Кемел келбет

Қазақта «өмірге келу хақ та, кету хақ» деген сөз бар. Иә, солай. Адам өмірге жылап келеді, жылатып кетеді. Бұл – жаратылыс заңы. Соңында қалдырған ізгілікті істерімен, өмірін жалғастырар ұрпағымен өшпестей із қалдырғандар есімі еш уақытта ұмытылмайды. Өйткені, кемел жанның көзі бардағы әр қадамы, ел-халқы үшін атқарған толымды істері ұрпақтан-ұрпаққа мәңгілік естелік болып жалғаса береді. Осындай атпал азаматтардың бірі, болмаса бірегейі белгілі мұнайшы, Қазақстан мұнайының дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған, Ұлы Отан соғысының ардагері Зияйддин Мәжитұлы Айдыналиев болатын.

%d0%ba%d0%b5%d0%bc%d0%b5%d0%bb-%d0%ba%d0%b5%d0%bb%d0%b1%d0%b5%d1%82

«Тәрбие – түптен» демекші, Зияйддин Мәжитұлының атасы Айдынәлі ақсақал заманының көзі ашық, көкірегі ояу, қолынан құраны түспеген, бес уақыт намазын қаза қылмаған молда болыпты. Медресе ашып, бала оқытқан. Дүниеге келген үш ұлының үлкені Абдулмәжит те діни сауатты, араб-түрік жазуының мұғалімі, орта шаруасы бар адам болған. Астрахан қаласындағы діни медресені бітіріп, Қазан қаласында да білімін жетілдіреді. Арабша, орысша және татарша сауатты болған. Зияйддин осы шаңырақта 1916 жылы Теңіз ауданының Зормутин кентінде туылған.

Заманның әртүрлі құбылыстарына сай басқа түскен қиыншылықтарды көтере жүріп, Мәжит ақсақал баласының азамат болып өсуін армандайды, ұлына бағыт-бағдар беруге тырысады. Бірақ, адамның дегені бола бере ме? Сонау ел есінде мәңгілік сақталған коллективтендіру залалы бұл шаңырақты да айналып өтпейді. Бай-манаптарға шүйліккендер Мәжиттің де шаңырағын шайқалтады. Үздіксіз қуғын-сүргін, жан шыдатпас қатыгездік оны дегеніне жеткізбеді. 1932 жылы асыл әке көкірек толы армандарын өзімен бірге тұншықтырып, о дүниеге аттанады.

Бұл кезде Зияйддин бар болғаны 16 жаста ғана болатын. Бұғанасы қатпаған бозбала тұйыққа тірелгендей күй кешеді. Басқан іздері аңдулы. Жасынан зерек, қайратты жігіт анасына, інісі Жаудат пен қарындасы Мүршилаға бас-көз болып, қамқорлайды. Ағасы Мұзафарды табады. Теңіз жағалауындағы балықшылар артелінде жұмыс жасап, ау-құралдарын тоқып ет жақындарына көмек жасайды.

Ес білгеннен құйма құлаққа сіңген әке өсиеті, әке арманы  оқу, білім алу болатын. Санаға сіңген сан салалы ой жетегінде ол Гурьев қаласына келіп,1934 жылы Гурьев мұнай техникумына түсіп, 1938 жылы ойдағыдай аяқтап шығады. Қолына қатырма қағазын алысымен Байшонас мұнай кәсіпшілігіне жұмысқа жіберіледі. Бұл  оның үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамы болатын. Алғашында қатардағы техник болып жұмысын бастаған жас маман көп ұзамай өзінің зеректігі мен біліктілігін айналасына көрсете бастайды. Сөйтіп, бірер айдың ішінде цех бастығы болып тағайындалады. 1940 жылы азаматтық борышын өтеу мақсатында әскер қатарына шақырылады. Ферғана облысында  әскери міндетін атқарып жүрген Зияйддин басқа жауынгерлер сияқты алдында не күтіп тұрғанынан бейхабар еді.

