Конвертер «Абай жолын» 3 секундта латын қарпіне аударып береді

Латын әліпбиіне көшу – келешекке жасалған жарқын қадам. Осы орайда, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешовпен латын қарпінің маңызы мен мәні жөнінде сұхбаттасудың реті келді.

ERM_9169ttt

– Латын графикасына ауысу бізге не береді?

– Ол – біріншіден, қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады, осының аясында тіліміздің табиғатына сай жазу реформасы жүргізіледі. Екіншіден, ұлттың сана-сезімін, ойлау жүйесін, әлемге көзқарасын қалыптастыратын және оның күнделікті қарым-қатынас құралы тіл арқылы қоғамдық санадағы прагматизмді күшейтеді. Себебі, қазіргі кезде латын графикасы жаһанданудың әлемдік дамуын қамтамасыз ете алатын әліпби екенін іс жүзінде дәлелдеді. Прагматизмнің негізгі мәні нақты іс екенін ескерсек, онда бұл – нағыз іскери әліпби. Үшіншіден, ұлттық бірегейлікті сақтауда латын графикасы мемлекеттік тілдің стандартты әліпбиі бола отырып, барлық қазақстандықтардың басын ұйыстырары сөзсіз.

Сонымен қатар, әлемнің әр түкпірінде тұратын қазақтардың ортақ әліпбиіне айналады. Төртіншіден, сарапшылардың айтуынша, қазіргі әлемдік ақпараттың 70 пайыздан астамы және жаңа замандағы білім мен ғылымның басым бөлігі осы латын әліпбиі негізінде тарайды. Сондықтан мемлекеттік тілдің латын жазуына көшуі елімізде білімнің салтанат құруына негізгі алғышарттар қалыптастырады. Өркениетті елдермен байланысымызды нығайтып, дамыған отыз елдің қатарына қосылуға септігін тигізеді. Мемлекеттік тілдің ұлттық бояуын сақтап қалуға, қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік жасайды.

Қазіргі кезде әлем халқының 3 пайызы ғана кирилл әліпбиінде, ал, латын әліпбиін пайдаланатындардың саны 50 пайызға жуық. Кіммен бірге болу өзінен-өзі түсінікті. Бесіншіден, бізді түркі әлемімен жақындастырады. Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Түрік Кипр Республикасы және Молдованың құрамындағы Ғағауыз автономиясы латын әліпбиінде. Жалпы түркі халықтарының 57 пайызы латын, 25 пайызы араб, 17 пайызы кирилл әліпбиін қолданса, қалған 1 пайызы әртүрлі әліпбилерде. Яғни, әліпби тұрғысынан түбіміз бен тегіміз бір түркі халықтарымен бұрынғыдан да жақындаса түсудің сәті туған сияқты. Қарап отырсақ, латын графикасына көшу – заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Ал, бұл қажеттілікті жүзеге асыру біздің еншімізде.

– Латын әліпбиіне көшу – заман талабы дедік. Біз бұған қаншалықты дайынбыз?

– Бүгінгі заман бүкіләлемдік жаһандану дәуірінің сұранысына, талабына шама-шарқынша жауап беруде. Заманды, қоғамды ілгері қарай дамытып, жылжытатын ол – білім, ғылым, өндіріске еніп жатқан жаңа технологиялар. Ал, мұның барлығы сайып келгенде латын әліпбиіне көшу арқылы жүзеге асады. Олай дейтініміз, дүниежүзі халқының жартысына жуығы латын графикасын пайдалана отырып, ортақ инновациялар мен технологиялар тілін меңгеріп, озық тәжірибелермен алмасып, ақпараттық кеңістікке емін-еркін енуде. Қазір бәрінің көзі ашық, көкірегі ояу. Әліпбиді меңгеруге ұзақ уақыт кетеді деп ойламаймыз. Себебі, жаңа әліпбиде кездесетін таңбалар халыққа жат емес. Оны қазіргі таңда қоғамдық орындардағы жарнамалардан, өнім атауларынан, ғимарат атауларынан көптеп кездестіруге болады. Яғни, халық арасында жаңа әліпбиге деген көздағды қалыптасты. Тек қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне тән дыбыстардың жаңа әліпбидегі көріністерін меңгеріп алса болғаны. Қоғам латын әліпбиіне көшуге дайын. Тіпті, бастап кетті десек те болады. Олай дейтінім, біздің орталыққа күн сайын өңірлердегі жергілікті тұрғындар, әртүрлі сала мамандары хабарласып, жаңа әліпбиді қызықтап, өздері қалаған кез келген сөзді жазып, оның дұрыс-бұрыстығын сұрап, кеңес алып жатады.

– Қазақ тілінің фонетикасына қандай өзгерістер енгізіледі?

– Қазіргі таңда жаңа қазақ әліпбиінің жүйелі түрде қолданысқа енуіне байланысты орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік және техникалық-сараптамалық топтар жұмыс жасап жатыр. Олардың мақсат-міндеттері де анық. Орфографиялық топ қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктерін саралай келе, жаңа әліпбидің тілдік ерекшеліктерімізге икемділігін талдайды. Соның негізінде қазақ тілінің фонетикасына өзгерістер енгізіледі. Дегенмен, бір нәрсені анық айтуға болады: орфографиялық емле-ережелерімізді жүйелеуде екі жайтты ескергеніміз жөн. Біріншіден, қазақ тілінің түпкі қалпын, негізін сақтап қалуға әбден тырысуымыз керек. Екіншіден, қазіргі заманға сай, меңгеруге ыңғайлы әліпби болғаны дұрыс.

– Оқулықтар мәселесі қалай шешімін табады?

– Жаңа әліпби нұсқасы бекітілді. Енді «Qazlatyn» конвертер жүйесі енгізіледі. Ол – бір таңбаны екінші бір таңбаға белгілі бір уақыт аралығында қателіксіз аудара алатын бірегей жүйе. Мысалы, конвертер жүйесі арқылы 1600 сөзден тұратын «Абай жолы» романын 3 секундта кирилл графикасынан латын графикасына көшіруге болады. Алдағы уақытта оқулықтарды, мерзімді баспасөздерді, іс қағаздарын еш қиындықсыз конвертер жүйесі арқылы кез келген графикаға (төте, кирилл, латын) аудара аламыз.

– Әрине, латын графикасына ауысу жүйелі жұмысты қажет етеді. Жаңа орталықтар ашылып, мамандарды оқыту шаралары жүзеге асады. Осынау науқанның нақты картинасын қалай елестетесіз?

– Латын графикасына көшу жұмыстарын жүзеге асыру үлкен жауапкершілікті, жүйелі жұмысты қажет етеді. Бүгінде ұлттық комиссия жанынан төрт арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар: орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік және сараптамалық-техникалық жұмыс топтары. Енді олар бекітілген әліпби негізінде жоспарлы түрде іске көшетін болады. Орфографиялық жұмыс тобы ең алдымен, бекітілген жаңа әліпби нұсқасының емле-ережелерін әзірлейді. Сол емле-ережелер дайын болғаннан кейін соның негізінде әдістемелік жұмыс тобы жаңа әліпбиді үйрететін арнайы мамандар дайындайды. Жалпы, латын әліпбиіне көшу – кезең-кезеңімен жүзеге асатын процесс. Оны ойдағыдай іске асыруға Қазақстанның адами, экономикалық, интеллектуалдық әлеуеті толық жететініне сенім мол.

Әңгімелескен: Айбөпе САБЫРОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*