Кітап – рухани қазына

Кітап – мәдениет пен руханиятты қорғауда теңдесі жоқ қару. Ол – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында биыл облыстық Ішкі саясат басқармасының бастамасымен облыстық әкімдік ғимаратының бірінші қабатынан «Рухани жаңғыру» бұрышы бой көтерді.

Кітап рухани қазына

Бұл бұрыштың мақсаты – халық арасында «Білім көзі-кітапта» ұранын насихаттау. Себебі, кітапты таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажеттілігіне жарата білу – әр адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттарының бірі. Рухани жаңғыру – адам баласының, оның ішкі әлемінің жаңаруы. Сана-сезімнің, ішкі әлеміміздің оянуы – кітапта. Бір ел болғаннан соң, міндетіміз де, мақсатымыз да, мүддеміз де бір болмақ. Осыған орай, Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Рухани жаңғыру» бұрышына оқырмандар арасында, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер арасында қазақтың көркем әдебиетін, әлем әдебиеті классикасын кеңінен насихаттау мақсатында өз үлесін қосып, кітаптарымен бөлісіп келеді.

Әйгілі Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» деген. Бұл сөзден түйер ойымыз – адамға жан азығы, рухани байлығы бола білген кітап екендігі. Сол себепті оның орны тақтан да қымбат болмақ. Қорыта айтқанда, ішкі руханиятымыз арқылы сыртқы өзгерістерді жақсы жағынан қабылдап, жаңғырудың даңғыл жолына түсуге тырысайық. Биік шыңдарды бағындырайық! Әр ұлттың, елдің келешегі мен болашағын баян еткен, тарихы мен өткенін жыр еткен де – кітап. Сондықтан, «кітап әлемдегі құпиялы, ұлы ғажайыптардың бірі», – дейді Горький. Онда біз әлі білмейтін, естіп оқымаған қыр-сыр көп. Кітаппен дос болған адам ғана құпиясын ашып, ғажабын танып біле алады. Ендеше, «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге», – деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай, ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімді тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық! Ғимаратымыздағы әдемі бұрышымызды жаңғырту арқылы өзіміз де жаңарайық!

Айгүл ҚУАНЫШЕВА,

облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың әкімшілік бөлімінің басшысы.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*