Бейбіт жатқан елдің іргесін сөгіп, неміс басқыншылары опасыздықпен соғыс ашты. Рақымсыз жаудың бетін қайтару үшін қолға қару алған азаматтар майданға аттана бастады. Зияйддин де соғысқа кетеді. Содан 1946 жылы ғана елге оралады. Сталинград түбінде болған шайқаста фельд-маршал Паулюстің ту сыртынан ат үстінде шабуылдап, ерлік көрсетеді. Сөйтіп, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Соғысты Берлинде аяқтайды. Зияйддин Мәжитұлының кеудесінде жарқыраған «Варшаваны азат еткендігі үшін», «Берлинді азат еткені үшін», «Германиядағы жеңісі үшін» медальдары оның от ортасындағы ерлігін паш еткендей. Ел басына күн туғанда қолға қару алған ағасы Мұзафар мен інісі Жаудат та от ортасынан елге аман келіп, бейбіт өмірдің берекелі тірлігіне араласады.

Аман-есен оралған жауынгер жігіт бірден еңбек көрігін алғаш бастаған Байшонасына табан тірейді. Мұнай өндіру цехына аға инженер болып орналасып, көп ұзамай аталған цехтың бастығы болады. Таланты мен талабы ұштасып, жылжи өткен уақыт жетегінде тәжірибесі толығып, өндірістің білікті маманына айналады. 1948-1959 жылдары Ескене, Мақат, Қаратон, Қошқар, Сағыз  мұнай кәсіпшіліктерінде директорлық қызмет атқарады. Үш жылдай Гурьев облыстық мұнай және химия өнеркәсібі жұмысшыларының кәсіподақ комитетінде төраға болып, қайтадан өндіріске ден қояды.

1967 жылдан бастап Байшонас мұнай-газ өндіру басқармасында бастықтың орынбасары болып, Мартыши жаңа кен орнын игеру жұмыстарына басшылық жасайды. «Ол кезде жұмыстың барлығын қолдап жасайды. Жер қазады, құбырларды жалғастырады. Зияйддин Мәжитұлы күн-түн демей жүріп жатқан қызу жұмысқа біліктілікпен, сабырлылықпен басшылық етті. Ол кісі байсалды, білгір басшы ғана емес, ақылшы ұстаз бола білді. «Бұл кеніштің қызығын көретін сендерсіңдер» деп айналасындағы жас жігіттерді жігерлендіріп отыратын»деп оның көзін көргендер бір кездері сыр ғып шертіпті.

Өзі жоқ болса да артында қадау-қадау жалынды пікір қалдырған ағамыз болмысынан қарапайым, болмасын демейтін бауырмал, қамқорлығы басым, адамгершілігі зор адам болыпты. «Ол кісінің адами болмысына қайран қалатынбыз. Аса шыдамды, биязы, кішіпейіл еді. Ал, тапсырған жұмысты орындамаған адаммен құйысқан кесісуге әзер тұратын. Сенімін ақтамаса, сол адаммен сөйлеспей қоятын. Тәртіптің адамы еді. «Тәртіп жоқ жерде, береке де шамалы» деп отыратын деген  жүрекжарды естеліктер де көзге түсті.

%d0%ba%d0%b5%d0%bc%d0%b5%d0%bb-%d0%ba%d0%b5%d0%bb%d0%b1%d0%b5%d1%82-1

Зияйддин Мәжитұлы 1972 жылдан бастап Балықшы бұрғылау басқармасында бастықтың орынбасары болып, сол жерден құрметті демалысқа шығады. Төккен тер босқа кетпеді. Ерен еңбегі үшін «Құрмет белгісі» ордені, «Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген мұнайшысы» атағын алып, көптеген үкіметтік марапаттарға ие болды.

Жан жолдасы Сәуия  Саханқызы Борашова өмір бойы сауда қызметкері болып қызмет еткен. «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері. Ағы мен қарасы қатар жүретін осынау өмірдің ауыртпалықтары мен қызықтарын қатар көтере жүріп, екеуі өмір өткелдерінің талайынан өтті. Үлкен-кішімен сыйласты. Балалы-шағалы, құдалы-құдандалы болды.

