Кемел келешекке қадам

Елбасы тағы бір келешекке сеніммен қарышты қадам бастыратын жаңа бастама ұсынды. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдаудағы халық игілігі үшін атқарылар ауқымды шаралар,  жүзеге асырылар кешенді жобалар көңілді қуантты. Бұған дейінгі жалпыұлттық мәні бар стратегиялық бағдарламалардың жалғасы іспетті бұл Жолдауда да кем-кетігіміз сарапталып, кемшін тұстарымызды толықтырар іс-шаралар айқындалған.

Кемел келешекке __адам

Аталған Жолдау – орасан жаңа мүмкіндіктер, Елбасының өз сөзімен айтар болсақ, «өмір сапасының қазақстандық үлгі-қалыбын қалыптастыруға» апарар даңғыл жол.

Маңызды кешенді үш міндет пен бес негізгі басымдық атап көрсетілген Жолдаудың мақсаты – Қазақстанның күн санап бой көтеріп, жаңашылдықпен жарысып келе жатқан елдердің көрікті көшінен  қалмай, әлем көгінде Мәңгілік ел болуы қағидаты.

 

«Жұртым» деп жұмылатын кезең

Бүгінде Қазақстан бұрын-соңды бастан кешпеген мамыражай тірліктің, көңілге шаттық ұялатар шуақты да жарқын күндердің  куәсіне айналды. Шартарапқа Қазақ елін танытып, ширек ғасыр бойы әлем жұртшылығын кемелділігімен және кемеңгерлігімен мойындатқан Елбасының алдымызға қойып отырған басты міндеті – «жұртым» деп жұмылып, «елім» деп еселеп еңбек ететін уақыттың келгендігі.

Елбасы биылғы Жолдауда басты басымдықтардың бірі ретінде цифрлық индустрияны дамытуды атады. Аталған саланы өркендету  арқылы басқа да салаларға тың серпін беруге міндеттеді. Еңбек өнімділігін арттыра отырып, әлемдік сұраныстағы жаңа нарықтарға шығу, экспортты толықтыру, экономикалық тұрақтылық пен жаңа жұмыс көздерін ашу, қолда бар қаражатты үнемдеп, халық игілігіне жұмсау, қазынаны мейлінше жауапкершілікпен жұмсау да  маңызды бағыттар ретінде айтылды.

Еңбек нарығын жаңғырту арқылы мемлекеттік-жекеменшік басқару құрылымын қолдау жолға қойылса, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік салалардың қарқынды дамуы сынды өзекті мәселелердің шешімін табатындығын жеткізді. Нақтыланған бағдарламалар шеңберінде әр өңірде кәсібін нәсіпке айналдырар «отбасылық кәсіпкерлікті» дамыту үшін де қолдау халық әлеуетін көтерері хақ. Барлық өңірдегі бос жұмыс орындары көрсетілген бірыңғай онлайн платформа-жүйелілігі – айқындалған ашық қоғамның көрінісі.

 

Еңбек пен білім – егіз

Өркениет  көшіндегі елдер үшін «еңбек» пен «білім» ұғымдары –  бір-бірінен ажырағысыз құндылықтар. Ашығын айту керек, Жолдауда басымдыққа ие болған адами капиталдың сапалық өсуі бойынша мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау ұшан-теңіз. Оған баршамыз да күнделікті өмірде куә болып жүрміз. Бұған дейін де білім беру саласын басты орынға қойып, назарынан тыс қалдырмаған Елбасы өзінің жаңа Жолдауында да еліміздегі білім беру жүйесін жаңғыртудың қажеттілігін және оны жүзеге асырудың іс-шараларын да атап көрсетіп берді.

2017 жылдан бастау алатын әлеуметтік қамтамасыз ету салаларына беріліп отырған басымдық – зейнеткерлер мен аз қамтылған топтарға, жас аналарға бөлінетін қаражат-көмектің басы болмақ.

 

Тәуелсіздік тұғыры – тыныштықта

Бұл қасиетті ұғымдардың салмағын Елбасы қазақстандықтарға ғана емес, барша әлем  жұршылығына сезіндіріп, тың бастамаларымен насихаттап-ақ келеді. Биылғы Жолдауда да ел тұтастығына айрықша мән берілген. «Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы»деген ұстанымдағы Елбасы Жолдауда елдің ертеңі мен болашағына кесел келтіретін діни экстремизмнің жолын кесіп, адасқандарды сауаттандыру  мәселесі кезек күттірмейтіндігін атап өткен. Сайып келгенде, бұл – тәуелсіз елдің әр тұрғынының және  тұтастай алғанда,  бейбіт еліміздің қауіпсіздігі.

Негізгі қағидасы нәпақаны еңбектен ғана іздеуге, басты орынға әділдік пен адалдық, сапа ұғымдарын қоюға шақыратын Жолдауда  қамтылмай қалған сала жоқ. Асқан көрегендікпен, нақты дәлдікпен атқарылар жұмыстың тетіктері  де ұсынылып  отыр.

Елбасы алға қойған биік мақсаттарды бірлесе жүзеге асыру – біздің еншіміздегі  мерейлі міндет, әрі азаматтық парызымыз. Үшінші жаңғыру жолына нық сеніммен қадам басқан еліміздің көк байрағы әлемнің ең мықты мемлекеттері көз тіккен асқар биіктерде желбірей беретіндігіне еш күмән жоқ.

Бақытгүл ХАМЕНОВА,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,

«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі:

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*