«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖОЛ» – ӘЛЕМГЕ ҮЛГІ

«Қатысушылар ТМД кеңістігіндегі елдердің ұлттық саясаттағы ерекшеліктерін саралай отырып, этно және дінаралық ынтымақты сақтау мәселесінде екі елдің тәжірибелерін талдап шықты. Және ағымдағы қауіп-қатерлердің саяси-әлеуметтік үдерістерге ықпал ету деңгейін айқындауға тырысты» деп хабарлайды Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінің баспасөз-қызметі.

Шара барысында Ресей халықтары Ассамблеясының төрағасы Светлана Смирнова Қазақстанда мемлекет пен ұлттық-мәдени бірлестіктер арасында өзара табысты қатынастардың ерекше тәжірибесі қалыптасқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Қазақстан халқы Ассамблеясының ресейлік әріптес институттан бұрын құрылып, оған үлгі болғанын айтты.

Әлемдік тарихта соңғы уақытқа дейін ұлттық мәселенің тек екі жолмен ғана шешіліп келгеніне тоқталған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков «Елдің атауын берген ұлтқа басымдық беру Еуропа елдерінде кеңінен тараған тәжірибе еді. Қазақстан көп ұлтты халқының ерекше үлгісін қалыптастырды. Ұлттардың алуан тірлігі жойылмай, керісінше, көп ұлтты Қазақстан халқы бірлестігінің рухани негізіне айналды» деді. Оның пікірінше, Ассамблея барлық қазақстандық қоғамның рухани құндылығы және біріктіру күші болып қала бермек.

Этносаралық ынтымақ мәселесін ылғи өзгеріп тұратын ауа райымен салыстырған Мәскеу Карнеги орталығы ғылыми кеңесінің мүшесі Алексей Малашенко нендей ахуалға да дайын болу қажет деп санайды. «Қазақстан – шынайы тиімді ұлттық саясат жүргізетін әлемдегі аз елдердің бірі» деп атап өтті ол. Қазақ елінің ішкі ахуалына зерттеу жүргізген сарапшы ұлттық саясат үлгісінің ерекшелігін көп ұлттардың бір аумақта бейбіт тұру дәстүрімен, этникалық және діни артықшылыққа жол берілмеуімен, көпшілік арасында толерантты мәдениеттің қалыптасуымен сипаттады.

Халықаралық түркі академиясының сарапшысы Тимур Козыревтың айтуынша, қалыптасқан толеранттылықтың арқасында Қазақстан қоғамы этносаралық дағдарыстарға қарсы жоғары иммунитетке ие болып отыр. «Бұған күмән келтіргендер «осы феномен Кеңес Одағының жетістіктерінен пайда болып отыр» дейді. Алайда, бұл көзқарас түпкілікті орынсыз. Себебі, Кеңес Одағының жетістіктері оған мүше болған барлық елдерге ортақ, ал Қазақстанда бар иммунитеттің жөні бөлек» дейді ол. 

Іс-шара соңында қатысушылар «Қазақ елінде іске асырылып жатқан этносаралық мемлекеттік саясат ұлттық және діни мәселеде төзімділік пен ынтымақты мәдениеттің қалыптасуына мүмкіндік береді» деген тұжырым жасады. Бастысы, әлем «қазақстандық жолды» пайдалы тәжірибе тұрғысында одан әрі қолдана түсуге мүдделі болып отыр.

 

Өз тілшіміз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*