ҚОШЕМЕТ ҚҰШАҒЫНДА

Қалыптасқан дәстүр бойынша мерекелік басқосу марапаттау шараларымен жалғасты. Осылайша, Исатай ауданындағы «Мажанов» ШҚ жетекшісі Тұрлан Мажанов, Қызылқоға ауданындағы «Тасшағыл» ӨК басқарма төрағасы Оңғар Жанықұлов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Ажаргүл Қалжігітова «ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» белгісімен марапатталды.
Одан соң төмендегі бір топ азаматтар Атырау облысы әкімінің Алғыс хатын иеленді. Олар: Елемес Абдошев – облыстық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, Бақтығали Жиенқұлов – «Ащысай» ШҚ басшысы (Жылыой ауданы), Ғилымғали Зайдекенов – «Райымбек» ШҚ жетекшісі (Индер ауданы), Сәндібек Атолов – «Атолов» ШҚ басшысы (Исатай ауданы), Біржан Кенжебаев – «Құрманғазы» сервистік дайындау орталығы» ЖШС директоры (Құрманғазы ауданы), Енисей Юн – «Феликс» ШҚ жетекшісі, Қайреден Наубаев – аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі (Махамбет ауданы).
Бұлардың бәрін де иелеріне облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының өзі табыс етті.
Жылдың үздік егіншісі, механизаторы, егін шаруашылығы құрылымының басшысы, мал дәрігері, мал шаруашылығы құрылымының жетекшісі, мал маманы, сауыншы, шаруашылық құрылымы номинациялары бойынша озат танылғандар ұлығыланды. Келесі кезекте кәсіби мереке иелерін құттықтау үшін мінберге облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов көтерілді. Ол өзі басшылық жасайтын қоғамдық ұйымның ұсынысымен, облыс әкімінің қолдауымен биылдан бастап, есімі елімізге белгілі малбегі, Социалистік Еңбек Ері Сақан Дәулетқалиев атындағы арнаулы жүлденің тағайындалғандығын және осындай айрықша марапаттың иесі ретінде алғаш рет Құрманғазы ауданындағы «Мақаш» өндірістік кооперативінің аға шопаны Тасемен Жанғалиев танылғандығын мәлімдеді. Атаулы сыйлықты иесіне Еңбек Ері Сақан Дәулетқалиевтің өзі салтанатты жағдайда тапсырды.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Сағындық Лұқпанов кәсіби мереке иелерінің бір тобына марапаттарын табыстады. Кәсіби мерекеге орай бір топ агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері әріптестерін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*