Конституцияға енгізілетін түзетулер

Мемлекеттік билік тармақтарының ел ертеңіне қызметін қамтамасыз етеді

Мемлекеттік органдардың, депутаттық корпустың, сот жүйесінің, Қазақстан заңгерлері одағының өкілдерінен және белгілі заңгер-ғалымдардан тұратын Жұмыс тобы мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша түскен ұсыныстарды қарастырды.

конституция Игорь РОГОВ

Біз осы орайда Қазақстан Республикасы Консти­туция­лық Кеңесінің төрағасы Игорь РОГОВҚА жолығып, атал­ған жұмыс тобының ұсыныстарды талдауы мен бас­қа да мәселелер төңірегінде айтып беруін сұраған едік.

– Игорь Иванович, мем­ле­кет­тік және қо­ғамдық құры­лым­дар, ғылыми-зерттеу меке­ме­лері мен ғалымдар жұ­мыс то­бының атына атал­ған мәсе­лелер бойынша үлкен қы­­зы­ғу­шылық тудыратын он­даған ұсыныс жіберді. Әңгі­ме­мізді осыдан бастасақ.

– Иә, Жұмыс тобына көптеген ұсыныстар түсті. Оларды қорыту нәтижесі бойынша Жұмыс тобы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі нақты ұсыныстарды әзірлеп, республика Президентінің қарауына енгізді. Оларды дайындау кезінде Елбасының, яғни қа­былданатын шаралар осы жылдар ішінде өзінің тиім­ділігін дәлелдеген прези­денттік басқару нысаны шең­берінде жүзеге асырылуы тиіс деген тапсырмасы ескерілді.

Ұсынылып отырған жаңа­­лық­тардың айрықша маңыз­дылығын ескере келе, үстіміздегі жылғы 25 қаң­тарда республика Прези­денті ұлтқа Үндеу тастап, өз елінің тағдырына бейжай қарамайтын әрбір қазақ­стан­дықтың осы ұсыныстар бойынша өз ойын ортаға салуына және алда тұрған міндеттерді шешудің өзіндік жолын ұсы­нуына мүмкіндік жасай отырып, бұл ұсыныстарды бүкіл халықтың талқылауына шығарды.

– Ал енді бұқаралық ақ­парат құралдарында жария­­ланған заң жобасында ұсы­нылып отырған конститу­ция­лық өзгерістердің мән-мағы­насы туралы айтып өтсеңіз.

– Бұл туралы алдымен жеке меншік құқығын қорғау тетік­терін күшейту туралы айтқан жөн. Қазіргі уақытта Консти­туцияның 26-бабы Қазақстан Рес­публикасы азаматтарының жекеменшік құқығына кепіл­дік береді. Негізгі Заңның 12-бабының 4-тармағына сай Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өз­геше көзделмесе, шет­елдіктер мен азамат­ты­ғы жоқ адамдар респуб­ликада азаматтар үшін белгі­ленген құқықтар мен бостан­дық­тарды пайдаланады, сондай-ақ, міндеттер атқарады.

Азаматтық кодекстің (Жал­­пы бөлім) екінші тарауы Қа­­зақстан Республикасы аза­мат­тарының, өзге мемлекет­­тер азаматтарының, сондай-ақ азаматтығы жоқ адам­дардың меншік құқығына кепілдік береді. Шетелдік­тер мен азамат­тығы жоқ адам­дар­дың меншік құқығына кепіл­діктерді, олар­дың теңдігін, әділеттілікті қам­тамасыз ету және инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында бұл көрсетілген конституциялық нормадағы «Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматтары» деген сөздерді «әркім» деген сөзбен ауыстыру ұсынылады.

Конституциялық Кеңестің 2003 жылғы 1 желтоқсандағы №12 нормативтік қаулы­сында, Конституция «Қазақ­стан Респуб­ликасының азама­ты», «әрбiр», «бәрi», «шетел­дiктер» және «аза­маттығы жоқ адамдар» деген ұғым­дарды пайдалана отырып, адамның құқықтық мәрте­бесiн саралайды. Бұл орайда, Конституцияның мәтiнiн­де «әрбiрi» және «бәрi» туралы айтылған кезде, республика азаматы да, республика азамат­тығына ие емес адамдар да назарда ұсталады деп түсiнген жөн, деп түсіндірме берілді.

