КӨРМЕДЕ – өзіміздің өнім

Жалпы, айтулы мереке қарсаңында өткізілген көрмеге 15-ке тарта жеке кәсіпкердің өнімдері қойылды. Қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірованың айтуынша, бағдарлама бойынша қаражат алғандардың барлығы да шаруаларын жалғастырып жатыр.
Мәселен, Сарыөзек елді мекенінен келген Жеміс Қиярова былтыр 3 млн. теңгеге шағын несие алып, «Үміт» фермерлік шаруашылығын ашыпты. Алған қаражатына аумағын қоршап, қорасын салыпты. Елімізде құс шаруашылығына субсидия берілмегендіктен жемшөп дақылдарын өздері сатып алатын көрінеді. Шаруагер талай мәрте айтылғанымен, жылу мен жарық мәселесі шешімін таппай отырғанына қынжылады. Қиыншылыққа мойынсұнбаған Жеміс еңбегінің алғашқы өнімі, яғни 200-ге тарта қаздан, 50-ге жуық тауықтан жұмыртқа алып үлгеріпті. Құстарын бір рет саттыққа шығарғанмен, үй қаздарын көбейтуге жұмыстанатын кәсіп иесі ісінің нәсібі болатынына күмәнданбайды.
Осыған көршілес «Рассвет» фермерлік шаруашылығы – Анатолий Емурановтың иелігінде. Биыл маусымда екі гектар жеріне құс, қоян өсіруді қолға алған. Шағын несиесіне қыстайтын арнайы орын салып жатыр екен. Бүгінде оның 70 пайызын аяқтап қойған. «Негізгі қызметім – қоян өсіру. Кейін құс шаруашылығын да меңгердім. Оларды ұстайтын қораларым жетіңкіремейді. Әйтпесе, біле-білгенге қоянның еті де, іш майының да пайдасы орасан зор. Мысалы, еті диеталық өнім саналады, қант диабетімен ауыратындар осыны қолданады. Ал, ішіндегі майы өкпе, тыныс жолдары ауруларына жақсы. Борсық, иттің майы да осындай қасиетке ие болғанмен, бауыр мен бөтекеге кері әсерін тигізеді. Қоянның майы еш зиянсыз», – деген Анатолий бір қоянның салмағы 10-12 келі тартқанымен, таза еті бес-алты келі шамасында болатынын айтты. Сондай-ақ, ол құстардың ішінде етті-жұмыртқалы «Брано» түрі бар екендігін атап көрсетті. Бірақ, олардың санын құпия сақтауды жөн көрді.
Көрмеге Томарлы селосынан келген «Орын» шаруа қожалығы шұбат әкелген. Білгеніміздей, қожалықта 140 бас түйе бар екен. Күні бүгінде 20 інгенін ғана сауып отыр. Несиеге шұбатхана ашпақ ойы бар кәсіпкер аптасына 40-50 литр шамасында шұбат сатады екен. Ақсайлық Сағытжан Бисенов ет өнімдерін сатады. Тапсырыспен әкелген малды цехта сойып, саттыққа шығарады. Шұжық, қазыны, тартылған етті де өздері әзірлейді. 3 млн. теңге несиесіне бизнес иесі техника алған.
«Айрис» жеке кәсіпкерлігінің өнімдеріне таң қалмасқа болмады. Олар мал терісін кәдеге асырып, түтілген жүн дайындап шығарады екен. Кәсіп иесі Алтынай Гумарованың сөзіне қарағанда, былтыр 2 млн. теңгесіне құрал-жабдық алыпты. Сөйтіп, «Өркен» ықшамауданынан шағын цех ашқан. Теріден шыққан жүнді алдымен мамандар жуып, тазалап, кептіріп алатын көрінеді. Сосын тарайтын қондырғы арқылы дайын өнім шығарады. Сағатына 5 келі жүн тарайтын құрал күніне 35 келі өнім дайындауға мүмкіндік береді. Қазірде кәсіпкердің қол астында бес маман қызмет етеді. Цех құрылысы кезінде 30-ға тарта жұмысшы еңбекке тартылған.
– Біздің кәсібіміз отырып жасайтын жұмыс болғандықтан, осы ауылдың жұмыссыздарын еңбекке тарттық. Әрине, саладан хабары бар нәзікжандыларды ғана. Көп реттерде жасы елуге таяп қалған әйелдерге қызметке орналасу қиынға соғады ғой. Сондықтан, біз соларды еңбекке тартқанды жөн көрдік. Оның үстіне олардың жүн түтуде тәжірибесі мол болады. Айына 30-60 мың теңгедей жалақы төлейміз,-дейді бізбен әңгімесінде Алтынай. Бір қарағанда, бизнес иесінің кәсібі әнебір табысты болмағанмен, нарықта бір ғана цех болғасын сұраныс та, шикізат та жеткілікті екен. Сондай-ақ, цехтағы мамандар қосымша ескі көрпе-көпшіктің ішін жаңартып, жуып, тазалау қызметін көрсетеді.
«Жұмабаев» жеке кәсіпкерлігі биылғы жыл басынан бері жұмсақ жиһаз жасауды қолға алған. Бизнесменнің «Жұлдыз» мөлтекауданында цехы бар екен. Мемлекет тарапынан көмек ретінде алған қаржысын кәдеге асырып, жиһаз жасап жатқан жайы бар.
P.S: Біз «бизнесмен» дегенде құдды бір байшыкешті көз алдымызға елестетеміз. Әсте, олай емес. Үйде жұмыссыз қол қусырып отырғанша, сүйікті кәсібіңнен табыс тауып, елге де, өзіңе де пайдасы тиген қандай жақсы?! Қалтаңызда қомақты қаражатыңыз болмаса, Елбасы тапсырмасымен шағын несиелер беріліп жатыр. Мереке қарсаңында осындай көрменің өткізілуінде де терең мағына жатса керек.

Айбөпе САБЫРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*