«Кез келген іске ниет керек!»

Қанат  ЖҰМАҒҰЛ,

«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа

шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының директоры:

%d0%ba%d0%b5%d0%b7-%d0%ba%d0%b5%d0%bb%d0%b3%d0%b5%d0%bd-%d1%96%d1%81%d0%ba%d0%b5-%d0%bd%d0%b8%d0%b5%d1%82-%d0%ba%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%ba

«Шапағат» коммерциялық қызмет көрсетпейді. Өйткені, біз  соңғы  үшінші  жылдан бері  мемлекеттік  әлеуметтік тапсырыс негізінде жұмыс істеп отырмыз. Біздің мақсатымыз – жат ағымның жетегінде кеткендерге теологиялық, психологиялық, қажет болса құқықтық тұрғыда көмек көрсету» дейді «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының директоры Қанат Жұмағұл.

– Кез келген істі бастау үшін, ең алдымен, капитал керек. «Шапағат» мұндай проблемамен бетпе-бет кездесіп көрді ме?

– Бастапқыда түрлі деструктивті ағымдардың арбауына түскендерді қоғамға бейімдеу, әлеуметтендіру мақсатында құрылған орталықтың негізі 2009 жылы қаланды. Бірақ, қаржының жетіспеушілігімен қоса, дін саласы мамандарының тапшылығы орталықтың іске белсене кірісуіне қолбайлау болып келген еді. Осы мәселемізге облыс әкімдігі дер кезінде назар аударып, біздің жұмысымыз 2013 жылдан жаңа қарқын ала бастады десек болады.

Нәтижесінде, Атырауға арнайы теологиялық білімі бар мамандар тартылды.  Шетелдік шейх Мұхаммед Жамаллудин Хашим, елімізге белгілі Ерсін Әміре, Ерғали Алпысбаев сынды теологтар өңірдегі діни ахуалдың қалыпқа түсуіне ықпал етті. Бұл жағынан алғанда, біздің орталығымыз қоғамдық тыныштық, тұрақтылықты сақтауға тікелей ықпал етіп отыр.

Орталық жұмыс жасағаннан бері қанша адам оңалту процесінен өтті?

– Соңғы үш жылда біздің көмегімізге тікелей жүгінген азаматтардың саны 187-ге жетті. Оларға діни бағыттағы ақпараттық-консультативтік, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қызмет түрлері көрсетілді. Сол азаматтардың ішіндегі 16-сы дәстүрлі діни бағытқа қайта оралды  деуге болады. Теологтарымыздың үзіліссіз жұмыстарының нәтижесінде 37 адам радикалдық көзқарасынан арылды. Бұдан бөлек, соңғы үш жылдың ішінде мамандарымыз 1454 тұрғынға телефон арқылы консультациялық көмек берді.

– Саладағы басты жетістігіңіз ретінде нені атар едіңіз?

– Сананы тұрмыс билеген бүгінгідей заманда негізгі уақытын нәпақа табуға арнайтын ата-ана баласын қараусыз қалдырып жатады. Осындайда, «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожаның» жоқтығын пайдаланған бала интернеттегі керекті-керексіз ақпараттарды кедергісіз қарап, жат ағымдардың қармағына оңай түсіп қалады. Біздің орталығымыз осы проблемамен күрестің тиімді жолын іске қосты деп ойлаймын. Түрлі тақырыптардағы лекция, уағыздарымызды, сұрақтарға жауаптарымызды ғаламтордағы сайттар, әлеуметтік желілер арқылы таратып отырмыз. Мұндай жұмыс әрине, облыстық дін істері басқармасы, орталық  «Иманғали» мешіті тарапынан да жүріп жатыр. Десек те, бізге хабарласқан 187 адамның ішіндегі 16 азаматтың дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабына оралуы, 37 адамның радикалдық көзқарасынан бас тартуы – «Шапағат» орталығының уақытпен санаспай жүргізген үлкен жұмысының нәтижесі, демек ең үлкен жетістігіміз деп ойлаймын.

– Өз тәжірибеңіздегі «табысқа жету формуласымен» бөліссеңіз…

– Кез келген істе нәтижеге жету үшін ең алдымен ниет және жақсылыққа деген сенім керек. Және әр адам өзі таңдаған кәсіптің маманы болуы тиіс деп ойлаймын.  Маман болмасаңыз, үздіксіз оқыңыз, тәжірибе жинақтаңыз. Әрі өзіңіз таңдаған істі  сүйе біліңіз. Жолда кездескен қиындықтарды уақытша кедергі ретінде қабылдап, алға ұмтылу керек. Өзіме белгілі «табыс формуласы» осындай.

Әңгімелескен:

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*