КӨРІНГЕН СОНАДАЙДАН НАРЫН ЕДІ…

Байқаудың мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі әнін, Мұхит, Ғарифолла ән мектебін насихаттау, Мекес Төрешовті мәңгі есте қалдыру. Ән мерекесін Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев ашып, қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі. Ән додасына республиканың түкпір-түкпірінен келген жиырма бес дәстүрлі әнші қатысып, бақ сынады.

Өнер бәсекесі екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңнің шарты бойынша міндетті түрде төмендегі тізімдегі «Ахау, құмған», «Желкілдек», «Боз жорға», «Бағила» сынды халық әндері мен Бейсен Жәнекешовтің «Нарын», Мұхиттың «Қол жетпес», «Айдай», «Ақиіс», Ғарифолла Құрманғалиевтің «Оралым» және Ажардың әні «Соқыр қыз» әндерінің біреуін, Мұхиттан бір ән, Ғарифолладан бір ән және әншінің қалауы бойынша бір халық әні орындалуы тиіс.

Екінші кезеңге өткен әншілер халық композиторларының жоғары диапазонды әндерінің бірінің аты («Айнамкөз», «Паңкөйлек», «Зәуреш», «Қара қаншық», «Мұхит сал», т.б.) жазылған қағазды суырып, сол жерде орындайды.

Одан кейін міндетті түрде Мекес Төрешовтің орындауындағы термелер (Өмір Көшекбайұлының, Шернияз, Құмардың, Кердері Әубәкір, Сүгірдің, Ғарифолла Құрманғалиевтың «Ақын шабыты» халық термесін) орындауы керек.

Ең соңында әр әнші өзінің бір әнін тыңдарман назарына ұсынады.

Екі күнге созылған дәстүрлі әншілер бәсекесі өте жоғары дәрежеде өтті. Халық әніне сусаған Ақжайық өңірі Мұхит әнімен ұйықтап, Ғарифолла әнімен оянды.

Астана қаласынан – Айжан Қырықбай, Назгүл Қабиева, Ақтөбеден – Нұрлан Әбдібеков, БҚО-дан Әсел Лесбекова, Атырау облысынан – Болатбек Құбашев, Нұрдәулет Ахмедияр ынталандыру сыйлығына ие болып, алғыс хатпен және 20 мың теңге сыйақымен марапатталды.

Байқау дипломанттары маңғыстаулық Әзімхан Баймағамбет, Сәбит Шектібай, БҚО-нан Армат Алдамжаров, Медет Мұқановтарға 40 мың теңге сыйақы мен диплом табысталды.

Жүлделі ІІІ орынды және 70 мың теңге сыйақыны алматылық Айсәуле Қайырғазина мен атыраулық Бексана Оңдағанова бөлісті. Батысқазақстандық Артур Сисенов пен астаналық Жалғас Сұлтанов ІІ орынды місе тұтып, 100 мың теңгені иеленді. Атыраулық Жанаргүл Сәкенова мен маңғыстаулық Нұрым Асқанов І орынға ие болып, 150 мың теңге сыйақы алды. Бас жүлдені және 200 мың теңгені батысқазақстандық Данияр Елеуов қанжығасына байлады.

– «Бұрын аймақтық, облыстық деңгейде өтіп жүрген Мекес Төрешов атындағы дәстүрлі әншілер байқауы енді бірінші рет республикалық деңгейде өтіп отыр. Бұл – өте құптарлық іс. Бүгінгідей жаһандану кезеңінде эстрада жанрының көлеңкесінде қалып қою қаупі бар дәстүрлі әнді ел-жұртқа қайта оралту баршамыздың тарапымыздан қолдауға ие болып отыр. Алдағы уақытта «кәсіби әншілер мен табиғи еркін дауыстағы әншілердің сайысын бөлек өткізу керек пе?» деген де сауал бар көкейімізде. Әрине, ол уақыттың ісі. Байқау барынша әділ өтті, баршамыз разымыз», – дейді ән көкпарының қазылар алқасының мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Рая Ләтифуллина.

Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық академияның халық әні класының жоғары санатты оқытушысы Паһаман Құтты-мұратов: «Сайыс өте жоғары деңгейде өтті. Мекес Төрешовтің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі әншілер байқауы жас таланттардың жолын ашты, елге танытты. Өнер додасына қатысқандардың ішінде біздің академиядан білім алып, қазір Астанада, Алматыда консерваторияда оқып жатқан шәкірттеріміз бар. Біз сол үшін қуанамыз. Мұхит пен Ғарифолланы бүгінге жалғаған Мекестер болса, Мекес атын болашаққа апаратындар бүгінгі байқаудың дипломанттары мен лауреаттары, жүлдегерлері», – деп ақжарма көңілмен сыр ақтарды.

Шара соңы мерекелік гала-концертке ұласты.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Суретті түсірген

Ерлан Алтыбаев.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*