Жұмыс тобы меншік құқы­ғына қол сұғылмайды деген конс­титуциялық қағидатты бекі­туді ұсынды. Одан тыс, егер Конституцияда өзгеше көздел­месе, заңды жолмен алынған мүлікке меншік құқығын шектейтін немесе одан айыратын заңдарды және өзге де құқықтық акті­лерді қабылдауға жол беріл­мейді деген норма ұсыныл­ды. Бұл ретте, осы баптың 3-тармағының, ерекше жағ­дайларда мемлекет мұқ­тажы үшін мүліктен күш­теп айыру оның құны тең ба­ғамен өтелген кезде жүргі­зілуі мүмкін, деген нор­масының ережелері сақта­лып қалады. Бұл мәселе бойын­ша Конституциялық Кеңес өз ұстанымын бірнеше рет айт­қан болатын. Бұл консти­ту­циялық нор­маға егжей-тегжейлі түсін­дірме берілді.

Меншік құқығына қол сұғыл­май­тындығы тура­лы аталған нор­маны Конс­титу­цияға енгізу арқылы, нарық­тық экономи­каның, кәсіп­керлік белсенділіктің негізі болып табылатын жекемен­шік құқығына кепіл­діктер айтар­лықтай нығая түседі және бұл құқық белгі­лі дәрежеде адам­ның өзге құ­қықтары маз­мұнын айқын­дайды деп айтуға болады.        

– Ал жалпы Парла­мент­тің және, әсіресе, Парламент Мә­жі­лісінің рөлін арттыру мәселесі туралы не айтар едіңіз?

– Мұнда Парламент Мә­жі­лі­сінің Үкіметті құру кезін­дегі рөлін кеңейту, сондай-ақ, Пар­ламент пен оның палаталарының Үкіметтің және Үкімет мүше­лерінің қызметін бақылау өкілет­тігін күшейту арқылы іске асыру ұсынылады.

Өзіңіз жақсы білесіз, Мемлекет басшысы өз сөзінде, біз биліктің барлық тармақтары тиімді және жауаптылықпен жұмыс істеуі үшін, олардың арасында тиісті теңгермелік жасау үшін бұл қадамға барамыз, деп атап өтті.

Премьер-Министрді тағай­ын­даудың қолданыстағы тәрті­бін сақтап қалу ұсынылады. Конституцияның 44-бабының 3) тармақшасына сай Республика Президенті Парламент Мәжі­лісінде өкілдігі бар саяси пар­тиялар фракцияларымен кон­сультация-лардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды.

Әрине, бұл тәртіпті түбегейлі өзгерту, атап айтқанда, Мем­лекет басшысының Премьер-Министрді Парламент Мәжі­лісінің ұсынысы бойынша  тағайындауы туралы ұсыныстар да қаралды. Алайда, талдау көр­сеткендей, елдердің көпшілігінде, тіпті парламенттік респуб­ликалардың өзінде, премьер-министрді ұсынуға бастама жасау және оны тағайындау ел пре­зидентінің құзыретіне жатады. Бұл ретте, мемлекет басшылары, әрине, парламенттің партиялық құрамын ескереді. Әйтпесе, олардың кандидатураларын депутаттар кері қайтаруы мүмкін.

Үкіметтің құрамын және оның құрылымын жасақтаған кезде мынадай тәртіп орната отырып, Парламент Мәжілісінің рөлін күшейту ұсынылады: Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр Үкіметтің құрамы және оның мүшелерінің кандидатуралары туралы Мемлекет басшысына ұсыныс енгізеді. Үкімет мүшелерін қызметінен осы тәртіппен де, яғни Премьер-Министрдің Мәжіліспен консультацияларына негізделген ұсынысы бойынша босату ұсынылады. Президент өздігінше қызметке тағайындайтын және қызметінен босататын Сыртқы істер және Қорғаныс министрлеріне бұл тәртіп қолданылмайды. Мұндай консультациялар өткізу рәсімін конституциялық заңдарда (Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы, Үкімет туралы және т.б.) айқындау қажет шығар.

Үкіметтің, қазіргі кездегідей, жаңадан сайланған республика Президентінің алдында емес, жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғаруын белгілейтін норма жаңалық болып табылады. Үкімет Мәжілісте өкілдігі бар сая­си күштермен бірлесе отырып құрылатын жағдайда бұл әбден қисынды. Алайда, бұл Мемлекет басшысы енді шетте қалады дегенді білдірмейді. Үкіметтің өкілеттігін тоқтату туралы өз бастамасы бойынша шешім қабылдау құқығы Мемлекет басшысында сақталып қалады (Конституцияның 70-бабының 7-тармағы).

Үкіметтің Парламентке және оның палаталарына есеп беруі және бақылауында болуы тетіктерін күшейту мемлекеттік билік тармақтарының жұмыс тиімділігін арттыруға қызмет етеді. Осы мақсатта, Үкімет өзінің қызметінде Президенттің, Парламент Мәжілісінің және тұтас алғанда Парламенттің алдында жауапты деп белгілеу ұсынылды. Премьер-Министр Үкімет қызметінің негізгі бағыттары жөнінде және оның аса маңызды шешімдері жөнінде Президентке ғана емес, Парламент Мәжілісіне де баян­дап отырады. Парламент палаталарына Үкімет мүшесінің есебін тыңдау нәтижесі бойынша депутаттардың жалпы санының үштен екісінің көпшілік дауысымен заңдарды орындамаған жағдайда министрді қызметінен босату туралы республика Президентіне өтініш қабылдау құқығы беріледі. Бұл жағдайда Мемлекет басшысы Үкімет мүшесін қызметінен босатады.

– Ал Президенттің кейбір өкілеттіктерін Үкімет пен Парламент арасында қайта бөлу туралы мәселе қалай болмақ?

– Үкіметке Мемлекет бас­шы­сының мынадай өкілеттіктерін беру ұсынылады: мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органдардың қызмет­керлеріне арналған қаржылан­дыру мен еңбекақы төлеудің бірың­ғай жүйесін бекіту, бұларды Үкімет Мемлекет басшысы­мен келісе отырып іске асырады; Үкіметтің құрамына кірмей­тін орталық атқарушы орган­дарды құру, тарату және қайта құру, олардың басшыларын қыз­метке тағайындау және қызме­тінен босату.

Мемлекет басшысының Үкімет және Премьер-Министр актілерінің қолданылуын тоқтата тұру құқығын жою ұсынылады. Сонымен бірге, республика Президентіне, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында күшіне енген заңды немесе өзге де бір құқықтық актіні, соның ішінде үкіметтік актіні, Конституцияға сәйкестігі тұрғысында қарау туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдау құқығын беру ұсынылады.

Жобада республика Президентінің мынадай заң шығарушылық өкілеттіктерін алып тастау да көзделеді: заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізу туралы Үкіметке тапсырма беру (бұл ретте Президенттің заң шығару бастамасы құқығы сақталады); заңдар немесе заң күші бар жарлықтар шығару; Парламент өзіне берген жағдайда, заң шығарушылық өкілеттіктерін іске асыру. Сонымен бірге, Президенттің заң жобалары қаралуының басымдықтарын айқындау құқығы сақталады, яғни олар Парламенттің ағымдағы сессиясы ішінде бірінші кезектегі тәртіппен қабылдануға тиіс. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының айрықша маңызды мәселелер бойынша Үкіметтің отырыстарына төрағалық ету құқығы сақталады, бірақ «қажет болған жағдайда» деген сілтемемен негізделеді. Осылайша Президент үшін жаңа жағдайда стратегиялық функциялар, билік тармақтары арасындағы қатынастардағы жоғары төреші рөлі, сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік, еліміздің қорғаныс қабілеті басымдыққа айналады.

– Сот жүйесі мен проку­ра­тураның конституциялық негіздерін нақтылауға аса мән беріліп отыр ғой.

–  Конституцияның 79-ба­бының 3-тармағында респуб­лика соттарының судьяларына қойылатын талаптар конс­титуциялық заңда айқындалады деп белгілеу ұсынылады. Су­дьяларға қойылатын талап­тардың Конституция мәтінінде егжей-тегжейлі жазылуы заман шындығына және практика қажеттілігіне сәйкес келмейді. Сондықтан бұл мәселелерге икемдірек қарауға мүмкіндік беретін норма қажет.