Өмірлерінің саналы сәттерін еңбекке арнаған екеуі балаларының болашағына мән берді. Ел қатарлы азамат болса екен деп армандады. Ата-ананың ақ армандары ақиқатқа айналды. Қыздары Сәбира – мұнайшы, бұл күнде өмірде жоқ. Одан кейінгі Гүлнәр мен оның жолдасы Орақ та дүниеден озған. Бір көңілге демеу болары, олардың соңдарында ұрпақтарының қалғаны. Әлім мен Аидасы – мұнайшы, Альбинасы – музыкант. Гүлнәр өмірінің соңына дейін Атыраудағы Қазақ ғылыми зерттеу және геологиялық барлау институтында, Орақ Қазақ ССР Ғылым академиясына қарасты Атыраудағы мұнай химиясы және табиғи тұздар институтында қызмет етіп, диссертация қорғаған, білікті маман болған. Артында қалған тұяқтары әке шаңырағының отын одан әрі маздатып, перзенттік парыздарын өтеуде.

Ұлдары Әділбек те мұнайшы, геофизика конторасында ұзақ жылдар еңбек етті. Қазір зейнеткер. Зайыбы Мауазия екеуі – екі бала өсіріп-өндіріп, бүгінгі күні  немерелердің қызығына қуанған бақытты ата мен әже. Бақыт қыздары – дәрігер, жолдасы Нұржан – кәсіпкер. Екеуі де ұрпақ қызығына бөленген қуаныш иелері. Алматыда тұрады.

Гүлфарасы да мұнайшы. Қырық жыл бойына қазіргі  «Каспиймұнайгаз» ғылыми-зерттеу және жобалау институтында жұмыс жасаған. Өз еңбегінің жемісін көрген білікті маман. Қазір зейнеткер. Төккен тердің өтеуі – көптеген мемлекеттік марапаттар мен көпшіліктің ілтипаты. Соның ішінде «Қазақстан мұнайына 100 жыл» мерекелік медалі де бар. Құдай қосқан қосағы Марат Жүнісқалиев те өңірге белгілі мұнайшы. Ұзақ жылдар «Ембімұнайгаз» АҚ саласында еңбек етіп құрметті демалысқа шыққан. Екеуінің де қазақ мұнайының дамуына қосқан қомақты үлестерінің  көп екендігін ешкім де жоққа шығара алмас. Балалары Марғұлан, Асқар ата-ана салған соқпақты жалғастырған мұнайшылар болса, Қанат – банкир, ал, Динарасы – Назарбаев университетінің студенті.

Әулеттің кенжесі – Гүлбадан, оның қызы Анар да – мұнайшы. Қыз бала қашан да жүрегі жұмсақ, бауырмал келеді ғой. Қай бала да ата-анасы үшін қолдан келгендерін аямай, құрметпен қарайтыны белгілі. Соның ішінде Гүлбаданның ата-анасына деген ықыласын ағайын-туыстары үлкен мақтанышпен  әңгімелейді.

«Әкеміз асқар тауымыз еді. Өз мүддесінен мемлекет мүддесін жоғары қоятын. Адал еңбек ету, білікті маман болу оның ұстанымы болатын. Бізді де соған баулыды. Байқап отырсам біз, тұтастай мұнайшылар әулетіне айналыппыз. Әкеміз салған сара жолдың осылайша жалғасын тапқанына қуанамын. Есейіп, өзіміз немерелердің бал қылықтарын қызықтап отырған салиқалы жасқа келсек те, ата-анамызды ойлағанда әлі күнге дейін жүрегіміз қарс айырылады. Әкеміз жарықтық арамызда болса биыл жүз жасқа келер еді. Мәуелі баққа айналған ұрпақтары әке бейнесін сағынышпен еске түсіреді. «Аты өшпеді» деген мүмкін осы шығар. Еткен еңбек сатулы емес қой. Дегенмен, әкеміздің кәрі Ембінің мұнай алаңдарын игерудегі еңбегі мол деп ойлаймын. Кейбір  кездері атына көше беріліп, болмаса өзі тұрған үйге тақта орнатып атын мәңгілікке қалдыратын шаралар жасалса деп те армандаймын»-дейді Гүлфара Зияйддинқызы ерекше тебіреніспен  әңгіме арасында.

Зияйддин Мәжитұлы алпыс бірге қараған шағында, Сәуия Саханқызы биыл 90 жасында дүние салды. Жылжыған жылдар жетегінде талай күндер артта қалды. Бірақ, бұл әулеттің ең асыл адамдарының бейнелері көмескіленген жоқ. Көмескіленбейді де. Өйткені, олардың соңдарында татулық пен бірліктің асыл тінін жалғастырған ұрпақтары бар.                                                                                       

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*