ҚИЫНДЫҚТЫ ЕРЕН ЕҢБЕК ҚАНА ЖЕҢЕДІ

Халық қиыншылықпен өздері ғана бетпе-бет қалып жатқан жоқ. Мемлекет басшысы бұл ретте іргелі шараларды алуда, үкімет пен облыс басшыларына шұғыл да нақты тапсырмалар беріп, арнайы комиссиялар құрды. Тұрғындардың өмір сүру деңгейін сақтау үшін бар мүмкіншілікті жасап отыр. Халықты бірлікке, бір-біріне көмек қолдарын созып, сабырлылық танытуға үндеп келеді.

Барлай қарасақ, біздің облысымыздың экономикалық дамуында ілгерілеушілік, әртараптандыру басым. Мұнай-химия өнеркәсібін дамытуда  Атырау мұнай өңдеу зауытында жаңа жоба іске қосылып, жылына 133 мың тонна бензол, 496 мың тонна параксилол шығаруға қол жеткізілді. Сонымен бірге, осы жоба арқылы зауытта шығарылатын тауарлы бензиндердің сапасын ЕУРО-4 стандарты деңгейіне жеткізуге болады.Кешен құрылысы былтыр іске қосылған болатын. Жақында жаңа өнім – бензолдың алғашқы партиясы алынды.Бұл да үлкен жетістік деп түсінемін.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласына да көптеген басымдықтар беріліп отыр.Халықтың жергілікті өнімдерді тұтынуға қол жеткізулері – сөзімнің дәлелі. Индер жолының салынуы да үлкен серпіліс берді. Өйткені, жол, су, газ сияқты қажеттіліктер жұртшылықтың кәсіппен  айналысуына толық мүмкіндік туғызады.

Елбасымыз шағын және орта бизнесті дамыту туралы үздіксіз айтып келе жатыр. Бізде бұл бағыттағы жұмыстар бар, нәтижесіз де емес. Бірақ, әлі де дамытып, кәсіпкерлікке ден қою керек деп ойлаймын. Тынымсыз еңбек қана болашаққа нық сенім берері анық. Өзім куә болған мына бір жағдайды айта кетейін. Аққыстау селосында Қарақалпақстаннан келген Ембергенова Гүлнар деген қарындас тұрады. Осы жаққа келіп, тұрмыс құрып, төрт балалы болған. Сол қарындас өз үйінің шарбағына алма, алмұрт, өрік сияқты жеміс ағаштарының түрін өсіріп, тауық, үйрек, күркетауық  өсіріп, шаруасын дөңгелентіп отыр. Үлпілдетіп мақта өсіргеніне не дерсіз? Сөйтіп,  құмайт саналатын жерден қыруар өнім алып, Жер-Ананың жомарттығын дәлелдеп отырған бұл кісінің жетістігі тек қана өлшеусіз еңбекпен келгендігіне талас жоқ. Бұл біріншіден, өз күшіне сену, сол арқылы жағдайын жасау болса, екіншіден, бала-шағасына тәрбие-өнеге, еңбекке үйретудің алғы шарты.

Қай салаға қарасақ та, қазір жас мамандарды көптеп кездестіреміз. Жас буынның көздері қарақты, тәжірибелері аз болса да жаңаша көзқараста. Сондықтан, үлкеннің қамқорлығы, кішінің ізеті жақсы істің дәнекері болары анық. Бұлай болуы өмір қағидаты. Біз уақыт талабына осылай бейімделуге тиіспіз.

Қазіргі еліміздегі уақытша ауыртпалықтарды бірліктің, өнікті еңбектің арқасында ғана жеңеміз.

Мағауия ШЫРДАБАЕВ,

«Эмбаведьойл» ЖШС бақылау кеңесінің

төрағасы, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер, экономика ғылымының

 докторы, профессор.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*