ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІН ОЯТТЫ

 

«100 нақты қадамның» ІІ бөлімінде Заңның үстемдігін қамтамасыз ету, 30-31 қадамдарында «полиция қызметкерлерін іскерлік қабілеттері негізінде іріктеу жүйесін жақсарту қажет» делінген. Бұл мәселені өте дұрыс айтылған деп есептеймін. Кейбір полиция қызметкерлерінің тәртіпке шақырудың жүйесін қорқыту, үркіту деп түсініп, қарапайым көпшілікке айыппұл салуы көбейіп кетті. Бұл біржақты шара сияқты көрінеді. Мәдени ошақтар, ішкі саясат,  яғни, барлық қоғамдық ұйымдар, халық сайлаған депутаттар ұрпақ тәрбиесінен кенже қалмауы тиіс. «Ел ертеңі – болашағымызды»  Елбасымыз тапсырғандай тәрбиелеу – Қазақстанның болашағына сара жол салу емес пе? Мысалы, мемлекеттік қызметкерлердің табыстарын жариялау туралы заңнамасы күшіне енгізілгеніне біршама уақыт болды. Кезеңмен әрбір мемлекеттік қызметкердің табыстарын, дүние-мүліктерін жариялауында бірсарындылық басым сияқты. Кейбір мемлекеттік қызметкерлердің өзінің, болмаса ағайындарының атында рәсімделген дүние-мүлкі, үйі,  кафесі, дүкені, бірнеше қалада мүліктері бар екенін ел біліп отыр. Бірақ, олардың берген мәліметтеріне қарасақ, солардан кедей адам жоқ. Жауапты ел басқарып отырған адамдар осылай істеп отырғанда, кейінгі ұрпаққа не айтамыз, нендей  үлгі көрсетеміз?

Кадрлар бәсекелестігін арттыру, білімді ұрпақ дайындау мәселесін күн тәртібінен түсірмеуіміз қажет. Жеке меншік оқу орындары «ақша төлесең, оқуға қабылданасың» деген жарнама беріп жатады. Медициналық колледжге түсе алмаған оқушы  университетке құжат тапсырып, оқуға қабылдануда. Елдің болашағы үшін білімді де дені сау ұрпақ керек емес пе?

Зейнет жасына жетсем де  ұзақ жылдар еңбектен қол үзгенім жоқ. Өзім тұратын Ойыл ауылдық округінің орталығы – Жасқайрат селосында жастардың тәрбиесіне араласып келемін. Бұдан екі-үш  жыл бұрын облыс, аудан көлемінде діни жат ағымдардың іс-әрекеттері бой көрсетіп, жастардың арасында,  әсіресе, Жасқайрат ауылында қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар болды. Қазір ауыл іші тыныш,  көпшілік арасында  түсінік жұмыстары жүргізілді. Округ әкімшілігімен бірлесіп жастардың есебі алынды, күнделікті қандай іспен айналысатындықтары бақыланып, сарапқа салынды. Мұндай жат ағымдардың жетегінде кеткендердің тағдырлары қалай қалыптасқаны, неге апарып соқтыратындығы түсіндіріліп, облыс, аудан орталығынан имамдар  шақырылып,  сан түрлі тақырыптарды қамтыған жиналыстар, кездесулер ұйымдастырдық. Сондықтан,  «100 нақты қадамда» көрсетілген талаптарды қолдап, оны орындау – біздің басты міндетіміз. Жүректен шығып – жүрекке жеткен «100 нақты қадам» әрбір қазақтың көкейіндегі сенімді оятты.

Ұлдай ӘЙТІШЕВА, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*