КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК

Мысалы, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында іске асып жатқан әлеуметтік нысандарға пандус орнату және ғимараттарын бейімдеу барысы қалай жүруде екенін білу мақсатында «Нұр Отан»  партиясы  облыстық филиалы арнайы рейд ұйымдастырды. Құрылған комиссия мүшелері облыстағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау бағытында салынған әлеуметтік орталықтар мен инклюзивті оқыту жүйесіне енгізілген мектептерді аралады.

Тексеруші құрамда партиялық бақылау комиссиясы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, білім беру, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары болды. Рейдтің мақсаты – қоғамдық мекемелердің инфрақұрылымы мүгедектерге қаншалықты бейімделгенін көру. Яғни, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына, пандус орнатуда стандарттық талаптардың сақталуын және бейімдеу жұмыстарының сапалы орындалуын бақылау.

Спортта  мүмкіндік «шектеусіз»

Комиссия мүшелері өз жұмысын Балықшы кентіндегі Атырау мүгедектер спорт клубынан бастады. Оларды клуб директоры Бауыржан Тахауов қарсы алып, спорт кешенімен, ондағы жаттығушылармен таныстырды. – Мүгедек спортшылардан құралған волейбол құрама командасы – еліміздің атынан түрлі турнирлерге қатысып, өздерін мойындатқан ұжым. Жақында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдесін алған да – біздің жігіттер. Еліміздегі осындай тоғыз команда ішінде атыраулық ойыншылар төрт жыл чемпион атанды. Енді олар 2016 жылы өтетін әлем кубогіне қатыспақ. Спортшылардың жүріп-тұруын қамтамасыз ететін үш арнайы көлігіміз бар. Сондай-ақ, биыл бізде еліміздегі тұңғыш әйелдер құрама командасы құрылды. Мұнда зағиптардан құралған тоғызқұмалақ ойыншылар тобы да бар. Кезінде қолына теннис қалақшасын ұстай алмағандар қазір емін-еркін ойнап жүр, – деді клуб басшысы.

Мұнда ғимаратқа сырттан кіретін пандус, кіреберіс бөлмелер, киім шешетін орын, әжетханалар мүгедек жандардың ыңғайына қарай жабдықталған екен. Осыған көз жеткізген тексерушілер кешен құрылысына оң баға берді. Белгілі болғандай, қазір екі-үш қабатты мектептерді тез арада бейімдеп тастау уақыт пен қаражатты талап етеді. Ал, кезектің алдында әлеуметтік саладағы нысандар  тұр.

Мектептер  де бейімделуі  керек

Осыдан соң арнайы топ «Авангард» мөлтекауданындағы №3 орта мектепке бас сұғып, ғимарат ішін аралады. Мұнда, өкінішке орай, мектеп есігі мен кіре-беріс табалдырық мүгедектерге лайықталмаған болып шықты.

– Негізі мұнда арбаға таңылған мүгедек оқушылар да, ата-аналар да келмейді, тек ақыл-есінің дамуында кінәраты бар балалар ғана оқиды. Сондықтан, мектеп құрылысында ол жағдай ескерілмеген, бірақ, алдағы уақытта бұл мәселені шешеміз. Әлеуметтік қызметкер, педагог, психологтардан құралған ұжым дефектолог мамандармен де толығады деп күтілуде. Бізде ата-ана мен мұғалімдер келісімшартқа отырған. Психикалық дамуы тежелген балалардың арасында балалар үйінің тәрбиеленушілері де бар, – деп түсіндірді мектеп директорының міндетін атқарушы Әниса Оңғаралиева.

 «Бүгінде мүгедек балалардың ата-анасы олардың мектепке келіп оқуына келісімдерін бермейді, басқа оқушылар шеттетеді деп қорқады. Оларды қанша үгіттесек те, ешкімге мүсіркеу жандай көрінбей, жәрдемақысын алып, үйде отырғанын қалайды. Анығына келгенде, қала мектептері бейімделуге толық дайын емес. Айталық, ол үшін әр оқу орны церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған орындықтардан бастап жеделсатыларға дейін түгел қамтылуы керек қой» дейді қалалық №1 психология-медициналық педагогикалық кеңес беру орталығының меңгерушісі Гүлрайхан Ғұмарова. Бұған I топ мүгедегі, комиссияның тәуелсіз сарапшысы Яда Кабаканованың да айтары бар.

«Жаман айтпай жақсы жоқ, осы оқушылардың біреуі егер аяқ астынан бір бәлеге душар бола қалса не істейсіздер? «Арбаға таңылған екен» деп ешкімді де қатардан қалдырмаған жөн. Мен өзім үшін емес, болашақ үшін алаңдағандықтан айтамын. Әр мүгедек қажет жеріне өзі барып, өзі шығуы керек, сол үшін де бейімдеу бағдарламалары енгізіліп отыр емес пе?» – дейді ол.

