«ҚОЛДА БОЛСА, КӨМЕКТЕСКЕНГЕ НЕ ЖЕТСІН»

amaslixat– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясатының арқасында елді тоқырау жылдарынан сүріндірмей, тыныштықты сақтап, бүгінгідей берекелі жағдайға жеттік. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, жұмыссыздық азайып, Отанға деген патриоттық сезім оянды десек,  артық айтқандық болмас. Ауданда, шалғай елді мекендерде ауруханалар, мектептер, балабақша, мәдениет спорт кешендері бой көтерді. Әрбір отбасына көгілдір отын жеткізіліп, су құбырлары тартылды. Электр, байланыс желілері жүргізілді. Бұл жалпы ел бойынша жүйелі жүргізілген жұмыстың тізбесі десе болғандай. Осындай сәтте осы жерде туып-өскен азамат ретінде қоғамдық істерден тысқары қала алмадым. Қолымнан келгенше елге көмектесуге тырыстым. Сондықтан да болар, ауыл тұрғындары үнемі маған депутат болуға қолқа салды. Ел сеніп тұрғасын қалай бас тартасың? Қолымнан келгенше біраз іске атсалыстым.

Атап айтқанда, Забурын, Исатай, Жаңа Жанбай елді  мекендерінде мектеп салынса, Аққыстау селосында қазіргі талапқа сай аурухана, емханалар тұрғызылды. Шалғайдағы Қызыл үй ауылына байланыс тартылды. Ауыл ішіндегі жолдар асфальттана бастады және кірме жолдар күрделі жөндеуден өткізілді. Мәслихат хатшысымен бірге қордаланған мәселелерді аудан, облыс басшыларының алдына мәселе етіп қойып, шешу жолын қарастырып отырдық. Бүгінгі таңда көптеген мәселелер шешімін тапты. Қазір облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы облысымыздың өндіріс салаларымен бірге ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт салаларының да делбесін тең ұстап отыр. Бұрынғы каналдар аршылып, тереңдетіліп, жайылымдарды суландыру қолға алынып жатыр. Мал шаруашылығын дамытамыз деген кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетіліп отыр. Жылдар бойы жыр болып келген ұлттық спорт мектебі ашылып, халықаралық дәрежедегі  Атшабар  (ипподром)  салынғалы жатыр.

Қазіргі сайлаушыларымыз Атырау-Астрахан тас жолының ешқандай сын көтермейтіндігі туралы жиі сұрақ қояды. Болып жатқан көлік апаттары, адам жарақаты, маңдай термен тапқан автокөліктерінің мерзімінен бұрын істен шығуы жұртты қатты алаңдатып отыр. Бұл мәселені жан-жақты зерттеп, өз ойларымызды, жоспарымызды облыс басшыларының алдына қойдық. Нәтижесінде бұл жұмыстың 2016 жылға қарай қолға алынатындығы белгілі болды. Әрине, ол республикалық дәрежедегі жол болғандықтан, республикадан бөлінетін қаражатқа салынады.

Жаңадан тағайындалған Исатай ауданының әкімі Нұрлыбек Ожаев, аудандық мәслихат хатшысы Жұмажан Қадимовпен бірге шалғайда жатқан елді мекендерді – Қызыл үй, Шәуіптен, Жасқайрат, Айбас, Үштағанды  түгел  аралап  шықтық.  Құм  бойының тұрғындары көптен бері басшылармен кездеспеген екен. Ұсыныстарын  да,  ойларын да  айтып,  бір  марқайып қалды. Шындығында, алыста отырған ауыл тұрғындары көп ештеңе сұрамайды. Оларға атқа мінген азаматтардың  аз  да  болса  көңілі  жетпей жатқан  сияқты.

– Сіз бір кездері тексеру комиссиясының төрағасы міндетін де атқарыпсыз…

– Жалпы, облыстық мәслихат сессияларында мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржының тиімді, өз орнына жұмсалуын депутаттар ұдайы жіті бақылауда ұстайды. Бірнеше комиссия жұмыс жасайды. Олар өз салалары бойынша жұмыс жасап, сессияларда қорытынды жасап отырады.

