ХАЛЫҚҚА – ҚОЛЖЕТІМДІ АҚПАРАТ

 

Осы тұрғыдан келгенде, еліміздегі бірден-бір отандық телеарна саналатын «OTAU TV» ұлттық жерсеріктік телевизиясының да көкжиегі кеңейіп, хабар тарату мүмкіндіктері артып, қамту аумағы ұлғайып келе жатқандығын айтуымыз керек. Сөзіміздің дәлеліндей, өткен жылдың соңы, жаңа жылдың басында оның абоненттерінің саны бір миллионнан асты. Яғни, бүгінгі таңда осынша отбасы заманауи форматта, сандық жүйе мен жоғары сапада дайындалған отандық телеарнаның хабарлары мен бағдарламаларын бір мезгілде көріп, тамашалай алады. Ал, соның 70 мыңы немесе 7 пайызы Атырау облысына тиесілі екен.

Сәл шегініс жасасақ, Қазақстанда жерсеріктік телевизия 2002 жылы «Кателко+» сауда белгісімен қосылған-ды. Ал, 2011 жылдың қаңтар айында аталған желі DVB-S2, MPEG-4 сандық стандартына көшіп, «OTAU TV» деген сауда белгісімен хабар тарата бастады. Жаңа желінің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысқаны да айтулы оқиға болды. Алғашқы кезде жаңа стандартты тұтынушы абоненттердің саны 6300-ді құраса, содан бері бұл көрсеткіш еселеп өсіп, бір миллионға тұрақтады. Жоба халықтың тұңғыш рет отандық телерадиоарналарды кескін мен дыбыстың заманауи сандық сапасымен үйлесімділікте тамашалауына шексіз мүмкіндік берді. Және бір айта кетерлік жайт, желі іске пайдалануға берілгеннен кейінгі кезеңде топтамадағы арналардың қатары теледидарда 40-қа, радиода 14-ке жетіп, ақылы топтамаға кіретін арналардың саны 100-ден асты.

2012 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысының қатысуымен сандық эфирлік телевизияны енгізу жөніндегі жоба іске қосылып, қазіргі уақытта бұл жүйе республика халқының 72 пайыз қолжетімділігін иеленген. Басқаша айтқанда, бұл – 12 миллион қазақстандық сандық эфирмен қамтылып отыр деген сөз. Жекелеген өңірлерде, яғни Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш 95 пайыз қамтамасыз етілген. Осындай жетістікті ескере отырып, 2016 жылдың бірінші тоқсанында аталған аймақтарда ескірген аналогты телехабар тарату желісін қолданыстан алып тастау жоспарланған.

Тағы да тарихқа үңілсек, 2014 жылдың шілде айында Индустрияландыру күні аясында Елбасының қатысуымен «Қазтелерадио» АҚ «GALAM TV» ұлттық интернет-хабар тарату» және «Телегазет» атты екі инновациялық жобаның тұсауы кесілді.

Ұлттық жерсеріктік телевизия клиенттеріне ыңғайлы болу үшін, сондай-ақ бәсекелестік орта құру мақсатында қабылдау жабдықтары жиынтықтарын жеткізу, құрастыру және қызмет көрсетуді шағын және орта бизнес субъектілерінен тұратын диллерлік ұйымдар қамтамасыз етуде. Олардың саны қазір 350-ден асып жығылды. Халықпен және диллерлермен тиімді жұмыс істеу мақсатында ақпараттық қолдау көрсету қызметі (Call-centre) 193 телефоны арқылы үзіліссіз, мереке және демалыс күндерінсіз жұмыс істейді. Сонымен қатар, барлық облыс орталықтары мен Астана, Алматы қалаларында бұл жұмыстар арнайы құрылған орталықтар арқылы реттеледі.

«Қазтелерадио» АҚ өз абоненттерін түрлі акция, ұтыс ойындарыменде үнемі қуантып тұрады. Тұрғындар «OTAU TV»-ден түрлі бағалы жүлделер мен сыйлықтарға ие болып жатады. Мәселен, 2015 жылдың 1 қазанынан жаңа акция басталды: «Толық» ақылы арналар топтамасына 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге қосылған барлық абоненттер бағалы жүлделер ұтыс ойынына қатысады. Бас жүлде – автокөлік. Акция шарты бойынша, 2015 жылдың 1 қазаны мен 2016 жылдың 30 маусымы аралығында барлық жүлделердің үш жиынтығы ұтысқа түседі. Әрбір үш ай сайын қорытынды шығарылып, жеңімпаздар анықталады.

Сайып келгенде, мұның бәрін Ұлт жоспарында көзделгеніндей, халықты қажетті ақпарат, хабарлармен мейлінше толыққанды қамтамасыз ету жолында жасалып жатқан игі қадам ретінде бағалаған жөн.

 

Дархан ХҰСЫНОВ, «Қазтелерадио» АҚ филиалы – Атырау облыстық телерадиохабарларын тарату дирекциясының директоры.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*