Орын алған олқылықтарды облыстық  білім  беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев өзінше саралап көрді.

– Рас, жеделсатыға қазір сұраныс берудеміз. Бірақ, толық бейімделу енді ғана іске аспақ. Бұрын балалардың толық тамақтану мүмкіндігі жолға қойылмады, қазір ол бойынша облыс ең жоғары нәтижеге ие. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары үшін бар жағдай жасалуда. «Жұлдыз», «Самал», «Бірлік» сияқты жаңа мөлтекаудандар бой көтеріп, аудан тұрғындарының қалаға қоныс аударуына байланысты қазір қаладағы бала саны 3000-ға күрт өсті.

Оқу ғимаратына ең алғаш қойылатын талап – өрт қауіпсіздігі, өрт бола қалған жағдайда бөлмеден шығу жолдары болуы керек. Екіншіден, жүйелі тамақтандыру және спортты дамыту болып табылады. Үш ауысымдық оқу түрі де қысқартылып, барынша жүйеленіп келе жатыр. Бірақ, ғимарат тапшылығы сезіледі, сондықтан кіреберіс бөлмелерді де сыныптарға айналдырып жатырмыз. Былтыр 34 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, тағы сондай мектеп жоспарлануда, – деді ол.

Жүйке  ауруына шалдыққан мүгедектер  де бар…

Рейдтің соңғы нысаны Махамбет ауданы Сарайшық селосындағы «Сарайшық» психоневрологиялық интернаты болды. Мұндағы есік босағалары да талапқа сай болып шықпады. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Тимур Естебаев мәселені тез арада шешуді тапсырды. Бұл мәселені Атырау  облысы  әкімінің  мүгедектер мәселелері  жөніндегі  кеңесшісі Манап Абдрахимов та қуаттады.

«Бізде 20 шақты арбаға таңылған мүгедек жан бар. Бірақ, жүйке аурулар интернатында аурулар адам көмегінсіз өздігінен қимылдай алмайды. Сондықтан, кейбір бөлмелерге арнайы инклюзивті құрылғылар басқа жолмен орнатылған. Мұнда 318 адамға 7 дәрігер, 18 мейірбике тұрмыстық, психологиялық, педагогикалық, мәдени, еңбек, құқықтық және әлеуметтік қызмет көрсетіп отыр. Шизофрения, эпилепсия, ақыл-естің ауытқуы сияқты психикалық ауруға шалдыққан науқастардың туыстары келіп хабарласып тұрады» –  дейді интернаттың директоры міндетін атқарушы Назымгүл Жексенова.

Мониторинг қорытындысы бойынша әлеуметтік нысандардың басым бөлігіне салынған пандустардың құрылыстары мен бейімдеу жұмыстарының талаптарға сәйкес келмейтіндіктері анықталды. Жіберілген кемшіліктер бойынша бір ай мерзім ішінде жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуы тиісті мекеме басшыларына тапсырылды. Облыстық партия филиалы тұғырнаманы іске  асыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі Фарида Ахметова, облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Асылбек Жәкиев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиевалар да осы пікірде болды.

– Мүмкіндігі шектеулі адамдарға «Кедергісіз келешек» жасау мақсатында 34 нысанды бақылауда ұстау тапсырылған.   Ал, егер белгіленген нысандарда тиісті пандустар тағы да болмай шықса, онда ғимарат мемлекеттік комиссиядан өтпейді, – дейді облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бектеміров.

Партия филиалынан білгеніміздей, «Кедергісіз келешек» жобасында белгіленген мақсатты индикаторлардың бірі – облыстағы  еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру. Осы мақсатта  партияның облыстық және аудандық филиалдары мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бос жұмыс орындарының 12 жәрмеңкесін өткізді. Былтырғы жылы облыстағы 1603 мүгедектің 500-ге жуығы тұрақты жұмысқа орналасты. «Нұр Отан» партиясының аймақтық және аумақтық филиал­дары нысандарды құжаттау мен бейімдеу мони­торингі бойынша жұмысын жалғастыруда. Облыс бойынша еңбек жасында 12 мыңға жуық мүгедек болса, оның 5 176-ы еңбекке жарамды екендігі анықталып отыр.  Ал, 2 248  мүгедектің жұмыс істеуге ынтасы бар. Міне, рейдке қатысушы топ мүгедектердің мүмкіндігі шектеулі екенін естеріне салғанша, мүмкіндіктерін молайтуға күш салу керек деп ой түйді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*