Конституцияны жатқа білетіндер оқу грантын жеңіп алды (ФОТО)

 

Ертең, яғни, 30 тамыз – еліміздің Ата Заңы қабылданған күн. Осыған орай, бүгін «Конституцияны жатқа білемін!» атты дәстүрлі байқау ұйымдастырылды. Ол биыл үшінші рет өтуде.

Байрақты бәсекеде 18 үміткер бақ сынады. Шара шымылдығын ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев Конституцияның елдегі ішкі тәртіпті, азаматтардың ерік-жігері мен бостандықтарын белгілейтін бірден-бір құжат екенін айта келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Біріншісінде қатысушылар онлайн-тест сынағында құқықтық сауаттылықтарын сарапқа салды. Сыннан сүрінбей өткен тоғызы екінші кезеңге жолдама алды. Келесі кезеңде олар билет суырып, онда көрсетілген бапты түгел жатқа айтып шығу керек болды. Ойлануға уақыт берілмеді. Нәтижесінде алты адам ғана тұщымды жауап берді. Қалғандарының дайындығы төмен болып шықты. Мұны Жасұлан Орақұлы да атап өтті.

ЕАС 018

– Жалпы алғанда, бүгінгі қатысушылардың дайындығы төмен. Бұл шараның маңызы өте зор, сондықтан оны өткізу ауқымын кеңейту керек. Келесі жолы оны телевизиялық жоба ретінде қарастырмақ ойымыз бар, – деді ол.

Сайыс қорытындысы бойынша, бас жүлдені, яғни, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемелкеттік университетінің оқу грантын осы білім ордасының 4 курс студенті Мейірбек Сембек жеңіп алды. Ал, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің грантын Іңкәр Ізбасқан, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің грантын Аида Хайруллина қанжығасына байлады.

Сонымен бірге, «Мұнайшы» стадионындағы бассейнде бір жыл бойы тегін жүзу құқығын Ақтоты Бапанова иеленсе, жергілікті «Бейбарыс» хоккей клубының ойындарына тегін жолдама Нұрдәулет Бақытжанға бұйырды. Сондай-ақ, Махамбет атындағы қазақ драма театрындағы қойылымдарды тамашалау мүмкіндігі Зарина Рахметованың еншісіне тиді. Бұл жүлделер қатысушылардың қажеттіліктеріне қарай әлі де пысықталатын болады.

ЕАС 072ЕАС 150ЕАС 199ЕАС 210

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*