«ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН»

Біздің облыста «Қазақстанда жасалған» акциясы басталмай тұрып-ақ жергілікті шаруа қожалықтарының өнімдерін тұрғындар, әсіресе қала халқы ертемен келіп таласа алып кететін. Әсіресе, демалыс күндері ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде өзіміздің кәсіп иелерінің тауарларын сатып алуға келгендерден ине шаншар жер болмайтынын көз көріп жүр. Ал, былтыр жаз айларында аймақ басшысының бастамасымен Жайық өзені бойында тиімді бағамен арзан тірі балық саттыққа шығарылды. Сол кезде «Інжу-Маржан» ЖШС мен «Аманкелді» өндірістік кооперативінің өнімдерін алу үшін тұрғындар таңнан кезекке де тұрды. Өз байлықтарымыздың бірі, «су маржандарын» әуелден-ақ тұрақты түрде тұтынып үйренген тұрғындар сапалы өнімді арзан бәспен алғандарына разы болды.

Елбасы Үндеуі негізінде басталған «Қазақстанда жасалған» акциясы шынымен де отандық тауар өндірушілерге үлкен қолдау болғаны сөзсіз. Жасыратыны жоқ, кейбір жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдеріне қарағанда брендті тауарлар өтімді болатынына қынжылысын білдірген еді. Олай болуы заңды да. Себебі, сөреде бір қатарда тұрған тауарларды таңдай келе тұтынушы жаңасын емес, үйреншікті қолданып жүргенін алатыны белгілі. Шын мәнінде, біздің өнім басқалардан кем түспейтінін мамандар әлдеқашан-ақ дәлелдеп қойған. Бір ғана мысал, құрманғазылық кәсіпкер Айбек Нұрғалиев «Айнадай» белгісімен фосфатсыз, экологиялық таза кір жуғыш ұнтақтарын шығарған кезде кейбір қиындықтарға кезіккенін де жасырмаған еді. «Қазақстанда жасалған» акциясы осы сынды отандық тауарларды тұтынушыға таныстыруға таптырмайтын мүмкіндік болып отыр.

Атырау қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Злила Шопанова мұндай шара тек бизнес өкілдеріне ғана емес, әрдайым сапалы өнім іздейтін қарапайым халыққа да тиімді екенін айтты.

– Бұрынғыдай емес, қазір дүкендер мен сауда орталықтарының сөрелерінде тауардың түр-түрі бар. Шетелден әкелінгені де, өзімізден өндірілгені де жеткілікті. Біз қайткен күнде де алыстан бірнеше күн бойы сақталып келген емес, күнделікті өзіміз көріп жүрген қазақстандық өндірушілердің өнімдерін іздейміз. Ал, тауардың дайындалған мерзімі жақын болса, оның сапасы да жақсы екенін бәріміз білеміз. Сондай-ақ, жергілікті тауарды сатып алу арқылы біз тек экономикамызға көмектесіп қана қоймай, отандық кәсіпорында жұмыс істеп жатқан мыңдаған жанға қолдау көрсетеміз, – дейді ол.    

Айбөпе САБЫРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*