ҚАЗЫНА КӨМБЕСІ

 

Солтүстік Каспийдің көне мұрасы

Нарын құмына жүргізілген зерттеу экспедициясының мақсаты ортағасырлық Сарайшық пен Сарай Бату қалалары аралығындағы керуен сүрлеуі бойымен жүріп, жаңа тарихи ескерткіштерді іздеу болатын. Нәтижесінде, Қызылүй қонысы, Қызылүй-1, Қызылүй-2, Қызылүй-3 тұрақтары, Шәуіптен-1, Шәуіптен-2 тұрақтары, Жасқайрат-1, Жасқайрат-2 тұрақтары, Шегенді, Сазды, Қошалақ, Ақжонас тұрақтары мен сәулеттік маңыздылығы бар деп есептелінген екі қазақ қорымы анықталды. Барлығы 14 тарихи нысан есепке алынды. Зерттеу-сараптау нәтижесінде тұрақтардағы жәдігерлер неолит, ерте темір дәуірлеріне жататыны анықталды. Құм шағылдарда орналасқан тұрақтарда суы тұщы шеген құдықтар қазылып, олардың айналасынан тас ғасырының қыш ыдыс сынықтарынан бастап орта ғасырлық қыш сынықтарына дейінгі тұрмыстық бұйымдар кездесті. Тас жебе ұштары, ұршық басы, басқа да бұйымдар мен шыны моншақ, қола жапсырма, шаш ұстатқыш сияқты, т.б. көптеген жәдігерлер табылды.

Қазіргі күнде Солтүстік Каспий бойының ең көне ескерткіштері Нарын құмының батысындағы Шошқалы, Қошалақ мекендері мезолиттік тұрақтар саналады. 1960 жылдардың ортасы мен 1970 жылдардың басында археолог А.Н.Мелентьевтің жетекшілігімен, Солтүстік Каспий маңынан екі жүздей мезолит, неолит және энеолит кезеңінің кварцитті өнеркәсіп орындары ашылған болатын. Кей деректер бұл аймақтан 400-дің үстінде археологиялық ескерткiштер анықталғанын хабарлайды. Біз де бұл аймаққа кеңінен зерттеу жұмыстарын жасадық.

Табылған ескерткіштердің көбі Нарын құмының шеткі аймақтарын бойлай орналасқан. Зерттеу барысында, тұрақтардың арақашықтығының жиі болғанын кездестірдік, бұл – Нарын құмында мал шаруашылығымен айналысқан тайпалардың біршама тығыз қоныстанғанын көрсетеді.

Тайсойғандағы таңғажайыптар

Өңіріміздегі тарихи орын саналатын Тайсойған құмына жүргізілген археологиялық барлау жұмысы да жақсы нәтиже берді.

Мемлекеттік сатып алудың электрондық порталға шығарылуына байланысты, тендер арқылы саудаланып, бұл шараны «Астафьев А.Е.» ЖК (директоры А.Астафьев) өткізу құқын жеңіп алды. Өткен жылдың 21-25 қазан аралығында, Тайсойған құмының шығыс және солтүстік бөлігі, оған жапсарлас аймақтар тексеріліп шықты. Қарастырылған тарихи ескерткіштерден маңызы ерекше деп есептелген 6 қорым мен 15 қорғаннан  тұратын Миялы  қорғандар тобы есепке алынды.

Қорымдарда ХІХ ғасырдың соңына – ХХ ғасырдың басына жататын сәулеттік маңызы ерекше құлпытастар орналасқан. Ал, жаңадан анықталған Миялы қорғандар  тобына  15  қорған  кіреді.  Олардың көлемдері әртүрлі, ең үлкенінің  биіктігі 2 м.,  диаметрі  26 м. болады. Ең кіші қорған биіктігі 30 см, диаметрі 8 м. болды. Болжам бойынша, бұл ескерткіштер – ерте темір дәуіріне жататын сармат тайпаларының қорған-обалары. Қорғандар тобы Миялы поселкесінен солтүстікке  қарай  3 км. жерде, Ойыл өзенінің солтүстік жағында орналасқан. Қорғандардың батыс шетіне сол жерде қазылып жатырған каръер өте жақын қалған, болашақта мұның алдын алмаса, бірнеше қорғанның жойылу қаупі бар.

Сондай-ақ, барлау экспедициясы жергілікті маңызы бар деп есептелетін, қорғаудағы Мәтенқожа қорымының сәулеттік ерекшелігі, айрықша құлпытастарын суретке түсіріп, зерттеу нысанына алды. Өйткені, археологиялық және нақты этнографиялық маңызы бар заттық-мазмұндық суреттер мен ою-өрнектер көшпелілер мәдениетінің, шаруашылығының сипатын айқындап береді.

Керуен-Сарай

шақырады

Облыстық мұражайдың тапсырысымен өткен жылы жазда тендер жеңімпазы «Атырау Этноархеология ғылыми-зерттеу Орталығы» ЖШС (директоры С.Мираш) Мақат ауданындағы ортағасырлық Таскешу керуен-сарайына қазба жұмысын жүргізді.

Қазба жұмысы нәтижесінде керуен-сарайдың оңтүстік батыс бұрышынан бір тұрғын бөлме мен бұрыштың сыртында мұнара орны  топырақтан  аршылды.  Жобасы тік бұрышты келген бөлменің ішкі көрінісінен төрт қабырғаны бойлай алып жатқан суфа, қираған тандыр пеш орнын байқауға болады.

Қазба жұмысы өтіп жатқан кезде «Қазақстан-Атырау» телеарнасының «Хазардан Қазаққа дейін» тележобасы түсірілім жасап, керуен-сарай жөнінде арнайы бағдарлама түсірілді.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен Атырау облысы тарихи-мәдени мұраларды қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция арасында жасалған келісім-шартқа байланысты «Жылыой және Мақат аудандарының тарихи-мәдени ескерткіштері жинағын шығару» жұмысы қолға алынған болатын. Аталған аудандардың тарихи-мәдени ескерткіштері туралы мәлімет жинау үшін 12-23 тамыз аралығында жасалған этно-археологиялық экспедиция 100-ден аса ескерткіштерді тексеріп, жай-күйі туралы мәліметтер, суреттері мен сызбалары, сипаттамалары алынды. Кітап мазмұны мұражай  Ғылыми кеңесінде талқылаудан өтіп, айтылған сындар ескерілді. Қазіргі кезде мәліметтер өңделіп болып, кітап нұсқасы баспаға жіберілді.

Жалпы 2013 жылы мұражай  археологтары жылдық жоспардан тыс 4 миллион теңге шамасындағы жұмыстарды істеді. Барлық археологиялық барлаулар нәтижесінде 2013 жылы 24 жаңа тарихи-мәдени нысандарды анықтады. Осы жаңа тарихи ескерткіштердің сараптамасы алдағы күнде Атырау облысы тарихи-мәдени мұраларды  қорғау,  қалпына  келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясына   беріліп,   ескерткіштерді қорғау тізіміне алу ұсынылады. Жалпы алғанда, Атырау атырабының қазыналы көмбелері әлі тыңғылықты зерттеліп болған жоқ. Оған жаңа күш, жаңаша ұмтылыс, кешенді ғылыми-зерттеу жүргізу керек. Сонда ғана біз қазыналы байлыққа қол жеткіземіз.

Тарихымызды зерделеу процесі күшейіп келе жатқан қазіргі уақытта өз зерттеулерін жаңа деңгейге көтеруге мұражай қызметкерлері барынша еңбектеніп келеді.

Айбек ТҰРАРҰЛЫ,

 облыстық тарихи-өлкетану мұражайының

бөлім меңгерушісі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*