ХАЛИЛ МАСЛОВ: САРАЙШЫҚ САН ҰЛТТЫҢ МЕКЕНІ БОЛҒАН

 

1935 жылдан басталған жаппай депортация кезінде тағдырдың айдауымен қазақ жеріне келген корейлер, Солтүстік Кавказдан қуғындалған жарты миллионнан астам қарашай, балқар, шешен, ингуш, күрд, қалмақ сынды халықтар қазақ жерінен пана тапты. Осылайша, сексен жылға жуық уақыттан бері қазақ жерін ата мекені еткен түрлі диаспора өкілдері бүгінде «Қазақстан халқы» деген біртұтас атауға ие болды. Бұл әрі саяси, әрі идеологиялық, әрі экономикалық тұрғыда алғанда, үлкен жетістік, талассыз жеңіс. Себебі, «Мәңгілік Ел» идеясының маңайына топтасқан Қазақстан халқын бүгінде ортақ идея, ортақ мақсат, ортақ тағдыр біріктіреді. Демек, қасиетті қазақ жерінен пана тапқан диаспора өкілі ретінде, Қазақ хандығының 550 жылдық датасының барлығымыз үшін маңызы зор оқиға екендігін атап өту парыз. Себебі, біз түрлі тарихи оқиғаларды, сындарлы да күрделі кезеңдерді бірге бастан өткердік.

Осы орайда ұлан-ғайыр еліміздің батысында, дәлірек айтқанда, облысымыздың Махамбет ауданында орналасқан хан ордалы Сарайшық қаласының маңызына тоқталуды жөн санадық. Әрине, көне қала туралы көптеген кітаптар, зерттеулер шықты, түрлі басылымдарда да мақалалар жариялануда. Археологиялық экспедициялар ұйымдастырылуда. Дегенмен, Сарайшыққа қатысты жылдар бойы шешімін таппай, қордаланып қалған мәселелер де бар.

Мәселен, тарихы сонау Алтын Орда кезеңінен басталатын Сарайшық – Қасым ханның тұсында астана болған қала. Кейін Ноғай Ордасының астанасы атанған. Жеті хан жерленген осынау киелі өңір бүгінде жер бетінен мүлдем жоғалу қаупінде тұр.

1834 жылы археолог Ф.Гебельдің, 1937 жылы Н.Арзютовтың жетекшілігімен Сарайшыққа қазба жұмыстары жүргізіліп, мынадай қорытынды жасалды: «Сарайшық төңірегін Жайықтың суы басуда. 70 жыл ішінде ұзындығы 1100 метр, ені 300 метр қаланың археологиялық орны күйреді. Тұтастай алғанда, 320 гектар қала аймағынан айырылдық. Алтын Орда дәуіріндегі Сарайшық қаласының көп бөлігі су астында қалды».

Бұл жайында ұлтымыздың мақтанышы, қазақтың көне дүниелерін зерттеп, сырын ашқан ғалымдарымыздың бірі Ә.Марғұлан да сол жылдың өзінде Сарайшықты Жайық суының мәдени қабаттарының үздіксіз шайып жатқандығын, кешенді түрде зерттеу керектігі туралы өзекті мәселе көтерді. Ал, қазіргі археолог-мамандардың бірі көне Сарайшықтың орнын сақтап қалудың бірден-бір тәсілі – өзен арнасын бұру десе, екіншілері өзеннің жағалауын бекіту деп есептейді. Қалай дегенмен де, барлығы да қаражатқа келіп тіреледі. Бірақ, ол мәселе түпкілікті шешілгенше, Сарайшықтан айрылып қалуымыз да бек мүмкін…

 

ХАЛИЛ МАСЛОВ,

Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ» КАФЕДРАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ

Астана қаласы.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*