Негізгі Заңның 81-бабының жаңа редакциясында Жоғарғы соттың мынадай функциясын нақтылау көзделеді – жергілікті және өзге де соттардың қызметін қадағалауды жүзеге асырады деген ереженің орнына, Жоғарғы сот заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жатқызылған сот істерін қарайды деп айқындау ұсынылады. Конституцияның 83-бабының ұсынылып отырған редакциясында, прокуратура заңда белгіленген шектерде және нысандарда заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды жүзеге асырады деп бекітіледі, сондай-ақ, ол мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады деп тікелей көрсетіледі. Сол арқылы, шектері заңмен айқындалатын прокурорлық қадағалаудың сұлбасы нақтырақ көрсетіледі. Бұл Конституцияға қайта-қайта түзету енгізе бермей, прокуратура өкілеттігінің көлемін реттеп отыруға мүмкіндік береді.

– Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару органдарының қызметін одан әрі жетілдіру тәртібі қалай болмақ?

– Конституцияның 86-бабында жаңа талап енгізу ұсынылады, оған сай республика Президенті Премьер-Министрмен және Парламент палаталарының төрағаларымен консультациялардан кейін мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатады. Бұл – осындай шешім қабылдау кезінде оның заңдылығын және негізділігін қамтамасыз етуге бағытталған алқалықтың элементтері пайда болады деген сөз. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындаудың қолданыстағы тәртібін сақтап қалу ұсынылды. Алайда, өзге бір әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімдерін тағайындаудың немесе сайлаудың тәртібін Мемлекет басшысының актісімен емес, заңмен айқындау ұсынылады, бұл белгілі бір дәрежеде осы функцияның Парламентке берілуін көздейді.

– Конституциялық құ­ры­лыс негіздерін қорғау тетік­терін күшейту бойынша не айтасыз?  

– Қазіргі заманғы қатерлерді ескере отырып, Конституцияның 91-бабының 2-тармағында белгіленген, ешбір жағдайда да, тіпті, Негізгі Заңның өзін қайта қарау арқылы да өзгер­тілмейтін конституциялық құнды­лықтардың тізбесін толықтыру ұсынылады. Ол құнды­лық­тардың қатарына респуб­ликаның біртұтастығын, аумақтық тұтастығын, басқару нысанын қоса отырып, мемлекет тәуелсіздігін де жатқызу ұсыны-лады.

Мемлекет басшысы өткен жылғы 15 желтоқсанда салтанатты жиналыста сөйлеп тұрып, мемлекеттің саяси біртектілігін сақтау, қалыптасқан жаңа қазақстандық мемлекеттіліктің іргесін шаю әрекеттерінің алдын алу мәселелері қашанда өзекті бола бермек, деп атап өтті.

Бұл конституциялық ережелердің мызғымастығын қамтамасыз ету үшін аталған баптың 3-тармағында рес­публика Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, олардың аталған талаптарға сәйкес келетіндігі туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болғанда, республикалық референдумге немесе республика Парламентінің қарауына шығарылады. Осы көрсетілген конституциялық қағидаттардың құқық шығармашылығы және құқық қолданылуы процесінде сақталуын бақылап отыратын құрылымдар (прокуратура, әділет органдары және т.б.) бізде заңнамалық және заңға тәуелді деңгейлерде бар болғанымен, конституциялық деңгейде мұндай тетіктің жоқтығын айтқан жөн. Енді оны Конституциялық Кеңеске жүктеу көзделеді, сөйтіп, ол еліміздің Негізгі Заңына енгізілетін түзетулер республиканың біртұтастығы, аумақтық тұтастығы, оның басқару нысаны және мемлекеттің тәуелсіздігі секілді құндылықтарға нұқсан келтірмей ме деген мәселе бойынша қорытынды беретін болады. Мұндай тәжірибе шет елдердің көпшілігінде бар.

Президент Жұмыс тобына жалпы халықтың талқылауы кезінде айтылған ұсыныстарды үнемі бақылап, олардың сараланып тұруын, нәтижесі бо­йынша заң жобасы пысықталуын және Мемлекет басшысының қарауына енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*