ҚИҒАШ БОЙЫНДАҒЫ ҚОРЫҚ

Руханият

– Өздеріңіз білетіндей, «табиғи резерват теңіз өресін бақылауға алады» деген хабар шыққаннан бері аудандағы осы салада еңбек ететін азаматтардың алаңдаушылығы туындап отыр. Себеп, резерват ол жердегі су көздерінен балық аулатпайды. «Сонда бірнеше мың адам қалай күн көреді?» деген орынды сұрақ туындайтыны белгілі, – деді ол.- Республикалық орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитетінің бұйрықтарына өзгерістер енгізілді. Сол өзгерістерге сәйкес «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерватының қарамағына үш аса маңызды, қорғауды қажет ететін табиғи аймақ еніп отыр. Олар – Батыс Қазақстан облысындағы «Кирсанов», «Жалтыркөл» және осы Құрманғазы ауданындағы «Новинск» мемлекеттік қорықтары. Осы аумақ ерекше қорғауда болғанымен, оның заңдық тұлғалылығы жоқ екенін қаперлеріңізге береміз.

«Новинск» мемлекеттік қорығы зоологиялық болып табылып, осы аумақты мекендейтін жануарлар мен өсімдіктердің табиғи қорда сақталып, өсіп-өнуіне жағдай жасау үшін ұйымдастырылған. Солардың ішінде, Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енгендері де баршылық. Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі №175 «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңына және осы Заңға 2012 жылдың 25 қаңтарында енгізілген өзгерістерге сәйкес, осындай қорықтарда, дараланған «Новинск» қорығында аң, кұс атуға, жануарларды (балықтан басқасын) аулауға тыйым салынады. Аудандағы балық аулаумен шұғылданатын ұжымдардың күрделі жағдайда екенін ескеріп, резерват басшылығымен бірлесе отырып, бірнеше рет түсінік бердік. Сондықтан, бүгін де тағы қайталап айтамын. Балықшылар бұрынғысынша кәсіптерімен айналыса береді. Оған еш кедергі келтірілмейді.

– Әрине, қорықтағы жан-жануарлардың, өсімдіктер мен басқа да тіршілік көздерінің сақталуы басты мақсат болып табылады. Сондықтан, экологиялық тепе-теңдікті сақтау, өсімдік және жануарлар әлемін қорғау үшін заң шеңберінде қадағалау, бақылау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіледі. Сол үшін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті деңгейінде «Новинск» қорығына штат, қажетті техникамен қамту, қаржы бөлу мәселелері шешілу үстінде. «Ақ Жайық» резерваты тарапынан мезгіл-мезгіл рейдтер жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі, балық аулау ережелерінің сақталуы сияқты шаралар бақылауға алынады. Бірақ, жоғарыда айтқандай, заңды балық аулауға олардың кері әсері болмайды. Осыларды атай келе, алға қарай сіз болып, біз болып, қоршаған ортаны, табиғатты, оның байлығын бірлесіп қорғайық,- деді резерват директоры Арман Құрманбаев.

Келесі кезекте сөз алған «Каспий – Балық» өндірістік кооперативінің атқарушы директоры Жұмажан Шакупов айтпақ ойын былайынша жеткізді:

– Біз осы әңгімені бұрын да бірнеше рет қозғадық. Өйткені, Атырауда Жайық бойындағы резерват жерінен балық аулатпайды. Біздің ауданда да сондай жағдай болуы әбден мүмкін. Мысалы, «өрт қаупі туындайды» деген желеумен балық аулауға тыйым салынса қалай болады? Балық шаруашылығы аудан экономикасының едәуір бөлігін алып отырғаны белгілі. Жүздеген адам жүмыссыз қалып, мыңдаған адам күнкөріс көзінен ада болуы ғажап емес. Сол сияқты, шетелге де балық шығарып отырмыз. Осыны да ескеру керек.

– Жайықтағы жағдай өзгеше. Ол жердің, судың заңды дәрежесі бар. Ондағы ережелер де ерекше. Ал, сіздегі қорықтың заңды дәрежесі жоқ. Сол себепті, мұнда балық аулауға кедергі жоқ. Осы уақытқа дейін «Новинск» қорық болып есептелгенімен, нақты қожайыны жоқ еді. Бір кездері  бұл қорық сіздегі орман шаруашылығы мекемесіне де қарады. Облыс әкімі тарапынан мәселені оң шешу жөнінде резерват басшылығына хаттар да келді. Олар зерделене келе, ақыры, қорық жерінен балық аулау заң шеңберінде жүргізілетін болды. Яғни, бұрын қалай балық ауланса, қазір және алға қарай да сол сияқты аулана береді. Заңның 69-шы бабына сәйкес «Новинск», «Жаркөсе» және басқа теңіз маңайы аумағында балық аулауға заң бойынша рұқсат берілген. Тек, аң аулауға, атуға болмайды, – деді әріптестерінің пікірлерін қостаған резерваттың бас маманы Александр Ивасенко.

Одан әрі әңгімеге араласқан Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Құрманғазы аудандық инспекция бөлімінің басшысы Сансызбай Тоғаев:

– «Новинск» қорығының резерват бақылауына берілуі оның қорғалуын күшейту мақсатында жасалып отыр. Өйткені, сол жердегі, судағы аң-құс, басқа да жануарлар табиғатты қорғау мекемесінің қамқорлығында болуы тиіс. Иесіз еш нәрсе болмауы керек. Туған жер табиғаты азып-тозбауы үшін, байлығымыз сақталып, молаюы үшін осындай шаралар керек. Десек те, қорық екен деп заңсыз тексеруге жол берілмейді, – деген ойымен бөлісті.

 

Руфина ТЕМІРҒАЛИЕВА,

«Атырау» газетінің

меншікті тілшісі.

Құрманғазы ауданы.  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *