КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШ

 

Мұнай шығарумен айналысатын С.Балғымбаев кен орны әкімшілік бөлініс бойынша Атырау облысының Исатай ауданына қарайды. Жақын маңайдағы халық жиі қоныстанған жер – аудан орталығы санатындағы Аққыстау поселкесі. Бұл жерден Атырау және Астрахан қалаларын жалғайтын республикалық маңызға ие үлкен трасса өтеді. Ал, Аққыстау мен кен орнының арасы осыған дейін қара жол еді.
Бұл аймақта болған адам жер қыртысының саз балшықты әрі тұзы бетіне шыққан сор екенін жақсы біледі. Оның үстіне кен орны негізінен теңіз деңгейінен төмен, Каспий маңы құламасында орналасқан. Сондықтан, өткінші жаңбырдың өзі қара жолды ұзақ уақытқа дейін құрғай қоймайтын қоймалжың батпаққа айналдырып жібереді. Қыстың күні бұл жақта әрқашан боран соғып тұрады. Сондықтан жаңбырда немесе қарлы боранда 13 шақырымды басып өту үшін арнайы техника қажет, оның өзі бір сағаттан артық уақытта жеткізеді. Тіпті ауа райы «құрғақ» кезде де кез келген адам өз көлігімен ойлы-қырлы, шұқанақ жолдың үстінен өтуге бата алмайтыны рас.
Кен орнында вахталық поселке ұйымдастырылған. Жайлы жатақхана, асхана салынған. Керек-жарақпен толық қамтылған сындарлы медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Мұнай шығарудың режимі мен ұңғыманың жағдайын бақылап отыратын диспетчер бөлімі жұмыс істейді, гараждар мен арнайы техникаларға жөндеу жасайтын цехтар бар. Бір сөзбен айтқанда, мұнайшылар вахта кезінде дербес түрде жұмыс істеп, өмір сүруге жағдай жасалған.
Әйтсе де аудан орталығына қатынау мәселесі шешілмей тұрған еді. Ауданнан су, азық-түлік, қосалқы бөлшектер әкелу керек. Тіпті жаңа ауысымдағы мұнайшыларды уақытында жеткізу де үлкен мәселе-тін. Кенеттен күтпеген жағдай орын алып немесе біреуді ауруханаға жеткізу керек болса, аудан орталығына жол жоқ деген сұмдық емес пе? Бұл мәселе жергілікті әкімшілік пен облыс басшылығы алдында да бірнеше рет көтерілген. Өйткені, бұл жерде жол құрылысын жүргізу – сол атқарушы органдардың құзырында. Бірақ жылдар өте берді де, жол салуға қаржы сол күйі табылған жоқ.
Биыл бұл мәселені шешуді «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ басшылығы қолға алды. («Ембімұнайгаздың» 100 пайыз акциясы осы компанияға тиесілі). Ұйымдастыру жұмыстарын жергілікті әкімшілік реттеді, ал керекті қаражатты акционерлік қоғам өз қалтасынан шығарды. Тендер өткізілді және құрылыс мекемелерімен келісім-шарттарға қол қойылды. Сонымен жолдың құрылысы басталды да кетті.
Бүгінде аудан орталығы Аққыстау мен С.Балғымбаев кен орнының вахталық поселкесін су жаңа айнадай тегіс асфальт жол жалғап жатыр. Енді әлгі 13 шақырымды басып өту көп уақытты алмайды, сондай-ақ, жаңбыр да, боран да жолға бөгесін болмақ емес.

Өз тілшіміз.
PR

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*