КЕЛІСІМНІҢ КИЕЛІ БЕСІГІ

Алғашқы баспалдақ

Ассамблея алғашқы жылдары халық көкейіндегі өз болашағына алаңдаушылықтан туған қорқынышты басуға, этносаралық қарым-қатынас байланысын жеңілдетуге үлес қосып, еліміздегі тіл саясатын жүргізумен айналысты. Сонымен-ақ, өзін мемлекетіміздің және әрбір қазақстандық этностың өмірі үшін  жауапты санайтын демократиялық үрдістердің белсенді мүшесі ретінде танытты. Сол уақыттағы идеологиялық тұрақсыздық жағдайында бар жауапкершілік ұлтаралық қозғалыс көшбасшыларының мойнында болды. Ол уақытта облыстық Ассамблея үш қызметкерден ғана тұрды және сол кезден бастап бөлім мәртебесін иеленді. Оның жетекшісі облыстық әкімшіліктің бас кеңесшісі – Мәжит Сәрсекенов және кеңесші Алевтина Воронцова болатын. Олар «Согласие», «Видергебурт», «Тхоньил», «Возрождение», «Татулық» секілді этно-мәдени бірлестіктердің жұмысын үйлестіріп отырды. 1997 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы  облыстық ұйымының төрайымы ретінде Софья Сейітқалиева сайланған болатын. Оның комсомол-партия жұмысындағы бай тәжірибесі жаңа қызметіне үйренісіп кетуіне қиындық тудыртпады. Ол облыстық Ассамблея жұмысына тың серпін әкелді. 

Іске серпін берді

Мемлекет басшысы 2002 жылдың сәуір айында «Қазақстан халқы Ассамблеясының  2007 жылға дейінгі даму стратегиясы туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған байланысты облыстық Ассамблея ісінде жаңа сапалық өзгерістер болып, Ассамблея облыстық әкім аппаратының дербес бөлімі ретінде жұмыс жасады. Бұл ұлттық мәдени орталықтар ісіне елеулі әсер етіп, этномәдени бағдарламаларға сәйкес кәсіпорындар мен мекемелер өткізетін  шаралардың әдістемелік негізін жасап, мол тәжірибе жинақтады. Этнобірлестіктер әлеуетінің жоғарылығының нәтижесінде Атыраудағы Ассамблея хатшылығы «Демократиялық Қазақстан дамуындағы ұлттық бірлестіктердің орны» тақырыбында өңірлік семинар өткізуді ұйғарып, бастама көтерді. Ол Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары Ассамблеясы өкілдерінің басын қосқан үлкен шара болды.

Сондай-ақ, Қазақстандағы Ресей жылы болып аталған 2002 жыл Ассамблеяға ерекше серпін берді. Бұл орыс халқының өңір топырағына шоғырлануына әсер етті. Соның нәтижесінде «Радуга» және «Русичи» орталықтары бірігіп, «Былина» орыс ұлтының бірлестігі құрылды.

Ассамблея елдегі маңызды оқиғаларға, шараларға үнемі атсалысу арқылы өзінің қоғамдағы орнын айқын көрсете бастады. Әр жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне барып, әрқайсысының туған күндерін ұлығылап отырды. Орыс, украин, армян, корей, шешен, ингуш, дағыстан орталықтары да Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қолдай отырып, өз көмектерін берді. 

Жаңа белес

2008 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңның қабылдануы құрылым өміріне зор өзгерістер әкелген кезең болды. Нәтижесінде Ассамблеяның халық саясатындағы құқықтық мәртебесі бекіді. Ал, облыстық Ассамблеяның жасампаздық бағытындағы игі бастамалары 2009 жылы басталды. Жастар жылына арналған бағдарлама өскелең ұрпақ бойында әлем мәдениеті мен келісімді қалыптастыруға негізделді. Облыстық білім беру басқармасымен бірлесе отырып, жас ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеу бағытында танымал тұлғалардың өмірін үлгі етуге арналған шаралар қолға алынды.

2010 жыл – «Ел бірлігі» Доктринасы, «Еуропаға жол» бағдарламасы қабылданған жыл. Қазақстан халқы Ассамблеясының  15 жылдығы, Қазақстан Республикасы Ата Заңының 15 жылдығы, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы, ТМД елдеріндегі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жылы. Сондай-ақ, Қазақстандағы Германия, Кореядағы Қазақстанның, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ жариялаған мәдениеттер жақындастығы жылы. Бұл кезеңдегі этнобірлестіктер өмірі рухани тұрғыдан өрледі десек,  қателеспейміз. 

Достықтың алтын көпірі

Облыстық Ассамблея этно-мәдени бірлестіктері әлеуметтік жаңғырту және өндірістік-инновациялық даму бағдарына көп үлесін қосты. Мәселен, Корей «Тхоньил» этномәдени бірлестігі жеке серіктес ретінде жылыжай жүйесі бойынша  қызмет етіп, халықты жеміс-жидекпен қамтамасыз етті. «Таврос» бірлестігінің бастамасымен Армениядан алынған қақталған әйнек мозаика өнімдері  Атырау өнері үшін тың жаңалық болды. Грузиндік «Иверия» неміс технологиясы бойынша «BOSH» автомобильдері құрылымын қамтамасыз ететін сервис орталығын ашты. Немістердің «Видергебурт» орталығы  «Өңірлік деңгейде тұрғылықты халықты әлеуметтік қорғау ісіне еуропалық үлгіні ендіру», «Қазақстандық немістердің өзін-өзі  ұйымдастыру құрылымдарын дамыту», «Авангард жастар бағдарламасы» тақырыптарында жобалар дайындады.   

Сан түрлі ұлттарды бір тудың астына біріктіру, бұл – дана саясатты қажет ететін ерен еңбек. Осы орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ассамблея қоғамдық институтын құру арқылы достықтың теңдессіз моделін жасап шығар-ғанын атап көрсетуге тиіспіз.

Жаннат АСАБАЕВА,

Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының

 аға оқытушысы,  Қазақстан халқы

Ассамблеясының ардагері.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*