«КӨМЕККЕ РИЗАМЫЗ»

Худин көшесі 8-2 пәтер тұрғынының айтуынша, толассыз жауған жаңбыр ауланы бірден толтырған. Одан соң су үйдің еденінің астынан шыға бастапты.

– Баспанамыз 60-жылдары салынған. Өзіңіз де көріп тұрсыз, ол әбден ескірді. Қанша жөндесең де оны қалыпты жағдайда ұстау қиын. Еңсеміздің түспеуіне қала, облыс басшыларының дер мезгілінде көмек қолын созуы себепші болып отыр, – дейді алты баланың анасы Г.Қазығалиева.

Үй ішіне кіргенімізде байқадық, ылғалдың жағымсыз иісі тынысыңды тарылтады. Заттар түйіліп, бұрышқа үйіле салған.

– Жаңбыр төпелеп жауған күні не істерімізді білмей қатты қиналдық. Су бізге бой бермеді. Сондықтан, көршілер болып жиналып, қалалық әкімдікке хабарластық. Ауламызға су соратын техникалар да тездетіп келе қойды. Соның арқасында баспанамыз құлаудан аман қалды, – дейді Худин көшесінің тағы бір тұрғыны Әсия Құспанғалиева.

Жұртшылықтың әңгімесінен ұққанымыз, аула мен үйдің ішіндегі су сорылғаннан соң бөлмелерден қапырық, ылғалды иіс кете бастаған. «Осындай жағдайда көмектесіп жатқан жергілікті басшыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ» дейді кезекті сұхбаттасушымыз Шолпан Сәрсенғалиева.

Атырау қаласындағы төтенше жағдай бойынша құрылған штабтың ақпараты: Бүгінге дейін қала әкіміне 862 тұрғын арызданды. Төтенше жағдайдың зардабын жоюға 8 мотопомпа, 76 вакуумды автотехника жұмылдырылды. Бұдан бұрын үйлерін су басқан тұрғындар қаланың 4 мектебіне орналастырылса, зардап шеккендер санының көбеюіне байланысты тағы бір оқу орны қосылды. Судан құтқару қызметі Червяков көшесі, №44 мекен-жайынан бір адамды №30 орта мектепке көшірді. Қазіргі күні құлаған үйдің саны 4-еу. Төтенше жағдайдың зардабын жоюға 625 адам жұмылдырылып отыр. 60 тұрғын үйдің ауласынан су сорылды.

Азамат Базарбаев.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*