ҚИҒАШТЫҢ «ҚЫЗЫҚТАРЫ»

 ҚЫРЫҚ ҚАДАМ ЖЕРДЕГІ ҮЙІНЕ 45 ШАҚЫРЫМНАН КЕЛЕДІ

– Онсыз да шаруасы көп облыс әкімін мазаламай, алдымен сіздерге келіп отырмын, – деп бастады әңгімесін ауыл ақсақалы. – Осы газетті сонау жасөспірім шағымнан оқитын едім. Талай проблеманың түйінін сауатты тарқатқан басылым ғой, бұл жолы да халық үшін қызметтенер деген үміттемін.

Одан әрі қадірменді қарттан білгеніміз – сонау 1969 жылдан бері еш кедергісіз Атырау-Астрахан арасында қатынап тұрған жолаушылар пойызының биылғы ақпаннан бастап Құрманғазы ауданындағы Дина бекетінің тұрғындары үшін есігінің тарс жабылуы. Бір ғажабы – әрі кеткенде де, бері келгенде де бекетке тоқтайды, бірақ адам мінгізбейді. Бұрын ауыл адамдары арғы жақтағы Астраханға, бергі беттегі Атырауға еш кедергісіз дерлік қатынайтын.

Рас, Дина бекетінен билет сатылмайды. Бұдан төрт-бес жыл бұрын әлдекімдерге тиімсіз саналып, касса жабылып қалған. Әйтсе де, Атыраудан Дина бекетіне дейін билет сатылатын, пойыз  тоқтайтын. Ал, Астраханнан шыққан пойызға отыру үшін 55 шақырым жердегі Ганюшкин стансасынан билет сатып алатын. Қиғаштықтар оған да үйренген, бара жатқан адамға ақшасын қосып жібереді. Енді, мұндай да мүмкіндіктен айырылып отыр.

Жалпы, біздің байқауымызша, бұл – жергілікті жерде шешілетін проблема емес. Ауыл тұрғындары оны аудан әкімінің де, аудандық және облыстық мәслихаттар депутаттарының да алдына қойыпты. Олар қол қусырып қарап отыр деуге болмас, бірақ мәселе тым жоғарыдан реттелетін секілді.

Өйткені, осы материалды дайындау барысында Қиғаш ауылының әкімі Жігер Жаңқановқа хабарластық. Лауазым иесінің бұл қызметіне кіріскеніне бір жылдан аса уақыт өтіпті. Әйтсе де, осы өңірдің тумасы болғандықтан, аталмыш мәселемен әуелден-ақ таныс тәрізді. Енді елді мекен басшысы болғандықтан етене араласуға тура келген.

Село әкімінің айтуынша, тұтастай алғанда, ауылдағылардың тұрмысы жаман емес. Тұрғындардың дені Қиғаш суын сонау Маңғыстауға жеткізетін «КазТрансОйл» компаниясының осындағы мекемесінде, темір жол бөлімшесінде істейді. Қысқасы, күнкөрісінің төмендігіне шағымданушылар жоқ.

Жә, бұл өте жақсы нәрсе. Халық өзін-өзі қамтып отырса, атқарушы билікке арызданып келмесе, бұдан артық не керек? Әйтсе де, ауылдың үстінен әрі-бері өтіп жатқан жолаушылар пойызына міне алмағандары жанына батады. Ауыл басшысының айтуынша, бар мәселе шекаралық аймақтың ерекше талабына тіреледі. Мәселен, Астраханнан шыққан пойыз жолаушылары шекарадағы Ақкөл бекетінде бастан-аяқ тексеруден өтеді. Құжаттары мен жүктерін шекарашыларға қаратады. Соған бір жарым сағаттай уақытын жоғалтады. Содан соң вагондардың есігі тарс жабылады да, ешкімді сыртқа да шығармайды, ішке де кіргізбейді. Дина Нұрпейісова атындағы бекетке келгенде вагондар есігінің ашылмайтындығы сондықтан. Әрине, шекаралық тәртіпке бағынуға тура келеді. Әйтсе де, ол тұрғындарға нендей қиындықтар туындатып отыр?

