегісі мен бүгінгісін және ертеңін қайта зерделеуге мүмкіндік берді. Мемлекет басшысының архив мәселесіне мән беруі, арнайы жеті жылдық бағдарлама жасауымыз қажет деп атап көрсетуі бұл жобаның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Әрине, бұл жеті жылдық жоба аясында көптеген ғалымдар, соның ішінде тарихшыларымыз, мәдениеттанушыларымыз, философтарымыз және басқа да  ғылым өкілдері алыс-жақын шетелдік мұрағаттармен жүйелі түрде байланыс орнатып,  тарихымызды терең зерттеудің тағы бір үлкен мүмкіншілігін туғызатыны хақ. Ал, «Ұлы  даланың  ұлы есімдері» жобасы бойынша Елбасы қазақ жерінен тек Қазақстан халқы ғана емес, бүкіл әлем еліктейтін даңқты батырлар, ойшылдар, ел билеушілер мен тарихи тұлғалардың жеткілікті болғанын тағы да бір еске салады.

Президенттің «арнайы оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» деп көрсетуі және әртүрлі ғылым саласындағы майталман ойшылдарымыз бен ел билеген тұлғалар бейнесінің галереясын ашу жөніндегі тапсырмасы, ұлы дала тұлғалары туралы сериалдарды шығару – мұның бәрі сайып келгенде қазақ халқын дүниежүзіне қай қырынан болса да жақынырақ таныстырудың бір тетігі.

Үшінші жоба «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін»  деп аталса, оның аясында да Елбасы нақты ұсыныстарды атап өтеді. Сайып келгенде, оның қай-қайсысын да өз деңгейінде жүзеге асыру – ұлтымыз үшін үлкен сын,  әрі тұтастай түркі әлемі алдындағы орнымызды мығымдай түсудің бірден-бір тиімді тәсілі. Әр тасына тарих тұнған еліміз үшін Президент айтқан «Ұлы дала» ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрудың үлкен маңызы бар екені сөзсіз. Қазақ – қай заманда болмасын,  өз ауыз әдебиетінен, аңыз әңгімелерінен, жыры мен әнінен немесе қиссалары мен эпостарынан нәр алып, сусындап өскен халық. Сондықтан да «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасының қазақ халқы үшін маңызы  зор. Бұл бастамалар да осы сала мамандары үшін тың серпін, соны нәтиже беріп, ел жадынан ұмытыла бастаған небір мәдени құндылықтарымызбен қайта қауышуға мүмкіндік тудыратыны сөзсіз.

Соңғы уақытта Қазақстан егемендіктің арқасында кино өнерінде көптеген жетістіктерге жеткені белгілі. Отандық кино түсірушілеріміз түрлі жанрдағы туындылары немесе телебағдарламалар арқылы халық ықыласына бөленуде. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклын өндіріске енгізу керектігін жазды. Аталған жоба арқылы кино өнері одан әрі дамып, жаңа серпін беретініне сенеміз.

Сағынгерей Аймұратов,

философия ғылымдарының кандидаты.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз