ҚАЗЫНАНЫҢ ҚАРЖЫСЫ

Ақша есепті сүйеді

Артылған міндеттерді іске асыру бағытында Атырау облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы өткен жылы ауқымды жұмыс жасады. Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің сақталуына, мемлекет активтерінің пайдаланылуына, бухгалтерлік есептің жүргізілуіне, қаржылық есептіліктің жасалуына және басқа қаржы тәртібінің сақталуына 391 бақылау іс-шараларын жүргізді.

Бақылау нәтижесімен жалпы сомасы 4 959,1 млн. теңгенің қаржы бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде материалдық құндылықтар мен ақша қаражатының жетпестігі 12,0 млн. теңге, бюджет қаражатын, гранттарды, мемлекет кепілдік берген заемдарды, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстар, қызмет көрсету) сатудан олардың билігінде қалатын ақшаны, мемлекеттік активтерді негізсіз пайдалану 4 657,7 млн. теңге, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану 173,5 млн.теңге, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану 99,2 млн.теңге, салықтан тыс түсімдер бойынша бұзушылықтары 16,7 млн. теңгені құрады.

Бұдан басқа, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының 2013 жылғы 17 қаңтардағы бұйрығымен бекітілген орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқару органдары қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу кестесі бойынша инспекция облыстық және қалалық, аудандық атқару органдары қызметінің тиімділігіне бақылау шараларын жүргізді. Қорытындысы ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитетіне жолданды.

2013 жылы Мемлекеттік бағдарламалар бойынша республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына бақылаулар жүргізілді. Дәлірек айтсақ, 2012-2013 жылдарға арналған «Қолжетімді тұрғын үй – 2020», 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ», 2011-2012 жылдарға арналған «Өңірлерді дамыту», 2012 жылы ҚР тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылығын модернизациялау, жылу-энергетикалық жүйесін дамыту, 2012-2013 жылдары денсаулық сақтау нысандарын салуға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына, жергілікті атқарушы органдарға бюджеттік несие беруде кредиттік келісімдердің талаптарының сақталуына, олардың қайтарылуына бақылау жұмыстары жүргізілді.

Аудандардағы ахуал қандай?

Өткен жылы Исатай, Қызылқоға, Жылыой аудандарында жергілікті атқарушы орынның бюджет заңнамасын және мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуына кешенді бақылаулар жүргізілген болатын. Нәтижесінде, бюджет қаржысын мақсатқа сай пайдаланбау және әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген деректер анықталды.

Аудандық жергілікті атқарушы орындардың бюджеті мен мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларының сақталуына жүргізілген кешенді бақылау қорытындысында Исатай ауданында жалпы сомасы 140,0 млн. теңгенің қаржылық бұзушылықтары және 186,4 млн. теңгенің мемлекеттік сатып алу заңдылықтарының бұзылуы, тиісінше Қызылқоға ауданында жалпы сомасы 82,9 млн. теңгенің қаржылық бұзушылықтары және 312,0 млн. теңгенің мемлекеттік сатып алу заңдылықтарының бұзылуы айқын болды. Ал, Жылыой ауданында жалпы сомасы 64,5 млн. теңгенің қаржылық бұзушылықтары және 127,5 млн. теңгенің мемлекеттік сатып алу заңдылықтарының бұзылғаны белгілі болды.

Жоғарыда аталған үш аудан бойынша бақылау қорытындысымен кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Осы есеп беру уақыты ішінде орын алған қаржы тәртібін бұзушылықтардың 3 316,2 млн. теңгесі жергілікті бюджеттің үлесіне, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер бойынша үлесі 586,7 млн. теңге, шаруашылық жүргізуші нысандары бойынша 1 056,2 млн. теңге құрайды.

Аталған қаржы бұзушылықтардың негізгі үлесі – 1039,1 млн. теңге құрылыс саласына, 637,6 млн.теңге дене шынықтыру және спорт саласына, 282,5 млн. теңгесі білім беру саласына, 30,9 млн. теңгесі денсаулық сақтау саласына, 766,9 млн. теңгесі басқалай салалар үлестеріне жатады.

Бақылау болмаса, берекесіздік

орын алады

Жалпы, анықталған бұзушылықтардың негізгі бөлігінде орындалмаған жұмыс көлемі үшін бюджет қаржысын негізсіз аудару, еңбекақыны есептеудегі қателіктер, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану, мемлекеттік сатып алу заңдылықтарын бұзу және бухгалтерлік есеп жүргізу тәртібін сақтамау фактілері орын алған. Атап айтқанда, «Атырау облысы ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесі бақылау қорытындысымен орындалмаған жұмыстарға 3180,0 мың теңге бюджет қаржысын негізсіз шығындағаны анықталды. Одан басқа, мемлекеттік сатып алу бойынша заң  бұзушылықтар 4830,0 мың теңгені құрады. Бақылау материалы облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жолданып, қылмыстық іс қозғалып, соттың үкімімен бес қызметкер әртүрлі мерзімге шартты түрде сотталды.

«Индер ауданы С.Сейфуллин атындағы орта мектебі» мемлекеттік мекемесінде бақылау нәтижесінде Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының талаптарына қайшы педагогикалық білімі болмаса да 1 қызметкерге 140,4 мың теңге еңбекақы негізсіз артық аударылғаны анықталды. Ақша бюджетке қайтарылды. Осы жағдайға байланысты да қылмыстық іс қозғалып, сот шешімімен мекеме басшысы үш жылға шартты түрде сотталды.

«Атырау» облыстық волейбол командасы» коммуналдық-мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында жүргізілген бақылау қорытындысымен жалпы сомасы 237 711,5 мың теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталды. Атап айтқанда, спорттық іс-шаралар мен оқу-жаттығу жиынына шетелге шығуға жалған құжаттармен негізсіз жұмсалған 236 876,8 мың теңге, оның 149 579,8 мың теңгесі еңбекақы мен сыйақыға негізсіз төленген. Оның ішінен ұсталынбаған зейнетақы қоры 10 868,9 мың теңге, табыс салығы 12 739,9 мың теңге және жалған жол қағаздарын толтыру арқылы 834,7 мың теңгенің жанармайы кәсіпорын есебінен негізсіз шығарылған. Бақылау материалы облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жолданған болатын. Нәтижесінде, «Атырау» облыстық волейбол командасы» КМҚК-ның басшысына, бас жаттықтырушысына және бас есепшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, соттың шешімімен әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.

Жыл басынан инспекцияға заңды және жеке тұлғалардан 85 арыз-шағым түскен, соның 67-сі мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтары туралы. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу заңдылықтарының сақталуына 313 тексеріс жүргізілді және оның 217-нен жалпы сомасы 3 291,1 млн. теңгенің бұзушылықтары анықталып, оның 94-і бойынша мемлекеттік сатып алу қорытындысына әсер ететіні – 2 9160,8 млн. теңге, 123-і бойынша мемлекеттік сатып алу қорытындысына әсер етпейтіні – 10 910,2 млн. теңге.

Жазықтылар

жауапкершілікке тартылды

Есеп беріп отырған кезеңде мемлекеттік сатып алу заңдылықтарының сақталуы бойынша 313 тексеріс жүргізілді. 217-нің қорытындысында жалпы сомасы 40 071,0 млн. теңге бұзушылық деректері анықталып, оның ішінде 94 тексеріс бойынша мемлекеттік сатып алу қорытындысына әсер ететін бұзушылықтар – 29 160,8 млн. теңгені, 123 тексеріс бойынша әсер етпейтін бұзушылықтар 10 910,2 млн.теңгені құрады.

Анықталған кемшіліктерге байланысты, инспекция тарапынан конкурс қорытындыларының күшін жою үшін 43 ұсыныс жолданып, толықтай орындалды. Сонымен қатар, инспекция бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған 137 лауазымды тұлғаның 128-не мемлекеттік сатып алу заңдылықтары талаптарының сақталмағаны үшін айыппұл салынды. Одан басқа, 372 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оның 185-і жоғарыда айтылғандай мемлекеттік сатып алу заңдылықтарын сақтауда кемшіліктер жіберген.

Облыстың құқық қорғау органдарына жолданған жалпы сомасы 2 661,2 млн. теңгенің 63 бақылау материалдары бойынша 18 қылмыстық іс қозғалып, оның үшеуі сотта қаралды. Соттың шешімімен жеті лауазымды тұлға әртүрлі мерзімге сотталды.

Бұдан басқа, инспекциямен облыс бойынша жария мүдделі ұйымдардың жылдық қаржылық есептілікті депозитарийге табыс етуіне және аудиторлық ұйымдар қызметтік есептіліктерін уақтылы ұсынуына бақылау іс-шаралары жүргізілді. Мәселен, есеп беру кезеңге жария мүдделі ұйымдардан 2012 жылдық қаржылық есептілігін белгіленген уақытта 12 заңды тұлға тапсырмаған. ӘҚБТ кодексіне сәйкес, заңды тұлғаларға әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданып, жалпы сомасы 8,5 млн.теңге айыппұл салынды. Оның бюджетке қайтарылғаны 6,1 млн.теңге.

Сонымен қатар, ҚР Қаржы министрлігі қаржылық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы туралы Ережесіне сәйкес уәкілетті орган ретінде барлық жария мүдделі ұйымдар бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жөнінде ҚР заңнамаларының сақталуы мақсатында қаржылық бақылауды жүзеге асырады, яғни мониторинг жүргізіп, қорытындысында қаржылық есептілік бұрмаланып жасақталғаны үшін 7 жеке және заңды тұлғаға соттың қаулысымен жалпы сомасы 1,7 млн. теңгенің айыппұлы салынып, оның 0,9 млн. теңгесі бюджетке қайтарылды.

Жылда заманның ыңғайымен Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі мен «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Осы орайда жергілікті органдармен келісіп, инспекция басшылары мен мамандары аудандар мен қалада кең көлемде түсінік жұмыстарын жүргізеді. Соның нәтижесінде мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне күнделікті жұмысына қажетті бағыт беріліп, туындаған сауалдарына жауап қайтарылады.

Меңдіхан ЛҰҚПАНОВ,

ҚР Қаржы министрлігі қаржылық бақылау

комитетінің Атырау облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы басшысы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*