ҚИЯР ӨСІРГЕН ҚАЛКЕН

 

Шакимовтар отбасы «Жұмыспен қамту – 2020»  бағдарламасы бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 3 млн. теңге жеңілдікпен несие алып, ауласынан 0,03 га жерге жылыжай салды. Жылыжайдың құрылыс жұмыстарын өткен күзде Оңтүстік Кореялық әдіспен шымкенттік «ЗероМакс» ЖШС жүргізді.

– Өткен жылдың қараша, желтоқсан айларынан бастап қиярдың геракл, мультистар сынды екі түрін ектік, табиғи тыңайтқыштарын уақытында қосып отырмыз. Жылыжай ішіндегі ауаның температурасы бірқалыпты. Қыстағы қатты аязды күндері де 25 градустан кем түспеді. Бүгінде өнімнің алды пісіп үлгеріп, саудаға да шығара бастадық. Дәмі жазда өскен қиярдың дәмінен еш кем емес, тіл үйіреді. Жалпы бір маусымда 3 тоннаға дейін өнім шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді жеке кәсіп иелері, ерлі-зайыпты Қалкен мен Гүлнәз Шакимовтар.

Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, халықты қысы-жазы бақшадан жаңа піскен өнімдермен қамтамасыз ететін жылыжайлардың жұмысы өте тиімді. Бұл шаруамен айналысуға бел буғандарға мемлекет тарапынан, жеңілдетілген несиелер, шығынның орнын толтыратын субсидиялар бөлініп, жақсы жағдайлар жасалуда.

Саламат БАЗАРБАЕВ.

Индербор кенті.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*