Депутаттар «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде аудан, облыс тұрғындарының қабылдауын жиі ұйымдастырады. Осындай қабылдауларда туындаған мәселені сол бойда тиісті адамға телефонмен шығып шешіп отырдық. Шешілмегенін облыс басшылығына дейін жеткіздік. Қалай болғанда да ешбір сұрақ аяқсыз қалмады. Жақында «Нұр Отан» партиясының Доктринасын халық арасында насихаттап, барлық елді мекендерде кездесулер өтті. Негізінен сайлаушылар елде болып жатқан оң өзгерістерді ризашылықпен қабылдады. 

Мысалы, Исатай стансасындағы кездесуде тұрғындар барлық жағдайдың жақсылығын айта келіп, бір өтініш жасады. Орталықтан, ауданнан алыс, құмда тұратын шаруа қожалықтары бар, осыған байланысты жедел жәрдем автокөлігінің тозығы жетіп, бірде жүрсе, бірде жүрмейтінін айтты. Біз өз тарапымыздан тиісті жерде осыған байланысты ой қозғадық. Бұл мәселеге облыстың, ауданның денсаулық сақтау саласының басшылары оң көзбен қарап, жақында су жаңа жедел жәрдем автокөлігінің бөлінгенін хабарлады.

– Сізді депутат болумен бірге,  қолы ашық, жұртқа көмектесуге дайын тұратын азамат ретінде көп айтады…

-Әрине, ел алдында мақтанған ұят болар. Дегенмен, қолымда бар болса, бөлісуге дайын тұрамын. Бұл бәлкім, менің бала күннен бойыма сіңген тәрбиеден болар. Осы жылдарда өзімнің демеушілік көмегіммен Жанбай селосына жедел жәрдем көлігін сыйласам, сол ауылда орталық моншаны күрделі жөндеуден өткіздік. Тұщықұдық елді мекенінде 20 үйге газ жүргізіп бердік. Басқа да мәдени, спорттық шараларға ұдайы көмек көрсетіп отырамыз. Бұл әрбір кәсіпкердің мүмкіншілігіне қарай жасайтын азаматтық парызы деп есептеймін. Сонымен қатар, бұрындары да мен айтып жүрген мәселе, аудан көлемінде отандық, шетелдік, біріккен мұнай компаниялары жұмыс жасап жатыр. Қаншама технологияны сақтап отырса да, жер, су, ауаға экологиялық әсері тимей жатқан жоқ. Сондықтан,  олар өз деңгейінде, болмаса өздерінің  құрылтайшыларына жағдайды жан-жақты жеткізіп, халыққа қомақты демеушілік көмек тигізсе, артық болмас еді. Ауылдардағы спорт алаңдарына, мәдени ошақтарды күрделі жөндеуден өткізіп, газ, су тарту мәселелеріне атсалысса, үлкен көмек болар еді. Себебі, бәрімізге ел ортақ, жұтатын ауамыз да, ішетін суымыз да ортақ. Егер елдің жағдайы қиын болса, біздің жеке басымыздың жақсарғанынан не ұтамыз? Бала кезімізде әке-шешеміз «не көрсең де елмен бірге бол, барыңды солармен бөліс» деп айтып отыратын. Міне, орта жасқа келсем де, осы сөз есімнен кетпейді.

–  Сізді, сіздің сайлаушыларыңызды қандай мәселелер көбірек мазалайды?

– Қазір бір айрықша көңіл бөлетін мәселе – ауылға баруға мамандардың көп ынталы болмай отырғаны. Барғанда тұратын үйі жоқ, соның салдарынан денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, білім беру салаларында кадр тұрақтамайды. Осындайда не істеу керек? Меніңше, ауылда да жас мамандарға жағдай туғызу керек. Әрине, бәрін мемлекеттің мойнына артып қойғаннан гөрі, «Көппен көтерген жүк жеңіл» дегендей, бәріміз жұдырықтай жұмылып, қоғамнан тыс қалмай, әрбір іске атсалысқанымыз дұрыс.

