КӨП БОЛЫП КҮРЕСЕР ІНДЕТ

 

Мемлекетіміз бұрынғы кеңестік республикалар арасында бірінші болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң қабылдаған болатын. 2001 жылдан арнайы мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Биылдан бастап елімізде «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы өмірге ене бастады. Мұндай кешенді шаралар ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін дертпен күресте қоғам мен мемлекетті бірге әрекет етуге жұмылдыратыны анық. Құқықтық саясаттың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жауапкершілікті арттырудың бас­ты бағыт-бағдары айқындалды. Жалпы, қоғам дертіне қарсы күрес іс-қимыл шаралары «Нұр Отан» партиясының тарапынан бұдан бұрын да жүйелі жүзеге асып келеді. Соның негізінде партия жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес құрылып, арнайы ереже жасақталған еді. Бүгінгі үлкен өзгерістер қоғам жегіқұртына қарсы жүйелі жұмыстардың жүріп жатқандығын байқатады.

Елімізде жемқорлықты жою бағытында атқарылған істерді ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен, оның нәтижесі жұртшылықты қанағаттандырмайтынын Елбасы үнемі айтып келеді. Бұл өз кезегінде келеңсіздікке қарсы өркениетті елдердің озық тәжірибелерін өмірге енгізуді, жаңа жүйе жасақтауды, бастысы, ортақ мақсатқа қоғамды біріктіруді қажет етеді. Бүгінгі «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер осынау үлкен міндетті абыроймен атқарып отыр деп сеніммен айтуға болады. Осы орайда, Атырау облысындағы осындай кеңестің төрағасы ретінде мен бұл бағыттағы жұмыстардың бірқатарына тоқталсам деймін. Өткен жылы кеңестің отырыстарында облыстық білім беру, денсаулық сақтау, спорт және туризм, ауыл шаруашылығы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік басқармалары мен департаменттердің басшылары тыңдалды. Сонымен қатар, Мақат және Махамбет аудандарының әкімдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары турасында есеп берді. Кеңес отырысында күн тәртібіндегі мәселелер жете талқыланып, орын алған олқылықтарға байланысты нақты нұсқау, ұсыныстар берілді.

Қоғамдық кеңестің мүшелері талқыланатын мәселеге ерекше дайындықпен келеді. Осы мақсатта арнайы құрылған сараптамалық топ алдымен жағдайды зерттеуді дәстүрге айналдырған. Сонымен қатар, құқықтық органдардан да қажетті материалдар жинақтайды. Мәселен, аудандағы ахуал ортаға түссе, топ мүшелері жергілікті жерге барып, онымен жете танысады. Мұның бәрі не үшін қажет? Әрине, мәселенің мәнісін білу, тереңірек танысу үшін керек деп ойлаймын.

Оқырманға белгілі, өткен жылы мемлекеттік қызмет саласында үлкен реформалар жүзеге асты. Бұрынғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылым таратылып, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пайда болды. Оның Атырау облысы бойынша департаменті жанынан да қоғамдық кеңес құрылып, жұмысын жүргізуде. Мен төрағалық ететін кеңеске барлық саланың өкілдері тартылып отыр, мұның ішінде қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері, құқық қорғау органдарының ардагерлері,  облыстық газеттердің бас редакторлары, тағы басқалары бар. Енді қоғамдық кеңес анда-санда жиын өткізуші емес, жергілікті жердегі қандай ма мемлекеттік бағдарламаны да қадағалай алатын ықпалды құрылымға айнала бастады. Оның жұмысы сыбайлас жемқорлықтың туындауына жол бермеу, алдын алуға бағытталған. Кеңес қоғам мен аталған департаменттің арасындағы «алтын көпір» десе де болады. Егер тұрғындардан өзекті мәселелерге орай ұтымды ұсыныстар түссе, оны біз департамент арқылы агенттіктің назарына ұсынатындай мүмкіндігіміз бар. Осының негізінде Үкімет деңгейінде тиісті шешімдер қабылданатын болады.

Тұжырымдай айтқанда, Елбасы ұсынған бес институционалды реформаларды жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – еліміздің ертеңгі дамуын айқындай түскен Ұлт жоспары. Сондықтан да, оның жүзеге асуына бір кісідей атсалысу – бәріміздің де міндетіміз.

Сайын ҚУАНЫШЕВ, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*