Бүгінде ауыл адамдары пойызға міну үшін 55 км қашықтағы Ганюшкино стансасына немесе 45 шақырымдағы Ақкөл бекетіне сабылады. Осыншама жерде дала жолымен жаз күндері жүрудің өзі азап. Ал, көктемгі су жайылғанда немесе қысқы қалың қарда қатынас тіпті қиындайды. Сау адамның өзі шаршайтын жолға сырқат жандар мен егде кісілер қалай шыдайды? Ақкөлмен арадағы қашықтық 45 км делінгенімен, дала жолын су шайып кеткенде қыратты жағалап 60 шақырым жүруге тура келеді.

Жоғарыда айттық қой, Атыраудан Дина бекетіне жол тартқан жолаушылар да Ақкөлден түсіп қалып, бері қарай машинамен оралады. Пойыз мұнда түнгі сағат екі шамасында келеді. Қанша туысқаның болғанымен, шырт ұйқыдағы үй иелерін оятып, түнеп шығуға тура келеді. Өйткені, түн ортасында ауылға жетіп қалатын көлік табыла бермейді. Бүгінде ауыл адамдары Дина бекетінен қырық қадам жердегі үйіне сонау Ақкөлден 45 шақырымнан жетіп жүр. Бұдан асқан келеңсіздік болар ма?

Енді шекаралық өңірді осы Динадан ұйымдастырса қайтеді? Ол Ақкөл мен Ресей арасында орналасқан, шекарашылардың қызметіне де ыңғайлы. Бұл мәселе де о баста ойластырылған тәрізді. Себебі, 2007 жылы застава құрылысы басталыпты. Алайда, 20 пайыз шамасында жүргізілген жұмыс кейін аяқсыз қалған. Бүгінде иесіз құрылыстың кейбір материалдарын әркім арқалап кеткен. Осы нысан неге бітпеді?

Село әкімімен арадағы әңгімеден аңғарғанымыз – Дина бекетінде темір жол тұйығы жоқ. Немесе пойыз тоқтайтын үшінші желі тартылмаған. Демек, жолаушылардың құжаттарын тексеру ұзаққа созылғанда өзге пойыздардың жүрісіне кедергі келтіріледі. «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының басшылығына хабарласқанда сондай  уәж айтылған.  Алайда, Астанадағы сала басшылары қосымша желі тұрғызуға уәде  де бермеген. Сонымен, тұйықталған түйін әзірге тарқатылмай тұр.

Турасын айтқанда, бұл проблеманың шешімі аудан түгілі облыстан да асып, Астанаға тірелетін тәрізді. Өйткені, шекараға қатысты шешім сонда қабылданады. Сондықтан, Атырау аймағынан жақында Парламент Сенатына қайтадан сайланған сенатор Сәрсенбай Еңсегеновке ауылдастарының аманатын жолдаған абзал. Тиісті министрліктерге депутаттық сауал жолдап, алыстағы ауылдардың мұң-мұқтажын сонда шешкен жөн. Әйтпесе, Дина бекетін тек қана Қиғаш ауылы емес, іргелес Дыңғызыл, Шортанбай және Көптоғай елді мекендерінің тұрғындары да пайдаланады. Сонда осы ауылдардың барлығы жеті мыңға жуық тұрғыны үстерінен өтетін пойыздың қызығын көрмей, оны көзбен ғана ұзатып салады. Астанадағылар осыны ұқса екен.

 

ПОШТАСЫ ЖОҚ АУЫЛ

Кеңестік кезден есімізде, ауылдағы поштаның бастығы той-томалақта төрден орын алатын құрметті кісілердің қатарынан саналатын. Өйткені, оның қолында үлкен кісілердің зейнетақысы, көпбалалы әйелдердің жәрдемақысы, халықтың газет-журналы болатын. Рас, жүктелген жауапкершілігі де жоғары еді.

Қиғаш ауылында да осындай шағын ғана пошта бөлімшесі болды.  Біраз жыл бойы оны Бибігүл Баянова басқарып келді. Ауылдастарының құрметіне бөленді, қызметінде кінәрат табылмады. Алайда, былтырдан бастап ауылдағы бөлімше жабылды. Себеп – тұрғындар саны 1,5 мың адам болуы керек екен. Ал, Қиғашта сәл жетіңкіремейді. Содан ауыл басшысы тұрғындармен ақылдасып, осындағы 87 зейнеткер 200 теңгеден ақша шығарып, бір адамды өздері ұстауға келіседі. Сөйтіп, келісім жасалады. Ешқандай реніш жоқ, бұрынғыша жұмыс жүре береді.