«Жастарды ауылға бармайды» деп кінәлай беру дұрыс емес. Олар жас қой, дұрыс демалатын, құрбыларымен дұрыс кеш өткізетін, бос уақытын қызықты өткізетін жер, заманауи орта керек. Оны оларға біз жасамасақ, кім жасайды?!

– Елбасының биылғы Жолдауында бизнесті отбасылық дәстүрге айналдыру жөнінде ұсыныс айтылды. Сіз депутат қана емес, облысқа белгілі кәсіпкерсіз. Елбасының сөзі сізге қандай әсер қалдырды?

– Елбасының сөзі өте дұрыс айтылған пікір деп есептеймін. Себебі, бизнес шағын болсын, үлкен болсын, оны жүргізу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ол,   бірінші, өзіңнің жұмысыңның нәтижесі үшін, екіншіден, қарауыңдағы адамдардың тағдыры үшін,  үшіншіден, ел алдындағы жауапкершілік. Менің негізгі мамандығым – дәрігер, Ақтөбе медицина институтын бітірдім. Содан соң облыста дәрігер-кардиолог, облыстың бас кардиологы, санаторийдің бас дәрігері қызметін атқардым. Тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңде санаторийді сақтап қалу үшін медицина саласындағы мекемені тұңғыш рет нарықтық жолмен акционерлік қоғамға айналдырдық. Сөйтіп, осы мекеме өркендеудің, дамудың барлық сатысынан өтіп, ауқымды, сан салалы үлкен кәсіпорын дәрежесіне жетті. Сайып келгенде, кәсіпкерлік отбасылық дәстүрлі бизнес қана емес, халыққа қызмет етудің үлгісіне айналды.

– Сіз көптеген қоғамдық жұмыстар мен кәсіппен айналыса жүріп, ұлттық спорттың жанашыры  болғаныңызды да ел біледі.

– Иә, ол менің өмір бойғы серігім десе де болғандай. Жақында бүркітшілердің бірінші халықаралық фестивалі өтіп, оған сегіз ел қатысты. Сол сында Атырау облысының бүркіті бірінші орынды жеңіп алды. Бұған дейін біз ұлттық спортты дамытудан үздік филиал атандық, соны ескеріп, маған ат спортынан «Еңбегі сіңген жаттықтырушы» деген атақ берді. Облыста ұлттық ат спорт клубы ашылды, мен соған басшылық етемін. Ұлттық  спортқа  ғана  емес, облыстың  волейбол, таэквондо командаларына да демеуші болдық. Осының бәрі – атақ шығару үшін жасап жатқан  іс  емес, өсіп келе жатқан жас ұрпақ дұрыс жолға түссін деген ойдан туындаған шаралар.

– Облысқа сіңірген осындай сан салалы еңбегіңіз елеусіз қалмаған болар…

– Осы уақытқа дейін облысты басқарған бес әкіммен жұмыстас болған екенмін. Олардың барлығы да ел үшін жасалатын істеріме, бастамаларыма барлық уақытта қолдау білдірді. 2005 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. «Кәсіпкерлік саладағы үздік іскерлігі үшін» алтын медалін иелендім. Бұл менің қоғамдық жұмыстарға деген белсенділігімді арттырды, аз қамтылған отбасыларға  үнемі қамқорлық жасауға итермеледі. Мен одан  жарлы болып қалған  жоқпын, керісінше үлкен абыройға бөлендім. Ұлы Мұхтар Әуезов «Жақсылыққа жақсылық жасау – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық жасау – ер кісінің ісі» деген екен. Мен қолымдағы барымды бөлісуге келгенде ешкімді  алалаған емеспін. Бәлкім, сондықтан болар, мені төрт рет облыстық мәслихатта депутат етіп сайлағаны…

– Мазмұнды әңгімеңіз үшін үлкен рахмет!

Әңгімелескен

Нұрлан  ҚАБЫЛОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*