ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Осындай қиын кезеңдерде Баймұқанов атындағы орта мектепке барған мына бір сәт есімнен кетпейді. Мұғалімдер қауымы жалақы мезгілінде берілмейді деп, наразылық білдіріп жатқан еді. Мен ол уақытта заң кеңесінің меңгерушісі (адвокат) болатынмын. Мақат локомотив депосының бір топ машинисі келіп, бес-алты айдан бері еңбекақыларын алмағандығын, бұлай жалғаса берсе, дауыс көтеріп шығатындарын айтты. Мен бұлайша қарсылықтың ешкімге пайда әкелмейтінін айттым.
Ол кезде Мақат локомотив депосымен арада заң көмегін көрсету жөніндегі шартым да бар еді. Қалыптасқан жағдай туралы шұғыл түрде аудан әкіміне барып баяндау қажет деп таптым. Сөйтіп, нақты шара алынып, жағдай түзелді.
Қазір ойлап отырсам, осының барлығы ертегідегідей болып көрінеді. Тіпті, біреулер нанбауы да мүмкін. Міне, буыны қатпаған жас мемлекетке жолбасшы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігімен біз бұл өліараны артқа тастадық.
Бірінші шақырылған аудандық мәслихаттың штаттық кестесінде үш бірлік болды. Оның біреуін аудан әкімшілігіне берді, себебі оларда жұмыс көп болғанымен, штаты аз болатын. Мәслихат хатшылығына Орақ Денгелбаев деген азамат сайланды. Бұған дейін ол халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінде қызмет істеп, шыңдалған тәжірибелі азамат болатын.
Осы жерде тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңдерден тағы бір мысал келтіре кетейін. 1996 жылы аудан бюджетінің кірісі мен шығысы бар болғаны 250 миллион теңге еді. Білім беру бөліміне бюджеттің 74% пайызын бөлдік. Сөйтіп, 1999 жылдың 1 сәуірінде «Бюджет жүйесі туралы» Заң қабылданды. Осыдан соң ғана аудан бюджетінің жағдайы жақсара бастады. Себебі, аталған заңда қай салықтың қай бюджетке түсетіні және оның нақты көлемі де белгіленді.
1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция мәслихаттардың рөлін көтеріп қана қоймай, оның құзыретін де айқындап берді. Мәселен, аудан орталығынан шалғай орналасқан, мұнай кәсіпшілігінің жұмысшылары үшін ғана салынған, жолы жоқ, газы жоқ, суға жарымайтын Комсомол, Қошқар, Байшонас, Ескене елді мекендерінің Махамбет селосына, Атырау қаласына көшірілуі ел Үкіметінің, облыстық әкімдіктің игі ісі болды. Бұл істе Мақат аудандық мәслихат депутаттарының да қолтаңбасы жатыр деп айта аламыз.
Бүгінде Мақат ауданы көркейіп келеді. Тұрғындар электр энергиясымен, газбен, сумен үзбей жабдықталуда. Осы жылдары ауданда төрт мектеп, бір аурухана, бір емхана, екі балабақша және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау станциясы үшін арнайы ғимарат салынып, бірқатар көп қабатты және екі пәтерлік тұрғын үйлер бой көтере бастады. Осының барлығы, сайып келгенде, бұқара игілігі үшін жасалуда.
Мемлекеттілікті одан әрі нығайтуда және қазақстандық демократияны дамытуда мәслихаттардың маңызы қашанда ерекше. Өйткені, депутаттар қашанда ел тілегін билікке жеткізіп, қиын-қыстау кезеңдерде халықты түрлі кедергілерден сақтандыра жүріп, жарқын болашаққа жетелей білді. Бұл үрдістің әлі де жалғаса береріне сенемін.

Адайхан ЕЛУБАЕВ,
Мақат аудандық мәслихатының
2, 3, 4 шақырылымдағы депутаты.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*