Бірақ, биыл бұл қызмет те тоқталады. Мүмкін заңға қайшы да шығар? Пошта қызметіне бейімделген нысан да жоқ болар? Қайткенде де, қазір Қиғашта пошта бөлімшесі жабылған. Енді, әлгі тоқсанға тарта зейнеткер, көпбалалы аналар, әлеуметтік көмек алуы тиіс жандар, т.б. тығырықтан қалай шығып отыр?

Редакцияға ауыл адамдарының арызын арқалап келген Сираж Нағимовтың да, село әкімі Жігер Жаңқановтың да айтуынша, әр айдың бейсенбісінде аудан орталығы Ганюшкин селосынан аудандық «Қазпошта» бөлімшесіндегі қызметкер келіп, Қиғаш ауылы тұрғындарының тиісті ақшаларын таратады екен. Кейде алып келген ақшасы жетпей қалып, ертесіне қайта келетін көрінеді. Ал, екі аралық 90 шақырым шамасында. Бұған қоса кассир тұрғындардың коммуналдық төлемдерін, кейбір өтемақыларын, тиісті орындарға берешек айыппұлдарын да жинайды. Осы шаруаның бәрі бір адамға тым көп салмақ емес пе? Сөйтіп, жүргенінде кеш түседі, аудан орталығынан келген кассир кейін қайтуға асығады.

Осы материалды дайындау барысында «Қазпошта» акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалы басшылығымен де хабарласқан едік. Алыс ауылдағы ахуалды мұндағылар да біліп отыр. Бірақ, тағы да мәселе Астанадан шешілетін секілді.

Біздің түсінгеніміз – Қиғашта әуелден пошта бөлімшесінің жоқтығы. Рас, сонау кеңестік кезде жұмыс жасаған шығар, әйтсе де кейін кейбір заңдылықтар талабына сәйкес келмегендіктен жабылған. Ол тіпті «Қазпошта» АҚ-ның желісінде де жоқ, дербес индекс те берілмеген. Дегенмен, кейінгі жылдары тұрғындардың тілегі ескеріліп, байланыс пункті (бөлімшесі емес) құрылған. Онда да Қиғаштағы кейбір іргелі өндіріс орындарымен қатынас орнатып, солардағы қызметкерлердің жалақысын «Қазпошта» арқылы жеткізу көзделген. Осы қызмет көрсету арқылы қосымша табыс түсіру жоспарланған. Егер пошта пункті пайдамен жұмыс жасаса, оны ұстауға Астанадағы басшылық та қарсы болмас еді. Алайда, кәсіпорындар кейін «Халық банкімен» келісім жасап, қазір жұмысшылардың жалақыларын сол жеткізіп береді. Ендеше, «Қазпоштаға» түсіп жатқан нендей табыс бар? Міне, сол себепті Астанадағы басшылық Қиғаштағы поштаны мүлдем жабуға шешім шығарған.

Ал, қызметкерді зейнеткерлердің жинаған ақшасымен ұстау – заңға қайшылық. Бұл үшін прокуратура маңдайдан сипамайды. Сайып келгенде, «Қазпоштаның» штатында жоқ адамның қолына ақша беріп, оны тасымалдауға келісудің өзі қателік. Ертеңгі күні жоғалтып алса, кімнен сұрайды?

Енді тұрғындардың мерзімді басылымдарын қалай жеткізуге болады? Бұрынғыша жинап әкеліп, жергілікті әкімдікке тастай сала ма? Облыстық филиал басшылығы мұны шағын бизнес нысандары арқылы реттемек болған екен, ол да үйлеспепті. Осындағы сауда орындарының жетекшілері бұл қызметі үшін төленетін аз-мұз ақшаны місе тұтпаған. Рас, зейнетақыны енді ешкімге сеніп бермейді, оны аудан орталығындағы пошта бөлімшесінің қызметкерлері таратады.

…Міне, қиырдағы Құрманғазы ауданынан ат арытып редакциямызға келген оқырманның шағымы бойынша осындай жайларды анықтадық. Шындап кіріссе,  реттелмейтін іс жоқ. Сондықтан, ауылдан шыққандарға ауыл мұңына назар аударуды айтпақпыз. 

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*