«ҚАЗАҚСТАН – ОРТАҚ МЕКЕНІМІЗ»

 

– Зулай, Қазақстанға неше жасыңызда келдіңіз және келуіңізге не түрткі болды?

-Қазақстанға мен төрт жасымда келдім. Бұл елге келуіміздің себебі, әкемнің жұмыс жасайтын мекемесі Қазақстанға шақыртты. Сосын отбасымыз бірауыздан құптап, көшіп келдік. Қазақстанға барамыз дегенде менде ерекше сезім пайда болды. Біз алғаш Құлсары, содан соң Атырау қаласына келіп қоныстандық.

– Өзіңіз білім алған мектебіңіз туралы айта өтсеңіз…

– Мен Ж.Жабаев атындағы   №21 орта мектебін бітірдім. Мектеп кезінде мектепішілік, облыстық сайыстарға қатысып, алдыңғы орындарды бағындырдым. Ұлттық бірыңғай тестіден жоғары ұпай жинап, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің құқықтану мамандығына оқуға түстім. Ендігі менің болашақтағы арманым – осы саланың мықты маманы болу.

– Қазақ тілін жетік меңгергеніңіз көрініп тұр. Бұған басты себеп не болды?

– Мен қазақ тілін мектеп кезінде үйрене бастадым. Маған қол ұшын созып, көмектескен ұстаздарымның еңбегі деп білемін. Қасымдағы достарымның көбі қазақтар болғаны бір жағынан үлкен көмегін тигізді. Достарымның арқасында қазақ тілін жақсы үйреніп кеттім.

– Сіздер бастарыңызға орамал тағады екенсіздер…

– Әрине, біз орамалды басымыздан тастамаймыз. Қыздарға шалбар және  қысқа көйлек киюге мүлдем болмайды.

– Қазақ салт-дәстүрін ұстанасыздар ма?

– Біз Қазақстанда тұрғандықтан қазақ салт-дәстүрін берік ұстанамыз. Қонақты дастархан жайып, жылы шыраймен қарсы аламыз.

– Шешен елінің ерекше бір салт-дәстүрімен бөлісіп отырсаңыз…

– Шешен елінде жігіт отбасын құрып, қыз тұрмысқа шықса, осы ортада бір ғана той болады. Жас жұбайлар бекетінде тек келін өзі тұрады. Келін жақтан  апасы ғана келеді. Қалған туыстары қатыспайды. Біздің елде  шешен азаматы мен азаматшасы қосыла алады. Басқа елдің тумасына шын ғашық болса да қосыла алмайды. Бізде осы дәстүр қатаң сақталған.

-Биыл Ассамблея жылы, Ата Заңымыздың да 20 жылдығы атап өтілуде. Тәуелсіз Қазақ еліне деген  лебізіңіз?

-Болашақта Қазақ елі осы қалпынан таймай, елдегі тұрғындар қонақжайлығымен бірлік, ынтымақ, достық келісімде болса деймін. Қазақстанның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты жүрген жерімде мақтанышпен айтамын. Осындай елдің басын қосып, өзге ұлттарды да шеттетпей, бәрін бір шаңырақ астына қосып, сүттей ұйытып отырған Ұлт Көшбасшысына зор табыс тілеймін. Елдің болашағы кемел екеніне біз сенеміз. Оны көркейтуге өз үлесімізді қосатын боламыз.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

 Сұхбаттасқан

Диас АЙБАРОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университеті журналистика бөлімінің студенті.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*