КОРЕЙ ХАЛҚЫНЫҢ ЖАҢА ЖЫЛЫ

 

Құрманғазы атындағы мәдениет үйіне жиналған көпшілік алдымен корейлік жаңа жыл тарихы баяндалған бейнефильмді тамашалады. Салтанатты шара қазақ, орыс және корей тілдерінде жүріп отырды. «Барлығыңызды Қазақстан халқы Ассамблеясының  жылымен  құттықтаймын! Кәріс халқының ай күнтізбесі бойынша тойлайтын жаңа жылы – ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан көне салт-дәстүрдің бірі. Тәуелсiздiк, бiрлiк пен келiсiм рухы бiзге күш-қуат пен сенiмдiлiк берсiн» деді  ұйымдастырушылар атынан сөз алған  «Тхоньил» этномәдени  бірлестігінің төрайымы  Людмила Ли.

Корей тілін оқытатын орталық студенттері «Качи, качи сольнарын» («Қарлығаш») әнін орындап, үлкендер алдында корейлік салт бойынша иіліп сәлем жасады. Содан кейін «Самольнари» корейлік этномәдени бірлестіктің жас дауылпазшылары тобы өнер көрсетті. Жаңадан құрылған «Со-Куан» ансамблі «Гүлдер биін» тамаша орындады. Осыдан соң «Саранг» хоры «Ариран», «Сарани» әндерін шырқата жөнелді. Бұдан басқа сахна төріне көтерілген хор әншісі Николай Ким, балалар би ансамблі, вокал дуэті, «Улыбка» өнер ұжымдары көрермен көңілінен шыға білді. Ал, «Мой Казахстан» әні қос тілде орындалғанда, тебіренбеген жүрек қалмады десе болғандай. Кештің келесі бөлімін «Былина» орыс, «Довира» украин, «Татулық» татар-башқұрт, «Видергебурт» неміс, «Иверия» грузин, сондай-ақ, түрік, ұйғыр этномәдени бірлестіктерінің өнерпаздары жалғады. Соңында жиналғандар «Атамекен» әнін қосылып шырқады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*