ҚОС МАЙДАННЫҢ КУӘГЕРІ ЕДІ…

1944 жылдың қыс айы болатын. Өмір мен өлім арпалысқан аласапыран күндердің бірінде көзінен ауыр жарақат алған жас жігіт госпитальда емделеді. Тәуір болғаннан кейін майдан шебіне  қайта оралып, Венгрия, Румыния, Австрия жеріндегі қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Кеңес әскерлерінің алға жылжуына дивизия солдаттары үлкен үлес қосты. Бұл кезде жауды күйрете жеңген Кеңес армиясы соғыс тізгінін қолына алып, барлық майдан шебінде қиян-кескі ұрыстар жүргізіп жатқан. Ол, қасындағы жауынгер жолдастарымен бірге Будапешт, Венаға дейін барды. Қан майданның ортасында жүріп Сталинград, Ростов, Донбасс, Киев, Житомир, Белая церковь, т.б. қалалар мен селоларды азат етуге қатысады. Жас жауынгер де сол ұрыстарға қатысып, талай жауынгерлік ерлік көрсетеді. Одан әрі от пен оқтың ортасында ел үшін, бүгінгі жарқын болашақ үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, фашистік Германияны талқандау үшін Польша, Венгрия, Австрия, Чехословакияда соғысып, Будапешт, Прага, Вена қалаларын азат ету үшін жаумен аянбай шайқасты.

Бірнеше әскери операцияға қатысқан қазақ жауынгері Кеңес әскерлерінің жеңіске жеткендігі туралы сүйінші хабарды Прагада естіп, қаруластарымен бірге мәре-сәре болады. Осы жерде шексіз қуаныштан, аспанға от шашып, Жеңісті тойлап жатқан жауынгерлер Қиыр Шығысқа, Жапония соғысына дайындалуға бұйрық алады. Артынан Жапон соғысы біткенімен, Кеңес жауынгерлерінің бірнеше құрамасы сол жерде шекара шебінде қызметке қалдырылды.

Хакім Меңдіғалиев содан 1950 жылы ғана елге оралады. Ол бейбіт күнде де бар күш-жігерін құқық бұзушылықпен күреске жұмсап, ішкі істер органдарында қызмет етті. Кейін соғыс салған дерт қызметін жалғастыруына мүмкіндік бермеді. Көзінен алған жарақаты себебінен комиссиядан өтпей қалған ол сауда саласында қызмет істеп, зейнеткерлікке шықты.

Хакім Меңдіғалиев тірі болса 9 мамыр Жеңіс күнімен қатар келген торқалы 90 жасын тойлап, немере-шөберелерінің қызығына бөленіп отырар еді… Бүгінде талай қан қасапты басынан өткерген ақсақалдың ерлікке толы өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*