КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ ЖОЛ

Дауыс беру процесі таңғы сағат 7.00-ден  20.00-ге дейін жалғасты. Алғашқы жұмысымызды Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы орналасқан  №8 сайлау учаскесінен бастағанымызда, дауыс беру уақыты басталған сәттен бастап, кезекке тұрған сайлаушылар легіне куә болдық. Бұл учаске бойынша 1011 сайлаушы болса, таңертеңгі сағат он шамасында дауыс бергендердің саны 170-ке жетті. Жастар, зейнеткерлер мен орта жастағы азаматтар жиналған учаскеде, тіпті, дауыс беру үшін бір сағатқа жуық уақыт кезекте тұрғандар да болды. Учаскеге таңертеңгі сағат сегіз шамасында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов келіп, өз таңдауын жасады.

Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының Атырау облыстық филиалының бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев көптеген сайлау учаскелерін аралағанын, сайлауалды дайындық, үгіт-насихат кезінде де, науқан барысында да қысымшылықтың болмағанын айтты. «Сайлау қарсаңында партия филиалына Ұлыбритания, Ресей, Беларусь елдерінен байқаушылар, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының өкілдері келіп, жұмысымызбен танысып кетті. Бастысы, сайлау барша кандидаттарға тең құқық және тең мүмкіндік беріп отыр»,-деді пікірлесіміз.

Абай атындағы №15 орта мектеп ғимаратында орналасқан №9 учаскеге барғанымызда, мұнда да халық белсенділігінің жоғары болғандығын байқадық. «Учаске бойынша 1575 электорат бар. Учаске жұмысы таңғы алтыда басталды. Сағат жеті болмай халық жиналып, кезекте тұрды.  Халық үзіліссіз келіп жатыр. Сайлаудың өту барысын отандық және шетелдік байқаушылар бақылауда. Негізінен олар ақпараттық мәліметтермен танысуда» деді аталмыш сайлау учаскесінің төрағасы Рашид Шәмбіл. №7 сайлау учаскесіне шығару талонымен келіп, дауыс беріп жатқандар көп болды. Бұл учаске бойынша 1604 дауыс беруші есепте. Бір жарым сағаттың ішінде жүзге тарта адам өз таңдауын жасап үлгерген екен.

ҚР сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия РҚБ-нің байқаушысы Мақсат Усербаева бізбен әңгімесінде бақылаушылар жұмысына сайлау комиссиясы тарапынан қысым көрсетудің болмағанын атап өтті. «Нұр Отан» партиясының байқаушысы Майра Төрекешова өзінің алғаш рет дауыс берген кезін еске алды. «1982 жылы Жоғарғы Кеңес депутаттарын сайлауға қатысқан едім. Ол кезде үлкен кісілер тойға барғандай таң ертесімен келетін. Қазір де белсенділік жаман емес. Тек үлкендердің қатарына жастар да қосылыпты» деген ол дауыс санау процесіне қатысатындарын айтты.

Сайлаушы Өмірбай Нағашыбай «Саяси науқан барысында таңдау жасау – азаматтық борыш» деген пікірде. «Өйткені, сайлауда елдің келешегі үшін келелі қадам жасалады. Біз еліміздің өркендегенін, ел экономикасының ауыл шаруашылығы, мұнай кәсіпшілігінен бастап, ауыр және жеңіл өнеркәсіптің дами түскенін жақсы көреміз»,-дейді ол.

Айта  кеткен жөн, облыс бойынша 232 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, науқас адамдарға жылжымалы жәшіктер жеткізілді. Қашаған, Болашақ, Теңіз сынды мұнай қалашықтарындағы жұмысшылар үшін де дауыс беруге толық мүмкіндік жасалды.

 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*